• RUB:
    5.61
  • USD:
    479.4
  • EUR:
    522.93
Басты сайтқа өту
25 Наурыз, 2011

№1 аралық есеп бекітілді

374 рет
көрсетілді

Кеше Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысы өтті. Отырыста ЕҚЫҰ  Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының 3 сәуірге тағайындалған кезектен тыс президенттік сайлауын бақылау жөніндегі  1-14 наурыз аралығындағы №1 аралық есебін бекіту туралы хаттамалық шешім қабылданды. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ. Орталық сайлау комиссия­сы­ның төрағасы Қуандық Тұрған­құ­ловтың мәлім етуінше, құжат­ты ЕҚЫҰ/ДИАҚБ  21 наурызда жария еткен. Ол 12 бөлімнен тұрады, оның негізгі бөлігінде сайлаудың құқықтық базасына қысқаша шолу жасалған. Сон­дай-ақ құжат кезектен тыс президент сайлауына байланысты әкімші­лен­діру жүйесі, кан­ди­дат­тар­ды ұсыну мен тіркеу тәртібі, бұ­қа­ра­лық ақпарат құралдары­ның қыз­меті, азаматтардың арыз-ша­ғым­дарын қарау тәртібі мен проце­ду­ралары, байқау­шы­лар қызметінің құқықтық негіздері сияқты бір­қатар мәселе­лер­ді қамтиды. Есеп негізінен ақпараттық бейтарап сипатқа ие. Онда Ор­та­лық сайлау комиссиясының сай­лау­ға әзірлену мен оны өткізу жұ­мыстарын жақсы жүргізіп жат­қандығы, ОСК өзінің мәжі­ліс­терін тұрақты түрде өткізіп, оны қоғамға барынша ашық ұй­ымдастырып жүргендігі айтыл­ған. Есептің мәліметтері бойын­ша, ОСК журналистермен сай­лау­ға байланысты брифингтерді де тұрақты өткізіп, ақпараттық веб-сайтына мәліметтер орна­лас­тырып отырады. – Халықаралық ұйым мис­сиясының есебінде сайлауды ұй­ым­дастырушыларды оқыту, сай­лау­шыларды сайлаудың өтетін­ді­гінен хабардар ету мақсатында жүргізіп жатқан жұмыстары да жақсы бағаланған, – деді ОСК басшысы Қ.Тұрғанқұлов осы ту­ралы. – Есепте сарапшылардың сайлауды ұйымдастыруға байла­ныс­ты сыни көзқарастары да жа­рияланған. Олар Лингвистика­лық комиссияның жұмысы мен Комиссия мүшелерінің президенттікке үміткерлердің мемлекеттік тілді білу деңгейін баға­лауы, кандидаттардың ақпарат құралдарына теңдей қолжетім­ді­лі­гін қамтамасыз етуі және ақ­парат құралдарындағы кандидаттар туралы материалдардың жариялануы сияқты сан түрлі мә­селелерді қамтиды. Сарап­шы­лар тарапынан берілген сыни ба­ға­лардың арасында нақты фактілермен дәлелдеуді және сай­лау­ға қатысты заңдар мен халық­ара­лық талаптардың нақты бап­тарына сілтеме жасап, дәлел­деу­ді қажет ететін мәселелер де бар. *  *  * Кеше Орталық сайлау комиссиясы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуымен кезектен тыс президент сайлауына байқаушы ретінде қатысатын халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің  328 байқаушысын тіркеді. ОСК мүшесі Татьяна Ох­лоп­кованың хабардар еткеніндей, бүгінде кезектен тыс президент сай­лауына  тіркелген байқау­шы­лардың жалпы саны 868-ге жетті. Олардың арасында ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының миссиясынан – 335, ТМД миссиясынан  – 375, ШЫҰ миссиясынан – 12,  төрт халықаралық ұйымнан – 22, шет мемлекеттерден  124 байқаушы бар.