2010 жылғы 26 қараша, Астана қаласы
Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде шөп шабу және мал жаю ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Орман кодексінің 99-бабына сәйкес, бұйырамын:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде шөп шабу және мал жаю ережесі бекітілсін.
2. «Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде шөп шабу және мал жаю ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті төрағасы м. а. 2005 жылғы 28 ақпандағы № 46 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3487 тіркелген, «Заң газетінде» 2005 жылғы 21 қазанда № 195-196 (929-930) жарияланған) бұйрығының күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Табиғат ресурстарын пайдалану стратегиясы департаменті (Ж. Ы. Омаров) заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрық бірінші рет ресми жарияланғаннан бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Министрдің м. а. Е.АМАН.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі м. а. 2010 жылғы 26 қарашадағы №731 бұйрығымен бекітілген
Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде шөп шабу және мал жаю ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының мемлекеттік орман қоры учаскелерінде шөп шабу және мал жаю ережесі (бұдан әрі – Ереже) Қазақстан Республикасы Орман кодексінің 99-бабына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының мемлекеттік орман қоры учаскелерінде шөп шабу және мал жаю үшін пайдалану тәртібін айқындайды.
2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) гендік орман резерваты – гендік-селекциялық тұрғыдан алғанда бағалы өсімдіктер түрі, қосымша түрлері бар орман учаскесі;
2) орман пайдалану – орман ресурстарын және орманның пайдалы қасиеттерін пайдалану жөнінде заңдық және экономикалық тұрғыдан реттелген қызмет;
3) орман пайдаланушы – Қазақстан Республикасының Орман кодексі белгілеген тәртіппен уақытша орман пайдалану құқығы берілген заңды немесе жеке тұлға;
4) орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган – орман қорын күзету, қорғау, пайдалану, ормандарды молықтыру және орман өсіру саласында басқару мен бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік орган:
2. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде шөп шабу және мал жаю үшін жарамды алқаптарды анықтау
3. Мемлекеттiк орман қорының шөп шабуға және мал жаюға болатын учаскелерiн орман орналастыру жобаларына немесе ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқару жоспарларына сәйкес мемлекеттiк орман иеленушiлер белгiлейдi.
4. Шөп шабу үшін ең алдымен осы мақсатқа жарамды мемлекеттік орман қорының құрамына енетін ауыл шаруашылық жерлерінің алқаптары бөлінеді, сондай-ақ алаңқайлар және ормандарды табиғи және жасанды жолмен қалпына келтіру немесе шөп шабу басталғанға дейін оларды жақсарту жөнінде басқа да шаралар жүргізу көзделмеген орман көмкермеген басқа да жерлер, сондай-ақ қайта жаңартуға арналмаған құндылығы аз алқаағаштардың жекелеген учаскелері пайдаланылуы мүмкін.
5. Мемлекеттік орман қорының учаскелерінде шөп шабу мүмкін болатын алқаптарды орман орналастырудың жоспарлау-картографиялық материалдарының, сондай-ақ түгелдеу материалдарының және ормандардың басқа да зерттеулерінің негізінде орман иеленушілер жыл сайын нақтылап отырады.
3. Мемлекеттік орман қоры учаскелерін шөп
шабу мен мал жаю үшін пайдалану тәртібі
6. Мал жаюға мемлекеттік орман қоры учаскелерінде осы Ережеге қосымшаға сәйкес мемлекеттік орман қоры учаскелерінде мал жаю нормаларына сәйкес рұқсат етіледі, бұл ретте мал жаю үшін учаскелерді таңдау орман жайылымдықтарын маусымдық пайдалану мүмкіндіктері, жайылым айналымдары және оларға жеткілікті жүктемені ескере отырып жүзеге асырылуы тиіс.
7. Жайылымдық айналымы жайылымдық жерлерді неғұрлым тиімді пайдалану, олардың шығымдылығын арттыру, топырақтың эрозияға ұшырауын төмендету немесе оны болдырмау мақсатында енгізіледі.
Жайылымдық айналымының алқабы:
өсу кезеңінің табиғи-климаттық жағдайларын;
жайылымдықтардың бітік өсу, оларға мал жаю деңгейін;
эрозияға ұшырау процестерінің ықтимал мүмкіндігі және нақты байқалуы;
жабайы өсетін шөптердің ерекше құнды тұқымдарын жинау мүмкіндігі;
«демалыс» берудің қажеттігі, яғни жыл бойына мал жаюды, шөп шабуды толық болдырмау ескеріле отырып, белгіленеді.
8. Орманды дала мен шоқ ағашты ормандардың оңтүстік бөлігінде алаңдарды шөп шабу үшін және оның орнын мал жаю үшін пайдаланбаған жөн. Жайылымдықтарды пайдаланудың негізгі тәсілі үш мәрте және бір мәрте мал жаюды алмастырып отыру болып табылады.
9. Орманды даланың солтүстік бөлігінде төрт кезекті жайылымдық айналым жүзеге асырылады.
10. Жартылай шөлейт аймақта екі танапқа екі-үш рет мал жаюды және үш танапқа бір рет мал жаюды алмастырып отыратын бес кезекті жайылымдық айналым жүзеге асырылады.
11. Эрозияға жол бермеу немесе оның ықтимал мүмкіндігін төмендету үшін мал жаюды жайылымдық айналымының қабылданған жүйесі бойынша жүргізу қажет. Эрозияға ұшырайтын жайылымдықтарда мал жаю мөлшерін төмендету, ал тым күшті байқалған эрозиялық процестерде – мүлдем мал жаймау дұрыс болады.
12. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде шөп шабуға және мал жаюға :
1) биосфералық және сепортер-қорықтарды, мемлекеттік табиғи орман ескерткіштерін қоса алғанда мемлекеттік табиғи қорықтардың ормандарында, гендік резерваттарды, аса құнды орман алаптарын қоса алғанда ғылыми маңызы бар орман учаскелерінде;
2) мемлекеттік табиғи қорықтар құруға не мемлекеттік табиғи-қорық қорының, ерекше құнды табиғи және басқа да кешендердің объектілерін сақтау үшін қалдырылған мемлекеттік мемлекеттік орман қоры учаскелерінде;
3) орман парктерінде, орман жемістері екпелерінде, қала ормандарында, жасыл аймақтардың орман паркі бөліктерінде, сумен жабдықтау көздерін санитарлық қорғау ормандарында және курорттардың санитарлық қорғау ормандарында, мемлекеттік қорғаныштық орман жолақтарында, эрозияға қарсы және субальпілік ормандарда, аса құнды орман алқаптарында, өзендер, көлдер, су қоймалары мен басқа да су объектілерінің жағалауларындағы ормандардың тыйым салынған жолақтарында, ерекше қорғалатын орман учаскелерінде;
4) орман дақылдары мен фито-орман мелиоративтік екпелер ұшарбасын мал бүлдіріп кету мүмкіндігіне жол бермейтіндей биіктікке жеткенге дейін солардың алқаптарында, орман тұқымы және дәрі-дәрмектік плантациялар мен учаскелерде, шырша-қарағай-балқарағай, тал, терек, жаңғақ жемісі және жеміс-жидек плантацияларында, сондай-ақ орманның табиғи жолмен қалпына келуіне жәрдемдесу жөніндегі шаралар жүргізілетін учаскелерде;
5) жас өскін мен өркен ұшарбасын мал бүлдіріп кетуіне жол бермейтіндей биіктікке жеткенге дейін өміршең өркені дамыған табиғи жас өскіндер мен екпелерде;
6) орманды табиғи жолмен қалпына келтіру есебімен ормандарды қалпына келтіру мақсатында ағаш кесуді жүргізу үшін белгіленген екпелерде, сондай-ақ ағашы кесілген жерлерде және табиғи жолмен қалпына келтіруге арналған басқа да орман көмкермеген алқаптарда;
7) жемістерді, жидектерді, саңырауқұлақтарды, дәрі-дәрмектік және техникалық шикізаттарды кәсіпшілік мақсатта дайындау аймақтарында;
8) топырағын су тез шайып және жел ұшырып кететін алқаптарда тыйым салынады.
13. Осы Ереженің 12-тармағына сәйкес мал жаю тыйым салынған учаскелер тізбесін мемлекеттік орман қоры жерлерінің жай-күйіне қатысты болып жатқан өзгерістерді, сондай-ақ орманды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу мен орман ресурстарын дайындау шараларының жоспарларын ескере отырып, мемлекеттік орман иеленушілер жыл сайын нақтылап отырады.
14. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ешкілерді арнайы бөлінген қоршалған учаскелерде ғана жаюға болады.
15. Шөп шабу мен мал жаю үшін мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман пайдалану құқығы Қазақстан Республикасы Орман кодексінің 39-41-баптарына сәйкес бөгеледі, шектеледі немесе тоқтатылады.
Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде шөп шабу және мал жаю ережесіне қосымша
Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде мал жаю нормалары
р/с
№
Табиғи аймақтар
Үй жануарларының
түрлері
Мал жаю нормалары,
1 басқа га
1
Жартылай шөлейт
және шөлейт
Қойлар
Ірі қара мал (ІҚМ)
Жылқы
7,0
7,0
5,0
2
Далалы
Қойлар
ІҚМ
Жылқы
1,5-3,0
1,5-3,0
1,0-2,25
3
Таулы
Қойлар
ІҚМ
Жылқы
0,75-1,5
0,75-1,5
1,0
Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2010 жылғы 20 желтоқсанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №6693 болып енгізілді.