«Мен, Кенесары Қасымов, қолға қару алып, ұлы күресті басқаруға аттандым» Хан Кененің Орынбор генерал-губернаторы Обручевке жазған хаты осылай басталады. Қазақ халқына қысымды тоқтату, Сарыарқаны өрмекшінің торындай шырмап тастаған сегіз дуан мен бір-біріне қолдың саласындай жалғасқан бекіністерді жою жөніндегі талабы орындалмаған соң басқа амалы қалмаған еді. Қалың ел қайраттанып атқа қонды, ұлан дала Тәуелсіздік деп ұрандады. Намысты ердің бәрі Ақмолада тоғысты. 1838 жылдың 25 мамырында Ақмоладағы бекіністі тікелей шабуылмен тас-талқан етті. Сол жойқын күрес 27 жылға созылды. 2010 жылы қазақ халқының бүкілхалықтық сипатқа ие болған осы алғашқы ұлт-азаттық көтерілісіне 172 жыл толғанын еске салып, Үкімет басшысына хат жазған едік. Сол ұлы арпалыстың 160 жылдығы қарсаңында Астананың зиялы қауымы атынан бекініс болған жерге ескерткіш белгі орнатып, есіл ерлердің қаһармандығын ардақтайық, бүгінгі және ертеңгі ұрпаққа үлгі етейік деген өтінішіміз аяқсыз қалғанын айттық. «Сіздер, бәлкім елордада Кенесарының ескерткіші бар ғой дейтін шығарсыздар. Алайда, азаттық үшін хан Кенемен бірге қалың ел жан беріп, жан алысқан жоқ па?! Ел тарихындағы ұлы оқиға – алғашқы ұлт-азаттық көтерілісі дара құрметтелуі қажет емес пе?!» дедік. Сол көтерілістің жадымыздағы жаңғырығы басылмасын деп, әлгі бекініс тұрғызылған жерге қайран ерлердің құрметіне белгі қояйық деп 2010 жылы Үкімет басшысына тағы да шықтық. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында осылай елдік танытсақ, екі дүниеде жүзіміз жарқын болар еді дедік. Бұл жолы Астана топырағы есімдері мәңгілік ардақталатын басқа да асылдарымен әйгілі екенін де білдірдік. Солардың бірі ғана емес, бірегейі, аты әлемге мәшһүр, теңдесі жоқ балуан Қажымұқанға да ілтипат көрсетуді өтіндік. Атақты балуан өзінің даңқты жолы жайлы айта келіп, былай дейді: Жиырма төрт патшаны араладым, Балуанды неше таудай жараладым. Жүрегімді жылытқан қызуы мол Туған жердей ыстықты көре алмадым. Сол туған топырағының, Қазақ елінің абыройын жаһанға асқақтатқан Қажекең Отанын шексіз сүйген патриот еді. Ұлы Отан соғысы жүріп жатқанда ғұмыр бойы жинаған қаражатына әскери ұшақ жасатты. Сол ұшақпен қазақ қыраны Қажытай Шалабаев 120-дан астам жауынгерлік тапсырма орындаған. Жаудың талай соғыс техникасы мен жаяу әскерін жойған. Елін сүйген ердің кіндік қаны тамған жер Астанадан алыс емес. 1990 жылға дейін совхоздың шағын бөлімшесі болды, Будапешт аталды. Осы жылы Ақмоланың «Тіл және мәдениет» қоғамына топтасқан азаматтары қайта-қайта көтеріп, ауылға Қажекеңнің атын бергіздік. Сол тұста қалалық партия комитетінде жауапты қызметте болған осы жердің тумасы Қуаныш Ахметбеков өз қаржысына кеудемүсінін орнатты. Ол кезде даңқты атамызға бұдан артық құрмет көрсете алмайтын едік. Даңқты балуанның ата-анасы да осы жерде мәңгі дамылдаған. Зират тозып бітіп, не облыс, не аудан әкімдігі қалпына келтірмей ұзақ жүрді. Осының бәрі көңілді құлазытатын. Қажекеңе Қазақ автономиялық республикасы Орталық атқару комитетінің президиумы берген «Қазақ даласының батыры» деген атақ оған көрсетілген соңғы мемлекеттік ілтипат болғаны ма?! Билікке, қала әкімдігіне осы жайларды айта келіп, теңдесі жоқ балуанға Астанада ескерткіш тұрғызылуын өтіндік. Хан Кене бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің ерлері мен Қажекеңді ардақтау туралы осынау тілегімізге берілген жауап қуантып та еді. «Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс барысында Ақмола бекінісі үшін шайқас орнына ескерткіш белгі орнату және қазақ балуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың атын ұлықтауға бағытталған сауал орынды, – делінген онда. – Алдағы жылдары Астана қаласы бюджетінде қаржы қарастырып, ұлт-азаттық көтерілістің тарихи деректеріне негізделген мүсіндік композициялар мен схемалардан құрастырылған тарихи-мәдени құндылығымен бас қаламыздың мәртебесін көтеретін тақырыптық жобаны және қазақ балуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың ескерткішін Астана қаласында орнату мәселесі қарастырылатын болады». Содан бері алты жыл өтіп, жетінші жылға аяқ бастық. Уәде орындалған жоқ. Бірақ, үміт үзгіміз келмейді. Тұлғаларды, елдің ерлігін ардақтайық. Тарихты жасытпай, келешекті жігерлендірейік деп әлі жүрміз. Алдан СМАЙЫЛ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
•
17 Қаңтар, 2017
Ерлерді ұмытпағаның – елдікті ұлықтағаның
406 рет
көрсетілді