• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
17 Қаңтар, 2017

Ерлерді ұмытпағаның – елдікті ұлықтағаның

406 рет
көрсетілді

«Мен, Кенесары Қасымов, қолға қару алып, ұлы күресті басқаруға аттан­дым» Хан Кененің Орынбор ге­нерал-губернаторы Обручевке жаз­ған хаты осылай басталады. Қа­з­ақ халқына қысымды тоқтату, Са­рыарқаны өрмекшінің торындай шы­р­мап тастаған сегіз дуан мен бір-бірі­не қолдың саласындай жалғасқан бекіністерді жою жөніндегі талабы орындалмаған соң басқа амалы қалмаған еді. Қалың ел қайраттанып атқа қонды, ұлан дала Тәуелсіздік деп ұрандады. Намысты ердің бәрі Ақмолада тоғысты. 1838 жылдың 25 мамырында Ақмоладағы бекіністі тікелей шабуылмен тас-талқан етті. Сол жойқын күрес 27 жылға созылды. 2010 жылы қазақ халқының бүкіл­ха­лықтық сипатқа ие болған осы алғашқы ұлт-азаттық көтерілісіне 172 жыл тол­ға­нын еске салып, Үкімет басшысына хат жазған едік. Сол ұлы арпалыстың 160 жылдығы қарсаңында Астананың зия­лы қауымы атынан бекініс болған жерге ескерткіш белгі орнатып, есіл ерлердің қаһармандығын ардақтайық, бүгінгі және ертеңгі ұрпаққа үлгі етейік деген өтінішіміз аяқсыз қалғанын айттық. «Сіздер, бәлкім елордада Кенесарының ескерткіші бар ғой дейтін шығарсыздар. Алайда, азаттық үшін хан Кенемен бірге қалың ел жан беріп, жан алысқан жоқ па?! Ел тарихындағы ұлы оқиға – алғашқы ұлт-азаттық көтерілісі дара құрметтелуі қажет емес пе?!» дедік. Сол көтерілістің жадымыздағы жаң­ғырығы басылмасын деп, әлгі бекініс тұрғызылған жерге қайран ерлердің құрметіне белгі қояйық деп 2010 жылы Үкімет басшысына тағы да шықтық. Тәуелсіздігіміздің 20 жыл­дығы қарсаңында осылай елдік та­нытсақ, екі дүниеде жүзіміз жарқын бо­лар еді дедік. Бұл жолы Астана топырағы есімдері мәңгілік ардақталатын басқа да асылдарымен әйгілі екенін де білдірдік. Солардың бірі ғана емес, бірегейі, аты әлемге мәшһүр, теңдесі жоқ балуан Қажымұқанға да ілтипат көрсетуді өтін­дік. Атақты балуан өзінің даңқты жолы жайлы айта келіп, былай дейді: Жиырма төрт патшаны араладым, Балуанды неше таудай жараладым. Жүрегімді жылытқан қызуы мол Туған жердей ыстықты көре алмадым. Сол туған топырағының, Қазақ елінің абыройын жаһанға асқақтатқан Қажекең Отанын шексіз сүйген патриот еді. Ұлы Отан соғысы жүріп жатқанда ғұмыр бойы жинаған қаражатына әс­ке­ри ұшақ жасатты. Сол ұшақпен қазақ қыраны Қажытай Шалабаев 120-дан астам жауынгерлік тапсырма орындаған. Жаудың талай соғыс техникасы мен жаяу әскерін жойған. Елін сүйген ердің кіндік қаны тамған жер Астанадан алыс емес. 1990 жылға дейін совхоздың шағын бө­лім­шесі болды, Будапешт аталды. Осы жылы Ақмоланың «Тіл және мә­дениет» қоғамына топтасқан азаматтары қайта-қайта көтеріп, ауылға Қажекеңнің атын бергіздік. Сол тұста қалалық партия комитетінде жауапты қызметте болған осы жердің тумасы Қуаныш Ахметбеков өз қаржысына кеудемүсінін орнатты. Ол кезде даңқты атамызға бұдан артық құрмет көрсете алмайтын едік. Даңқты балуанның ата-анасы да осы жерде мәңгі дамылдаған. Зират тозып бітіп, не облыс, не аудан әкімдігі қалпына келтірмей ұзақ жүрді. Осының бәрі көңілді құлазытатын. Қажекеңе Қазақ автономиялық республикасы Орталық атқару комитетінің президиумы берген «Қазақ даласының батыры» деген атақ оған көрсетілген соңғы мемлекеттік ілтипат болғаны ма?! Билікке, қала әкімдігіне осы жайларды айта келіп, теңдесі жоқ балуанға Астанада ескерткіш тұрғызылуын өтіндік. Хан Кене бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің ерлері мен Қажекеңді ардақтау туралы осынау тілегімізге бе­ріл­ген жауап қуантып та еді. «Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көте­ріліс барысында Ақмола бекінісі үшін шайқас орнына ескерткіш белгі орнату және қазақ балуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың атын ұлықтауға бағыт­талған сауал орынды, – делінген онда. – Алдағы жылдары Астана қаласы бюджетінде қаржы қарастырып, ұлт-азаттық көтерілістің тарихи деректеріне не­гізделген мүсіндік композициялар мен схемалардан құрастырылған тарихи-мәдени құндылығымен бас қала­мыздың мәртебесін көтеретін тақырыптық жобаны және қазақ балуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың ескерткішін Астана қаласында орнату мәселесі қарастырылатын болады». Содан бері алты жыл өтіп, жетінші жылға аяқ бастық. Уәде орындалған жоқ. Бірақ, үміт үзгіміз келмейді. Тұл­ғаларды, елдің ерлігін ардақтайық. Тарихты жасытпай, келешекті жігер­лендірейік деп әлі жүрміз. Алдан СМАЙЫЛ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты