• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Наурыз, 2011

Тәуелсіздік көзімен

1459 рет
көрсетілді

ХХІ ҒАСЫР ТАРИХИ РОМАНЫНЫҢ ҮРДІСТЕРІ ХХІ ғасыр қарсаңында қазақ тарихи романы ұлтының өткен-кеткені жай­лы нағыз уыз шындықты қара қыл­ды қақ жарғандай етіп суреттей бас­тағанын үнемі айтып та, жазып та жүрміз. Міне, бұл елеулі үрдістен дү­ние­ге Тәуелсіздік көзімен қарайтын жа­ңа әдебиеттің пайда болғаны айқын көрінеді. Кеңестік дәуірде әдебиетіміз то­та­ли­таризм­нің зілмауыр идеологиялық қысымына төтеп бере отырып, үнемі халық қозғалысының алдыңғы са­пын­да болғаны, дүние жүзі қабырғалы әде­биеттерінің қатарына қосылғаны мә­лім. Бұл ретте Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі», Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлке», Әбдіжәміл Нұрпейі­сов­тің «Қан мен тер», Ілияс Есен­бер­линнің «Көшпенділер» атты жаһанға әйгілі шығармаларын ауызға алсақ та жеткілікті. Ресми идеологияға қайшы озат ой, әділ көзқарас күрделі көркем образ тілімен жеткізілді. Әрине, бо­дандық жағдайында көп шындықтың қозғаусыз қалғаны да белгілі. Нарық пен демократия дәуірі тарихи романның шүбәсіз таза шындықты бұрынғыдай бүгежектемей, астарламай барынша ашық айтуына толық мүмкіндік беріп отыр. Және бодандық бұғауынан құтылып, емен-жарқын за­манға, тәуелсіздігімізге қол жеткізуіміз көп нәрсеге көзімізді ашты. Сол үлкен биіктен бұрын көрмегенімізді көр­дік, білмегенімізді білдік. Өткен ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ірі туындылары, атап айт­қанда Болат Жандарбековтің орыс тілінде жарық көрген «Саки» (1993), Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» (1994, 1996), Қалмұқан Исабаевтың «Шоң би» (1993), Рамазан Тоқ­та­ров­тың «Абайдың жұмбағы» (1999), Бал­ғабек Қыдырбекұлының «Алатау» (1986, 1991), Жанат Ахмадидің «Дүр­бе­лең» (1990), «Шырғалаң»(1997), Хасен Әдібаевтың «Отырар ойраны» (2001), Софы Сматаевтың «Елім-ай» (1976, 1980, 2003) атты, т.б. ро­ман­дары ұлтымыздың өткен жолын бар қалпында дұрыс көрсетуге, тари­хы­мыз­дың сабағын дербес ел игілігіне ба­ғыштауға барын салды. Тоқсаныншы жылдардың тарихи ро­мандары кеңес кезеңінің туын­ды­ла­рында орын тепкен тап қырқысы, қай­сыбір тарихи фактілерді боямалау секілді кінәраттардан аулақ қонысқа қо­нуға тырысты. Дені жоңғар бас­қын­шы­ларына қарсы Отан соғысын бейнелейтін романдар ұлт-азаттығы идея­сын шығармаларының алтын арқауы етті. «Қазақ» және «Шындық» сөздері тоқ­саныншы жылдарғы қазақ ро­ман­да­рының жетекші, ұйытқы сөзіне («ключевые слова») айналды. Ал жа­зу­шы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің Арал теңізінің тартылуы қазақ, өзбек то­пы­рағын ғана емес, бүкіл жер шарын жұтатып отырғаны бүгінгі бет қарат­пай­тын шындық екенін көрсететін «Соңғы парыз» романы (1999) ұлттық проблеманы жаһандық проблемаға ұластырудың үлгісі бола алады. Енді басталған ХХІ ғасырда көр­кем әдебиетіміз тәуелсіздік туын кө­терген алғашқы жылдар табысына ар­қа сүйей отырып, олқылықтардың ор­нын тол­ты­ра түсуде. Көненің көп сыр­ларын ақ­таратын Кәдірбек Сегіз­бай­дың «Бе­лас­қан» (2001), Тұрсынхан Зә­кен­ұлының «Көк бөрілердің көз жасы» (2003) ро­мандары, т.б. біршама туын­дылар он томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы. Тәуелсіздік кезеңі. (1991-2­0­0­1)» деген М.О.Әуезов атындағы инс­титуттың іргелі еңбегінде кеңінен талданды. Тарихи шығармалардың ендігі жа­ңа тобы, атап айтқанда жазушылар Ұзақбай Доспанбетов пен Жанат Ах­ма­дидің бірі тетралогия, екіншісі трилогия іспетті жанрда жазған, тағы да қазақ тарихындағы ең бір қасіретті уақытқа, халқымызды екі ғасыр бойы аттан түспей соғысуға мәжбүр еткен жоңғар шапқыншылығы оқиғаларына арнаған туындылары да көзі қарақты оқырман назарына ілігіп үлгерді. Сын­да ізденімпаз, ысылған шебер жазу­шы­лар аталып жүрген бұл қалам­гер­лердің шығармалары бірін бірі және осы тақырыптас, бұрын дүниеге келген романдарды қайталамайды. Мате­риа­лы тың, сурет, образы өзгеше сом­далған. Бүгінде жетпіс жасқа келіп отыр­ған жазушы Ұзақбай Доспанбетовтің бірінші кітабы 2004, екінші кітабы 2008 жылдары жарық көрген «Абы­лай­дың ақ туы» атты екі кітаптан тұ­ратын тарихи романы ертеректе жарық көрген «Қызыл жолбарыс» (2000) роман-дилогиясының заңды жалғасы. Мәселе туындының іргетасы қа­зақ­тың жалайыр тайпасының тағдырын суреттеуге бағышталған материалдан қаланғандығында ғана емес. Тетралогия үлкен панорамалық сипат алған. Романның эпикалық құлашы мейлінше кең. Жазушы Ұзақбай Доспанбетов шығармасының бұған дейінгі біршама тарихи, тарихи-өмірбаяндық туын­ды­лар­дан өзгешелігі, аталған тақырыпты сол кездегі қырық ру – қырық құрақ Қазақ елі трагедиясын жан-жақты су­рет­теумен бірге, басқыншылыққа са­лын­ған, содан барып сорлаған Жоң­ғария мемлекетінің жер бетінен жо­ғал­ған трагедиялық тағдырын қоса саралап қорытады. Қазақ әдебиетінде тарихи жанр тә­уелсіз ел-жұртымыздың ұлттық сана-се­зімінің ересен өсуіне байланысты да­мыды. Халық басынан не өтпеді? Бұ­йырған ризығын сақтап қалу үшін алыс­ты, жұлысты. Сан ғасырлық тірлігінде жеңілді, жеңді. Халқымыз өз та­рихын өзі жасады. Ата-бабамыздың сол қиямет қиын жолда көрсеткен қайрат-жігері енді бүгін бізді рухтандыруда. Қазақ халқы «Бірлік болмай, тірлік болмайды» дейді. Даналық сөз сол ауыр кезеңдерде туып, ел жүрегінде жат­тал­ған. Алайда, жатталғанымен, дұрыстап хатталмады. Бірлік идеясын іске асы­руға келгенде қазақ тым бейқам болды. Доспанбетов шығармасы алғы бетінен соңғы бетіне дейін осы жәйтті мейлінше тәптіштейді. Үш жүз боп бірігіп, қалмақты талай рет ойсырата жеңуін жеңеді-ау. Бірақ артынша ру дау-да­майының ескі әні қайта басталады. Қы­рық пышақ ру басылары, хан-сұл­тан­дары, би-батырларының басы бірігіп болмайды. Уақытты ары тарт, бері тарт күндестікпен өткізеді. Халықтың сол қым-қиғаш, алма­ғайып жай-күйін суреттеу үшін қыруар материал керек. Ұзақбай Дос­пан­бе­тов­тің тетралогияны жазар алдында да­йындық жұмысын аса бір ыждағат­ты­лықпен жүргізгені байқалады. Ол ел жадында сақталған әңгіме, аңыздарды мұқият жиюмен қатар, Алматы, Тал­ды­қорған, Шымкент, Мәскеу қалаларын­дағы мұрағаттарда сарылып көп ізденген. Бай дерек жинақтаған. Мұның өзі жоңғарға қарсы Отан соғысының бүге-шігесін, ерекшеліктерін Ұзақбайдың романының қызықты, дәмді етіп жеткізуіне негіз болған. Қайсыбір шығар­ма­ларда қазақ сарбаздары 1941-45 жыл­дарғы Ұлы Отан соғысы кезіндегідей оп-оңай әскер боп топтаса қояды ғой. Мұндай рет-мөлшері солай болар-ау деп топшылап суреттеуден Доспанбетов тетралогиясы мүлде ада. «Аңырақай» атанған шайқаста қазақ үш жүз боп бірігіп соғысып, жауын ойсырата жеңеді. Бірақ жеңістің жемісін пайдалана алмауы салдарынан бо­дандықтың қамытын тағы да киюге мәж­бүр. Алақайлап бөрікті аспанға ата­тын қуанышы ізінше бас шайқатар мүш­кілдікке ауысады. Аңырақай шайқасы Ұзақбай ро­ма­нына қарағанда қазіргі карта бойынша Жамбыл облысындағы Хантаудың бергі шығыс бетінде Шу мен Отар стан­са­сының аралығындағы алқапта өткен. 1728 жылдың жазында Ордабасы атты тоқпақтай ғана тау маңайында исі қазақтың жақсы мен жайсаңдары, хан­да­ры, биі мен батыры, шешені мен кө­семі бас қосады. Бұл енді Бадам өзе­нінің төменгі сағасына таяу жер. Бадам мен Боралдай қосылып Арыс өзеніне айналатын тұс. Сол кеңесте Әбілхайыр хан үш жүздің біріккен күштерінің қолбасшысы болып тағайындалады. Енді романның мына бір жолдарына үңілелік. «Тіпті басқаны қой, сол Әбіл­қа­йыр­дың өзі шыққан алшын елінің бұрынғы кемеңгері, бұл күнде жаны жәннаттағы Әйтеке би Бәйбекұлының о дүниеге аттанар сәтінде: «Мен Әбілқайырдан тү­ңіл­дім. Кіші жүзге басқа көсем керек» деген өсиеті қайда қалды? Осындағы ұлы жүз, үйсін елінің бүгінгі ғұламасы Төле бидің «түлкі тұмсық жан екен, Әбілқайырға сенім арту шалалық» деген әулиелігі неге тәрк етілді? Енді сол Төле бидің, үш жүздің ұлы ханы Болат­тың ұйытқысымен Жетісу мен Арқадан, Қаратау бойы мен Сырдариядан, Жайық пен Арал ойысынан ат арытып жеткен дуалы ауыздардың сол бір талайдың тұлабойын мұздатқан Әбілқайырды бас­тарына моншақ етіп көтергендері не сасқандары? Қай сайтанның азғыруы­мен жүзеге асқан шаруа? Ата жауға қар­сы күресте еркек кіндіктінің делебесін қоздыра білген Шақшақ Жәнібек, Қара­керей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, алшын Тайлақ, Есет, үйсіндегі Саурық, Саңырық, Хангелді сынды сақа батыр­лардың ауызға ілікпеуіне не себеп?» («Абылайдың ақ туы». Алматы. 2004). Бұл Есенгелді бидің монолог-толғақ­тарының бірі. Қойған сауалының жауа­бы тағы да сол баяғы бірлік мәселесіне тіреледі. Романның әр тұсынан көрін­ге­нінде Әбілқайыр хан ылғи бір қазақы­лыққа жараспайтын қараниет қылы­ғымен көзге түседі. Өздері титықтап, Жетісудан тоз-тоз боп жеткен Жарықбас Есентүгел би басқарған жалайыр-балға­лыларын қан қақсатып шабады. Төле би Әбіл­хайыр ханға екі дүркін хат жаз­ғанда ғана әрең деп тұтқын қылған жа­лайырларды бо­сатып, айдап әкеткен малын қайта­рады. Қарапалпақтардың да қолтығына су бүркіп, қазақ бос­қын­дарын әлсін әлі тонататын да осы ал­шындар көсемі екені анықталады. Аңырақай шайқасында, басқа да соғыстарда жан алып, жан беріп жүр­гендер – кілең қазақ батырлары. Ақ­сүй­екпіз деп бәлсінетін Барақ сұлтан Аңырақай шайқасында абыройсыздық­қа ұшырайды. Өзі басқарып шыққан жар­ты мыңдықтан «көз жазып» қалады. Әлгі жарты мыңдық маңдайдан перген зеңбірекке қарамай соғысады. Қал­мақ­тарды тықсырып қуып береді. Сол күні ғой «жауды қара қашырды, батыр атақ Барақта қалды» деген мақал туып, ауыз­дан ауызға көшкені. Романды оқып отырғаныңда тағы бір ой келеді. Жер ыңғайы жағынан қа­зақ Ресейге жоңғардан әлдеқайда жа­қын. Бірақ байланысы ата жауымыз­дан пәс. Қазақ сырт дүниеде не болып, не жатқанынан хабардар-ақ шығар. Бірақ от қарумен қаруланған жоңғар құрлы болмағаны қалай. Шведтер қалмаққа қы­рықтан астам зеңбірек жасап береді. Орыс­тан алған мылтығы және бар. Осын­дай қарудан қазақ хандықтары неге мақұрым қалған? Барға шүкір, жоққа сабыр деп отыра беруге де болмайтын еді ғой... Рас, жауынгер қазақ ақыры зең­бі­ре­гі, от қаруы бар жоңғарды елден түріп шығарады. Ерлігі бір басына жетерлік. Бір кезде қазақтың ханзадасы Жәңгір 600 сарбаз қолмен Батыр қон­тай­шы­ның 50 мың әскерімен айқасады. Жа­лаңтөс баһадүр 20 мың жасағымен кө­мекке келгенде қонтайшы амалсыз кейін шегінеді... Тарихи роман – халық өмірінің өт­кен-кеткенінің айнасы. Халықтың бел­гілі­ бір дәуірдегі көркемдік эпопеясы. Осыны көкейіне мықтап қондырған жа­зу­шы ел-жұрт тірлігін жан-жақты көр­сетуге ұмтылады. Ұлы тарихи бетбұ­рыс­тардың жаңғырығын хан, батыр, би­лер­дің ғана емес, қарапайым адам­дар­дың күнделікті өмірінен аулауға тырысады. Ұзақбай романының бірлік туралы идеясы шығарманың сюжеттік қаты­нас­тарынан табиғи туындайды. Және оның әр жерінен тігісі жатық күйінде кө­кейіңе қона кетеді. Өйтетіні тәуелсіз елінің бүгінгі зәрулігімен үндес. Роман тақырыбының «Абылайдың ақ туы» аталуында терең мән бар. Солай аталса да бұл шығарма Абылай хан ту­ралы өмір тарихтық шығарма емес. Роман оның Сабалақтан сұлтан, сон­соң хан­ға дейінгі өсу белестерін суреттейді десек те, Абылай – шығарманың Төле би, Әбілхайыр хан, Ескелді би, Бал­пық ба­тыр секілді көрнекті ке­йіп­керлерінің бірі ғана. Ал, романның «Абы­лайдың ақ туы» аталуының жөні бір басқа. Бейнелі сөздің, біздіңше, рәміздік белгісі бар... Өткен ғасырлардың өлшемінде ба­тырлық – үлкен мәртебе. Сол ерлік дра­матизмінің кейіпкері Абылай романда өзгеше бөлек реңк алған. Мұрты жа­ңа тебіндеп келе жатқан жас жігіт «Абы­лайлап» Шарыштың басын дома­латуға аттанғанда да, содан кейін Болат ханның мұрагері Әбілмәмбеттің көзін­ше «...Абылай! Абылай! Абы­лай!» деп үш қайтара айқайлап, алда со­ғысып жат­қандардың арасына күмп беріп қо­йып бергенде де ерекше рә­міздік құ­былыс белгі береді. Қазандай қайнаған топырдың арасына не өмір, не өлім деп кірген сәтте тағы да Абы­лайдың «тө­бе­сіндегі ақ қанатты құс сияқтанған белгісі қайта белгі берді. Ақ құс па, жоқ ту, ту, ақ ту...» («Абы­лай­дың ақ туы». Екінші кітап). Рәміздік (символдық) белгі деп отыр­­ғанымыз осы ту. Тіпті ту деп тұс­пал­дау да аздық етеді. Бұл енді эсте­тикалық категорияға жататын образ. Тұс­палмен де (аллегория) орайластығы бар. Бірақ оның дәл өзі емес. Рәміз, символдың сан қырлы мән-мағынасы көркем шығар­маның нақтылы контексіне байланысты ашылмақ. Ұзақбай ро­ма­нында суреттелетін жойқын қыр­ғында Абылайды қорғап, сақтап жүре­тін мифологиялық образ қазақ ұғы­мындағы кие бейнесіне жақын. Абылай аң аулап жүргенде қал­мақтың қолына түсіп қа­лады. Қалдан-Серен күйеу балам Ша­рышты өлтірдің деп қатты ашу үстінде Абылайдың маңдайына қарай алтын балдақты сала құлаш қылышын сілтеп кеп жібереді. «Абылайдың төбе­сіндегі ақ құс сияқ­танған бірдеме жарқ етіп, ке­секөл­де­нең­деп қылышты тіреп қала­ды». Мұндайды қазақ киесі қақты дейді. Романның соңғы беттерінің бірінде «Абылайдың ақ туы әрдайым тігінен тұр­са қазақ адаспайды!» делінген. Адас­­паудың шарты Абылайдың арманы түрінде тұжырымдалған. Қазіргі біздің ұғымымыздағы тілмен айтқанда, бағдарлама іспеттес. «Бірінші арманым, – дейді тұт­қын­дағы Абылай хан, ...орыстарша қала салып, отырықшы етіп қазақты біріктіре алмадық...екіншісі, қазаққа жер емшегін емізе алмадым... Үшінші арма­ным, Шарышша қан майданда өлмей, қапыда қолға түсіп өлдім-ау деп қан жылағаным. Төртіншісі, қазақ пен қал­мақ тілі бір, тұрмысы бір халық, дініміз басқа болғанмен құдай біреу ғой, сол жағын қалмақтарға ұғындырып, бір жа­ғымыз орыс, бір жағымыз қытай, солардан бірлесе қорғануға иліктіре алмадым деп армандаймын!». Еліне аман-есен қайтып оралған Абы­лай хан ол арманын жүзеге асыруға тырысқан да шығар. Бірақ қалай? Міне, бұл мәселе көмескі қалады. Абылай ханның нағыз күшіне енген жылдары тым асығыс баяндалған. Романның аяқ­тамасы, финалы хабарлама стиліне көш­­кен. Кейіпкерлерінің ақыр демінің қашан таусылғаны жайлы ақпардан аспайды. Абылай мен Ескелді бидің монументтік бейнелеріне жарықшақ түсі­ретін қысыр әңгімеге беріліп кеткендік те байқалады. Абылай мен Ескелді би бір-бірімен дүрдараз боп, қайтып көріс­пей қояды. Сонда не үшін кетіскен? Оқыста қолды болған бір қыл­құй­рық­тың дауына бола! Бүйтіп ұсақтау Абы­лайдай алып тұлғаны былай қойған­да, «өзіміз жығылсақ та туымыз жығыл­ма­сын!» деп ұран тастайтын Ескелді бидің ірілігіне де нұқсанын тигізіп тұр. Қысқасы тетралогияның түйіні түйінделмей қалған. Ал ондай қоры­тын­­дыға лайық эпизод «Абылайдың ақ туының» өзінде жетерлік. Жоңғармен алыса-алыса шаршағанда, әлдебір са­ры­уайымға салынған әнеу бір жылдары Төле би өз өкімімен жалайыр Өтеген Сәбденұлын, дулат-жаныс Өтеген Өте­ғұлұлын «Жерұйық» іздеңдер деп жа­һан кезуге аттандырған болатын. Бұлар Әмудария жағалауынан бастап Ауған­стан, Кавказға дейін дүниенің жерін шарлап қайтады. Сол қос Өтегеннің екі жылдан соң елге оралып, жасаған баян­дамасын тыңдап отырып, Төле би келешек ұрпақтың жадында мәңгі сақ­талатын сөз айтады. «Ағайын-туған! Қарындас ел! Алты алаштың азаматтары! Мына жарты әлем­­нің тау мен тасына табандарын тоз­дырған мұзбалақтарымыз дұрыс ай­тады! Жердің құты Алатау мен Қаратау! Одан әрідегі Жетісу! Жердің құты, жерұйық дегеніміз, міне, солар! – деп Төле би саңқылдағанда зеңгір көк әй­нек­ше шытынап, ойдан-қырдан жиыл­ған дүйім көптің төбесіне құлап түсер­дей әсер қалдырған». («Абылайдың ақ туы». Екінші кітап). Тетралогияның аяқтамасын Төле бидің осы толғанысымен бітірсе, исі қа­зақтың ел мен жерге деген перзенттік сүйіспеншілігін жырлайтын шығарма­ның пафосы, сөз жоқ, орнын табар еді. Жалпы алғанда Ұзақбай Доспан­бе­товтің романы – әдебиетіміздің соңғы жылдарының татымды табысы екенін айтуға тиістіміз. Роман қазақ тілінің бай қорымен қоректенген. Жазушы өткен ғасырлардың тілдік, стилис­ти­ка­лық қа­зы­насындағы асылды термелеп, көне­ріп, көмескіленіп бара жатқан ар­хаи­ка­ны бүгінгі тіліміздің кестесіне үйле­сімді енгізіп қайтадан жарқырата түс­­кен. Мәселен, «жаны түкке арзы­май­ды» деген көненің еш сөкеттігі жоқ. Қайта «тұрмайды» деген етіс­тіктің синонимдік қатарын көбейтіп, жарасымды естіледі. Құр ділмарлыққа салыну, шешен сөзді орнымен қолданбау көркем про­заға абырой әпермейтіні белгілі. Ал қазақтың шешендік сөздері билер ау­зынан төгілгенде сұлу шырайлы, төкпе, тасқынды, терең сырлы қасиетін өрлете түспек. Жазушы Ұзақбай Доспанбетов иесін тапқан тіл типтендіру құралы ретіндегі рөлін ойдағыдай ойнайтынын жақсы түсінген. Ұзақбай Доспанбетов – кең өрісті, панорамалы, зерттелуі қапысыз, жаңа­лығы мол шығарма тудырып, мына төрт кітабымен қазақтың тарихи романы қорына елеулі үлес қосқан. Туған әдебиетімізде Қазақ елінің жоңғар шапқыншылығына қарсы Отан соғысы туралы жазылған роман, повесть, поэма, әңгіме, драмалардың бас-аяғын жинаса, қазір тұтас бір кітап­хананы құрайды. Осы кітапхана мына жаңа басталған ХХ1 ғасырда толыса түсуде. Аталған тақы­рыпта жазушы Жанат Ахмадидің бірінің соңынан бірі қатарынан үш шығармасы: «Есенгелді би» (2004), «Жарылғап би» (2008), «Ай­­тұмар» (2009) атты романдары жарық көрді. Жанат Ахмади – республикамыздың жұртшылығына аты әйгілі жазушы. Оның «Дүрбелең», «Шырғалаң» роман­дары ХХ ғасырдың аяғындағы бірқатар көрнекті туындылардың қалқасында қа­лып қойған жоқ. Шығыс Түркіс­тан­дағы қазақ. ұйғыр, қырғыз сияқты аз ұлт­тардың гоминданға қарсы ұлт-азат­тық күресін алып-қоспасыз бар шын­ды­ғымен, өзге тілдің нілі жұқпаған, қа­зақтың бәз-баяғы тау суындай мөлдір, саф ауадай таза тілімен ерекшеленіп, жұртшылық қауым тарапынан бір ауыз­дан тәуір баға алып та үлгерді. Жанат Ахмади жаңа ғасырда жарық көрген романдарының сәулесін сонау өткен замандардың тарихына түсірген. Уақыт жағынан үлкен шегініс жасап, жоңғарлардың Қазақ еліне жасаған қан­ды жорықтарында шыңдалған би, ба­тыр­ларымыздың жарқын бейнелерін жа­саған. Жазушының бұл туындылары да жылы лебізге ие бола бастады. Сын өлкесі жазушының сөз өнеріне ұста­лығы артпаса кемімегенін айырықша атап көрсетуде. «Есенгелді би», – шығарма ата­лы­мы­ның өзі айтып тұрғандай, тарихи романның өмірбаяндық түрі. Тарихи тұлғаның өз уақытындағы халық өмі­рінің белді-белді оқиғаларына арала­суын, замандастарымен қарым-қаты­насын, жеке тұрмысын көркем сурет дәрежесіне көтеріп бейнелеген. Роман оқи­ғаларының қайнаған ортасында жүр­­­ген Есенгелдімен қатар, оның за­ман­дастары Төле би, Қаздауысты Қа­зыбек би, Абылай хан, Қаракерей Қа­бан­бай, Қанжығалы Бөгенбай, Керей Жә­нібектермен бірге, қытай елінің им­ператорына дейін көз алдымызға алып келеді. Соның нәтижесінде қоғамдық мән-мағынасы, саяси күші, актуальділігі қазіргі заман шығармасынан кем соқ­пайтын дүние туған. Есенгелді би – әрі батыр, әрі би. Оның үстіне жауырыны жерге тимеген балуан. Әкесі Құдайназар батыр, апасы Күләйім бір топ ауылдастарымен бірге тұтқиылдан бас салған қалмақтардан қа­шып үдере көшкен тар кезеңде тос­қауыл құрып, жаудың алдын бөгеп, ерлікпен қаза табады. Бұл кезде – Есенгелді бес жасар бала... Қазақ елі ата жа­уымен екі ғасырдан астам аттан түспей ай­қасқан ғой. Есенгелді де талай до­даның ащы дәмін татып үлгереді. Қа­зақтың бас батыры Қаракерей Қа­бан­байдың сеніміне ие болып, нешеме сұ­рапыл жекпе-жекте жаудың айтулы ба­тырларын жер жастандырады. Есенгелді батыр ретінде романның экспозициясында, соншама ерлік көр­се­тіп жүрген кім дегізетін кіріспе бөлі­мінде көрінеді. Шығарманың қал­ған бөлігі Есенгелді бидің қоғамдық қайрат­керлігін, кісілік келбетін кестелеуге ар­налған. Және мұның өзі сюжеттің ар­қауы бола отырып, Қазақ елінің тірлігіне қатысты үлкен проблемаларды қоз­ғайды. Әсіресе, бірімен бірі тығыз бай­ланысты екі проблеманы бөліп айтуға керек. Бірі – ел бірлігі, екіншісі – қазақ жолы мәселелері. Қазақтың өзіндік дәстүрі, дара қасиеті хақында талай қызықты әңгіме шертіледі. Қазақ руларын, тайпаларын біріктіріп басын қосқан күш бір Құдай да, содан соңғысы Отан үшін, туған жер үшін ата жаумен айқас, дейді роман. Роман­ның сол ұлағатты сөзінің қазақ Дара­бо­зының атынан айтылуы өте-мөте ұтым­ды шыққан. Романның бас кейіпкері Есенгелді бидің бір билігіне байланысты талқыда «Қазақ жолы осы» деген сөз айтылып қа­лады. Ол қазақ менталитетіне қа­тыс­ты пікір. ...Бір қыз бен жігіттің айтысы төбе­леске ұласады. Сонда қызбен айтысқан жігіттің жағы сынып, ауруы асқынып ақыры өледі. Құн дауы қозғалады. Қазақтың өзара жан­жа­лын­да кісі өл­тіру үлкен қылмыс саналады да, оның өтеуіне бір ғана адам емес, қыл­мыскердің руы түгел жауап береді. Ел­дің игі жақсылары осындайда жан­жалдың ру қырқысына әкеп соқпауын қадағалайды. Айыпты қанға қанмен емес, белгілі мөлшерде пұлмен өтеуі керек. Есенгелді би әділ қазылығында әз Тәуке ханның «Жеті жарғысының» сол бұлжымас заңын басшылыққа алады. Айта кету керек, билер айтысы – автордың ең сүйікті стихиясы. Нешеме қилы мақал, мәтелдерді боратып, дау-дамайға өзі түсіп отырғандай көсіліп береді. Тарихи роман қазақ жолын мұқият сақтауға шақырады. Төле би Ташкентте көп тұрған ғой. Сондағы қай жұрт­тың түзде мырза, үйде сырдаңдығын сынайды. Керей Жәнібек батыр да нағашы атасы Қаз дауысты Қазыбек бидің ба­уырында өседі. Ол да жатқан бір қы­зық хикая... Осынау хикая түгелімен және «Есен­гелді би» романындағы тағы да бірқыдыру материал кейде тікелей, кейде редакциясы өзгертілген түрінде «Жарылғап би» романында қайта­ла­ныпты. Ондай тұстарын жазушы шы­ғар­масының кезекті басылымында алып тастауы керек шығар... Дегенмен, жазушы мұндай қай­та­лау­шылыққа кейде еркінен тыс ұрын­ғанын да ұмытпауы керек. Жанат Ахмадидің келесі романы «Айтұмар» да жоңғар шапқыншылығы тұсындағы шытырман оқиғаға арна­лыпты. Оның бер жағында үйсін елінде қарадан хан сайланған Нұрабай туралы сыр шертеді. Ресейдің 1 Александр патшасы 1822 жылғы бір жар­лығында қазақтарды бұдан былай да Шыңғысхан тұқымынан шыққан сұл­тан мен төрелер басқарсын деген жар­лық шығарғаны мәлім. «Жер төбесіз болмайды, ел төресіз болмайды» деген белгілі мәтел де бар. Қазақ билері ру, тайпа басқаруға төрелердің біреуін шақыртатын. Қалыптасқан ережені бұ­зудан үйсін ұтты ма, ұтылды ма? Осы сауалға роман айқын жауап береді. Және жауабы қарадан да хан болатын кісі табылады деумен шектелмейді. Төре, сұлтан хан сайланғанда жоғарғы өкімет пен халық арасындағы қатынас мәселесі бұрынғыдан өзгеше, мүлде жаңа тұрғыдан шешілгеніне арнайы тоқталады. «Айтұмар» романы – жоғарыда тал­данған Ұзақбай Доспанбетовтің тетралогиясы секілді тәуелсіздік көзі­мен жазылған шығарма. Бұл туын­дылар бүгін біз мақтаныш ететін ел бірлігі оңайға түспегенін, ауыр сын үстінде шыңдалғанын, еркіндігіміз елі­міздің ең асыл азаматтарының қаны­мен төленгенін қастерлей білуіміз керектігін уағыз ететін құнарлы идеямен суарылған. «Айтұмар» жанрын автор этногра­фиялық роман деп атапты. Шығарма өрнегінің өн бойына ол халқымыздың тұрмыс-тірлік, мәдени-рухани ерекшеліктерін дарыта білген. Жазушы Әзіл­хан Нұршайықов айтқандай: «Ж.Ах­мадидің «Айтұмар» этнографиялық ро­маны бүгінгі қазақ тілі жұтаң тар­тып, әрі ұлттық салт-дәстүріміздің кей­бір жақтары ұмытылып отырған ке­зеңде ұлт мерейі үшін қажет туынды деп жасқанбай айтуымызға болады». Шынында да шығарма кейіпкерлері шетінен дерлік: би, батыр, ақын-жы­рау­лары, ауылдың орамал тартқан бұ­рымдысы, кемпір-сампырына дейін кілең қаны шыққан «этнографтар» ма дерсің. Халықтың рухани байлығын жар­қырата дәріптегенде автор елінің абы­рой-мерейін арттыруды, мәртебесін биік­тетуді көздейді. Төле би, Бұқар жы­раудай тілінен бал тамған жорға, жүйріктерді былай қойғанда Күндеқыз – Шақылдақ әженің де сөзге жүйрік шешендігі құр ділмәрсу емес. Елжіреген шешелігі жас ұрпағын адамдыққа, кісілікке баулуға бағытталған. Дандай­сыған жоңғарға тойтарыс беруге ша­қырғанда тіптен шабытты, көреген. Осындайда Шақылдақ әженің характері, адуынды, тегеурінді мінез бол­мысы ерекше ашылады. Шақылдақ әже ел күй-жайының кінәратын нағыз тәуіп-тамыршыдай дөп басады. Ашынған ата-бабамыз «Аттан!» са­лып, жанқиярлық ерлік көрсетіп, ұлан-байтақ жерін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен сақтап қалғанын көптеген басқа да жазушылар сияқты Ұзақбай Доспанбетов пен Жанат Ахмади жеріне жеткізе, әдемілеп суреттей білген... Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. * * * РЕДАКЦИЯДАН: Көрнекті әдебиеттанушы Шериаздан Елеукеновтің бұл ма­қа­ласы жарияланған күн қазақтың белгілі прозашысы, сыншы Ұзақбай Доспанбетовтің жетпіс жастың жотасына шығуымен тұспа-тұс келіп отыр. Әдебиетімізде қырық жылдан астам уа­қыттан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан, «Ел есінде», «Шың мен шыңырау», «Қызыл жолбарыс», «Абылайдың ақ туы», «Тіл өнері дертпен тең» сияқты елеулі кітаптардың, сыни ең­бек­тердің авторына мерейлі тойы тұсында шы­ғар­машылық шабыт, адамдық бақыт тілейміз.