Қазақстан Республикасының президенттігінен үміткерлердің бірі Ғани Қасымов осыған дейін ел аймағында өз бағдарламасымен таныстырып, сайлаушылар арасында болғаны белгілі. Жер жәннаты Жетісу жеріне арнайы атбасын бұрған Ғани Есенкелдіұлы сайлаушылармен жүздесіп, жұртшылықты өзінің бағдарламасымен таныстырды.
І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің мәжіліс залында өткен жиынға қала жұртшылығымен қатар, облыстағы аудан, ауылдардан келгендер қатысып, саяси науқанның маңызын ерекше арттыра түсті.
Кездесуде үміткер Ғани Қасымов осыған дейін сайлаушыларды бағдарламасымен жан-жақты таныстырғанын айтып, қорытындылар кезеңнің жеткенін ортаға салды.
– Мен үшін Жетісу – ерекше ыстық өлке. Өмірім осы мекенмен сабақтас деуіме болады. Облыс орталығы Талдықорған қаласына келіп, оның сәулеті мен өсіп-өркендегенін көріп, көзайым болдым. Қуандым. Жалпы, үгіт-насихат жүргізу барысында халықтың жанайқайына да құлақ түрдім. Халықтың көпшілігі азық-түліктің қымбаттағанын айтса, енді бірі зейнетақының мардымсыздығын, келесі бірі баспана мәселесінің қиындағанын айтты. Әрине, бәрі бірден болмайды ғой. Жақсылықтар алдағы күннің еншісінде екені даусыз. Еліміздің халықпен бірге көркейетінін естен шығармайық. Ал, енді жүректеріңізге жақын, жақсы деген бағдарламаны, үміткерді таңдау өз қолдарыңызда, – деді Ғ.Қасымов.
Кездесуге қатысқандар әнші Толқын Забированың концерттік бағдарламасын көріп, тамашалады.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.