«Табиғат» экологиялық одағының төрағасы, Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Мэлс Хамзаұлы Елеусізовтің Іле-Алатау ұлттық паркі ұжымымен, парктің «Ақсай» орман шаруашылығы» бөлімшесі қызметкерлерімен, сондай-ақ жақын жатқан Тастыбұлақ және Каменка ауылдарының тұрғындарымен кездесуі мақсаттар мен мүдделері бір адамдардың әңгімесіндей болды.
Әңгіме арқауы Ұлттық парктің тағдыры, оны сақтап қана қалу емес, жағдайын жақсартуға арналды. Президенттікке кандидат пен осында табиғатқа қамқорлық жасау жөнінде сөз қозғаған сайлаушылардың ой-пікірлері негізінен бір жерден шығып жатты. Экология мәселесіне кез келген адамның қатысы болуға тиіс, оны жақсартуға әркім өз үлесін қосуға тиіс. Табиғат-ана сонда өз игілігін адамнан да аямайды.
Бүгінгі кездесуге келгендердің көпшілігі сол табиғат қорғау ісіне қатысты болса да, олар саясаттың өзекті мәселелерін де назардан тыс қалдырмады. Әсіресе, сот жүйесін жақсартуға байланысты біраз пікір айтылды. Сот әділ болмай, жемқорлықты жоя алмаймыз, деді көпшілік. Ал оның әділдігіне жетудің бір жолы – оларды халық сайлауы керек, деген пікірді бас эколог ортаға салды. Жиналғандар президенттікке кандидаттың бағыт-бағдарын да кең сөз етті. Қазіргі Президенттің кеңесшісі, саясаткер Ермұхамет Ертісбаевтың Елеусізов пен Қасымовтар билікке оппозицияда болады деген пікірін алға тоса отырып, сайлаушылар бұл жайында халық экологының өз аузынан әңгіме естігісі келгенін білдірді. Мен қашанда ортада болғанды қалаймын, деді Елеусізов. Ал табиғат қорғау – барлығымыздың ортақ ісіміз. Мұнда барлығымыз да алдыңғы шепте болуға міндеттіміз.
Дәл осындай міндетті осы кезде Семей қаласында президенттікке кандидат Мэлс Елеусізовтің жақтастары атқарып жатты. Бастамашы топ қаладағы қарттар үйін қамқорлыққа алып, онда сенбілік өткізді.
Сенбілікті ұйымдастырушылар бұл істі қарттар үйінен бастағандарына айрықша мән береді. Табиғатқа қамқорлық – ең алдымен адамға қамқорлық. Осы мүдде қашанда үйлесіп жатуға тиіс. Балабақшалар да, мектептер де осындай қамқорлықтың аясына енуге тиіс.
Расында да, сол сенбіліктен кейін қарттар үйі жаңа кейіпке көшті. Үйдің айналасы толық тазартылғаннан кейін, ағаштар ақталып, ашық жерлерге жаңа ағаш көшеттері отырғызылды. Бұл өзі күні ертең ағаштар жапырақ жарған кезде тіпті құлпырып кететін болады. Қарттардың жасыл желек арасында демалуының, әрине, рахаты көбірек.
Семейлік табиғат қорғаушылардың пікірінше, Мэлс Елеусізовтің «жасылдар» қозғалысын еліміздің барлық жерінде ұйымдастырсақ, одан табиғатымыз ғана жаңарып қоймай, адам санасына да өзгеріс енеді. Адамдар қайырымдырақ бола түседі.
Табиғатқа қамқорлық барлық жерде, әр үйдің ауласынан басталса, оның ауқымы да кеңи түспек.
Мамадияр ЖАҚЫП.
Алматы облысы.