Бірер күннен соң 2011 жылғы 3 сәуірге тағайындалған президенттік сайлау өтеді. Саяси науқанға еліміздегі сайлау учаскелерінің дайындығы қандай? Осыған байланысты біз Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Т.В.ОХЛОПКОВАҒА бірнеше сұрақ қойған едік.
– Татьяна Витальевна, Орталық сайлау комиссиясы 28 наурызда Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауына шетелдік байқаушылар мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді аяқтады. Алдымен осыған тоқталып өтсеңіз.
– Өзіңіз айтқандай, Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президенттік сайлауға қысқа және ұзақ мерзімге келген байқаушылардың барлығын аккредиттеуді аяқтады. Олар еліміздің Сыртқы істер министрлігінің ұсынымы бойынша тіркелді. Сайлауды жалпы саны 1059 байқаушы бақылайтын болады. Кезектен тыс президенттік сайлауды байқаушылармен қатар, Сыртқы істер министрлігінде тіркелген шетелдік БАҚ өкілдері де бақылай алады. Бүгінде Сыртқы істер министрлігінде уақытша және тұрақты тіркелген шетелдік БАҚ-тар өкілдерінің саны 212-ге жетті. Осы жерде атап өтейін, Орталық сайлау комиссиясы шетелдік және халықаралық БАҚ өкілдерін тіркеуді аяқтады. Ал Сыртқы істер министрлігі БАҚ өкілдерін сайлау өтетін күнге дейін, тіпті сол күні де тіркей береді.
Еліміздегі саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, президенттікке кандидаттардың сенім білдірілген адамдары және БАҚ өкілдері де сайлауға байқаушы ретінде қатыса алады. Ол үшін қазақстандық байқаушыларда өзі өкілдік ететін ұйымның куәлігі болуы тиіс. Куәлікте азаматтың сайлауды бақылауға құқығы бар екендігі және оның аты-жөні көрсетіледі. Сонымен бірге, құжатты берген ұйымның мөрі мен сол ұйым жетекшісінің қолы болуы керек. Ал сайлауды бақылайтын БАҚ өкілінің редакция берген қызметтік куәлігі және бұл редакцияның тапсырмасы екендігін растайтын тиісті хаты болса жеткілікті.
– Сайлау учаскелерінің дауыс беруге дайындығы талап деңгейінде ме?
– Еліміз бойынша 9725 учаскелік сайлау комиссиясы құрылды. Олардың әрқайсысының жетіден мүшесі бар. Қазір учаскелік сайлау комиссиялары сайлаушылардың тізімдерін нақтылау жұмыстарымен айналысуда. Әрбір сайлаушы өзінің тұрақты тіркелген жері бойынша учаскелік сайлау комиссиясына келіп, сайлаушылар тізімінде бар немесе жоқ екендігін тексере алады. Егер сайлаушы 3 сәуір күні өзі тіркелген жерінде дауыс бере алмайтын болса, учаскелік сайлау комиссиясынан уақытша есептен шығару куәлігін алуына болады. Куәлік 2 сәуірге дейін беріледі. Осы куәлік арқылы оның еліміздің кез келген өңіріндегі сайлау учаскесінде дауыс беруге мүмкіндігі бар.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен еліміздегі 9 миллионнан астам сайлаушыға өздерінің азаматтық белсенділіктерін танытып, сайлаушылар тізімімен алдын ала танысқандары жөн дер едім. Сонымен қатар, сайлаушылардың барлығын 3 сәуірде сайлау учаскелеріне келіп, өздері таңдаған кандидатқа дауыс берулерін өтінгім келеді.
– Бұрынғыға қарағанда Астана мен Алматы қалаларындағы сайлау учаскелерінің қатары да көбейе түскен шығар.
– Астана мен Алматы – еліміздің басты қалалары. Сондықтан да бұл қалалардағы көші-қон көрсеткіштері жиі өзгеріп отырады. Аталған қалалардағы учаскелік сайлау комиссияларының саны да бұрынғыға қарағанда өсе түсті. Жалпы, сайлау учаскелері саяси науқан – президенттік сайлауға толық дайын.
– Сайлауалды үгіт жұмыстарына байланысты түскен арыз-шағымдар бар ма?
– Қазіргі кезде азаматтардан 300-ден астам арыз-шағым түсті. Тек Астананың бір өзінен 160 шағым түсті. Олардың басым көпшілігі Орталық сайлау комиссиясының құзырына мүлдем жатпайтын мәселелерден тұрады. Шағымданушылар арасында үлескерлер де бар. Біз олардың проблемаларын түсінеміз. Бірақ бұл ОСК-нің құзырындағы мәселе емес. Сол себепті шағымданушыларға тек түсіндіру жұмыстарын жүргізумен ғана шектелуге мәжбүрміз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.