• RUB:
    5.52
  • USD:
    475.62
  • EUR:
    519.23
Басты сайтқа өту
31 Наурыз, 2011

Байқаушылар сайлауға дайын

454 рет
көрсетілді

Кеше «Қазақстан Респуб­ли­касының кезектен тыс пре­зиденттік сайлауын бақы­лау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия» респуб­ли­калық қоғамдық бірлестігі кеңсесінде «КСБРҚК» РҚБ байқаушыларының семинар-тренингі қорытындыланды. Сайлау күні жақындап, оған тікелей қатысы бар органдардың көпшілігі бүгінде  өз дайын­дық­тарын қорытындылау үстінде. Сайлаудың әділ әрі жоғары дең­гейде өтуі – әрбір қазақстандық үшін маңызды екендігін айтып жатудың өзі артық болар. Ол алдымен өзімізге, кейінгі кезекте бүкіл әлемге сын болмақ. Бұл ретте, сайлаудың ойдағыдай өтуін, дауыс беру күнгі үгіт-на­сихаттардың тоқтатылуын, Ата Заңымызда көрсетілген тәртіп жүйесінің сақталуын бақылау сияқты бірқатар қызметтер ар­найы тіркелген байқаушыларға жүктелмек. 3 сәуірде өтетін Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауына бүгінгі күні байқаушы ретінде республика бойынша бес мыңға жуық адам тіркелген. Олардың басым көпшілігін, шамалап алғанда, 80-90 пайызға жуығын студент-байқаушылар құрайды екен. Одан өзге бұл топта зейнеткерлер мен  қазақстандық ерікті де белсенді азаматтар бар. «ҚСБРҚК» РҚБ алдын ала тіркелген бай­қау­шыларды наурыз айының 11-інен бастап арнайы мамандардың қа­тысуларымен семинар-тренингтерден өткізіп, күні кеше оларға байқаушы куәлігі мен семинар-тренингті аяқтағаны жөніндегі сертификатты салтанатты түрде табыстады. Іс-шараға РҚБ мүшелері мен байқаушылар, халықаралық және отандық бұқаралық ақпарат құ­рал­дары, әр түрлі қоғамдық бірлестіктер, халықаралық ұйым­дар, сайлау органдары, сондай-ақ президенттіктен үміткерлер­дің сайлауалды штабы мен ха­лықаралық байқаушылармен жұ­мыс жүргізетін орталық өкіл­дері қатысты. Іс-шараны «Қа­зақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауын бақылау жөніндегі республи­калық қоғам­дық комиссия» рес­публикалық қоғамдық бірлесті­гінің төрағасы Нұрлан Ерімбетов ашты. Ол азаматтық пози­циясы бар белсенді студент-бай­қаушы жастар­ға алғысын білдіріп, сайлаудағы басты қызмет байқаушылардың еншісінде екен­дігіне ерекше тоқталып өтті. Сондай-ақ: «Сай­лаудың еркін, әділ, ашық өтуі – жас студент-байқаушыларға тікелей байла­ныс­ты», – дей келе, семинар-тренингті сәтті аяқта­ғандарымен құттықтады. Семинар-тренингті сайлау құқығы са­ласында тәжірибесі бар мамандар, атап айтқанда, заңгерлер Михаил Бабушкин мен Иминжан Хаджиев, саясаттанушы Марина Онучко, психолог Марина Пак, сонымен қатар,  тәжірибеші Серік Ерғали өткізді. Олар байқаушылардың қорытынды дайындықтарын тек­серіп, сайлау барысында тәртіп­тің қадағалануын, артық қозға­лыс­тардың ешбірі байқаусыз қал­мауын, ондай жағдайлар туын­даған кезде сол мезетте-ақ фо­тоға түсіріп немесе арнаулы сенім телефондарына хабарлауды тапсырды. Іс-шараның басты ерекшелігі «КСБРҚК» РҚБ өңірлік өкіл­дік­тері мен бөлімшелері семинар-тренингке онлайн жүйесі бой­ын­ша қатысуға мүмкіндік алуында болды. Онлайн жүйесі арқылы Қызылорда, Шымкент, Көкше­тау және Өскемен қалаларын­дағы жергілікті байқаушылар кө­кейлерінде жүрген сауал­да­рын қойып, арнайы мамандардан жауап алды. «КСБРҚК» РҚБ-ның қорытын­ды семинар-тренингі отандық бай­қау­шыларды дайындау, Қазақ­стандағы сайлау үдерісінің бо­ла­шақ кәсіпқой мамандарын қа­лып­тастыру ісіне негіз қалап қана қоймай, сонымен бірге, қо­ғам­дық бастамашы азаматтар да­муын қалыптастыруға үлкен үлес қосатыны анық. Жұлдыз БАЙДІЛДА. Астана.