• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
12 Қаңтар, 2017

Отандық өнімнің үлесі

6492 рет
көрсетілді

Бүгінде адамзат үшін азық-түлік қауіпсіздігі басты мәселеге айналып келеді. Ғаламшар тұрғындарының саны 7 миллиардтан асып кетті. Алайда, халық саны өскенімен, азық-түлік өндірісі мәз емес. Қазақ­ша айтсақ, «жейтін ауыз» көбей­генімен, экологиялық, табиғи апаттар, жердің тозуы секілді факторлар да азық-түлік өнімін молайтуды тығырыққа тіреп отыр. Тепе-теңдік заңдылығы бұзылуда. «Жер бетінде 1 млрд-қа жуық адам тамаққа жарымай, аштық құрсауында өмір сүруде» деп БҰҰ-ның дабыл қаққанына да біраз жылдың жүзі болды. Әлем жұртшылығы ауылшаруашылық мүмкіндігі бар дамушы елдердің ертеңіне үміт артуда. Бұл тұрғыда Қазақстанның аграрлық әлеуеті әлі толық ашыла қойған жоқ. Бізде өнімнің негізі болғанымен, оны қайта өңдеу ісі енді-енді қолға алына бастады. Статистикаға жүгінсек, елімізде тамақ өндірісімен айналысатын 2,1 мың кәсіпорын тіркелген. Соңғы он жылда азық-түлік тауарларының негізгі түрлері бойынша да өсім байқалады. Мәселен, кейінгі жылдары ұн, ірімшік және сары май өндірісі бұрнағы жылмен салыстырғанда 2 есеге, шұжық өндірісі 3,4 есеге, сүт пен қаймақ, өсімдік майы, макарон және маргарин 2,7 есеге, ал қант 5 және жарма өндірісі 11 пайызға артқан. Аталған салада шамамен 9,2 мың адам еңбек етуде. Бұл – қайта өңдеу саласындағы жұмысшылардың 18 пайызына тең. Дегенмен, ұлан-ғайыр жерінің асты да, үсті де берекелі қазақ мемлекеті үшін бұл көрсеткіш өте аз. Бүгінгі таңда ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу саласы сапалы шикізатқа зәру болса, мәселенің тағы бір жағы – өндірілген өнімнің басым бөлігі қайта өңделмеген күйінде тұтынылуда. Мысалы, қазір өндірілген еттің 21,6 пайызы, сүттің 27,4 пайызы, жеміс пен көкөністің 2,5 пайызы ғана қайта өңделеді. Өйткені, өңдеу кәсіпорындары толық қуатымен жұмыс істей алмауда. Атап айтқанда, майлы дақылдарды өңдейтін кәсіпорындардың қуаттылығы – 37 пайыз, сүт – 62 па­йыз, ет – 63 пайыз, жеміс-көкөніс 34 пайыздың деңгейінде ғана. Оның үстіне, өңдеу саласындағы кәсіп­орындардың техникалық және техно­логиялық жағынан артта қалып қойғаны да рас. Осының салдарынан ішкі нарықтағы бос орынды сырттағы тауар өндірушілер тиімді пайдаланып, өз өнімдерін әкелуде. Әсіресе, сүт, өңделген сүт өнімдеріне зәруміз. Негізі еліміздің ауыл шаруашылығында сүт өнімінің үлес салмағы 17 пайыз мөлшерінде болса, мал өнімдері 38 пайыз құрайды. Бүгінгі күні республика бойынша 1 жылда өндірілген сүттің көлемі 5,2 млн тоннаға пара-пар. Әйтсе де, жан басына шаққанда сүт жетпейді. Мамандар өңделмеген, сапасы төмен сүт ұзаққа шыдамайтындықтан, ха­лық­қа түгел жетпейтінін айтады. Осы­ның кесірінен бізде тұтынылған сүт­ті адам басына есептегенде жылына 260 литрден (медициналық норма 405 литр) ғана айналады екен. Ал Германия, Франция секілді мемле­кеттерде көрсеткіш 490-500 литр. Елі­мізге құрғақ сүттің 83 пайызы, сары майдың 31 пайызы, ірімшіктің 61 пайызы, қоюлатылған сүттің 85 пайы­зы Ресей, Беларусь, Украина және Қырғызстаннан импортталады. Тағы бір айта кететін жайт, Еура­зия­лық экономикалық одаққа мүше бол­ғаннан бері елімізге ет, сүт өнімдері еркін келуде. Бұл отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға итермелейтін шара. Бай­қа­сақ, табиғи май мен қатты ірімшік сатуда отандық компаниялардың даусы бәсеңсіп барады. Мұны сала мамандары импорттаушы компаниялар ірімшік пен майды үлкен көлемде шығаратын болғандықтан, нарықтағы орны да кеңейгенімен түсіндіреді. Яғни, одақтас көршілерде шикізат арзан, демек өнім бағасы төмен, ал шығару көлемі үлкен. Десек те, отандық өнімнің тағдыры ең алдымен оны тұтынатын жергілікті халықтың сұранысына тәуелді екені анық. Ал біз өз өнімімізді өзіміз қан­ша­лықты пайдаға жаратып жүрміз? Мысалға, Алматы қаласы тұрғындары арасында жүргізілген сауалнамаға қатысқандардың 76,6 ­пайызы отандық тауарды тұтынатындарын айтса, 14,6 пайызы ресейлік және қырғыз өнім­деріне құмар екен. Тұтынушылар Ресейден және өзге елдерден келетін өнімдер өзіміздікіне қарағанда қым­бат екенін де мойындайды. Бұл тұрғыда отандық азық-түлік өнімдері импорттық тауарлардан 1,5-2 есе арзан. Мысалға, сарымай 1,5 есе, макарон өнімдері 2 есе төмен. Сондай-ақ, 66,6 пайыз қатысушылар отандық өнімдер импортқа қарағанда сапалы екенін алға тартқан. Әйтсе де, біздің отандық өнімнің сапасы жоғары болғанымен, оны жарнамалау жағы жетіңкіремей жатқан сыңайлы... Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»