М.Әуезов атындағы академиялық драма театры кезекті «Театр көктемі – 2011» фестивалін биыл КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ыдырыс Ноғайбаевтың 80 жылдығына арнамақ.
Жыл сайын Наурыз мерекесі мен 27 наурыз халықаралық театр күніне орай ұйымдастырылатын, жаңа қойылымдар фестивалі осымен 12 рет өткелі отыр. Бұл шара – театрдың бүгінгі бағыт-бағдарын анықтауға, репертуар саясатындағы өзіндік ізденістер мен драматургия, режиссура, актер өнеріне шабыт беріп, олардың жаңа қырынан танылуына мүмкіндік береді», – дейді театр директоры Есмұхан Обаев.
Сонымен қатар, ол биылғы шарада актерлік шеберлікке аса мән берілетіндігін және 5 аталым бойынша марапаттау рәсімі өтетіндігін айтып өтті. Сондай-ақ, мәдениетке қолдау көрсетіп, театр жайында үнемі жазып жүрген журналистер де марапатқа ілінетіндігін жеткізген. – Биыл Ы.Ноғайбаевтың туғанына 80 жыл толады. Сол мерейлі тойдың беташарын осы фестивальмен бастап, күзге қарай театрымызда өткізбекпіз. Ол кісі қазақ киносын, Әуезов театрын әлемдік деңгейде танытқан көрнекті актер, деді журналистерге берген сұхбатында.
Сонымен жаңа қойылымдарды сарапқа салып, театрдың бүгінгі бағыт-бағдарын анықтауға, репертуар саясатындағы өзіндік ізденістерге, драматургия, актерлік өнердің бүгіні мен ертеңін зерделеуге септесетін «Театр көктемі-2011» фестивалі де басталып кетті.
28 наурызға дейін өтетін фестиваль репертуарында М.Әуезовтің «Абай» (реж. Е.Обаев) мен «Еңлік-Кебек» трагедиясы (реж.Хұсейін Әмір-Темір), Н.Гогольдің «Үйлену» (реж. В.Захаров), Ә.Рахимовтың авторы да, режиссері де өзі «Қылмыскерге куәлік», Е.Жуасбектің «Күлеміз бе, жылаймыз ба?» (реж. М.Ахманов) комедиялары бар.
Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.