• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
31 Наурыз, 2011

Ел өңірлеріндегі қолдау форумдары

398 рет
көрсетілді

ПЕТРОПАВЛ. Облыс орта­лы­ғында «Нұр Отан» ХДП  ел президенттігінен үміт­кер ретінде ұсынған Нұрсұлтан Назар­баев­тың кандидатурасын қол­дау­ға арналған форум өтті. Үш мыңнан астам адамды қам­ты­ған акцияны республикалық саяси партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орын­ба­са­ры Әлібек Қартов кіріспе сөзбен ашты. Ол 20 жыл ішінде Қазақ­станның да­му­дың сапалық жо­лына түскенін, Н.Назар­баев­тың қажырлы да қарымды саясаты арқа­сында зор табыстарға қол жеткенін айрықша атап көрсетті. Форумға қатысушыларды ел ішінде тату-тәтті тіршілікті баян­ды етіп отыр­ған үміткер үшін дауыс беруге шақырды. Соғыс және еңбек ардагері Степан Башкиров жасының 90-ды алқымдап қалғанына қара­мас­тан, үйде тыныш жата ал­ма­ғанын, форумға қатысудағы мақ­саты қысқа мерзім ішінде жас мемлекетімізді әлемге танытқан Нұрсұлтан Әбішұлындай тұлға­ның айрықша еңбегін жастарға жеткізу парызын орын­дағалы кел­генін қарапайым тілмен ұқ­ты­ра білді. Басқа сөйлегендер де осы бағытта ой сабақтап, жи­налғандарды бірауыздан Н.На­зарбаевқа дауыс беруге шақырды. *   *   * ШЫМКЕНТ. Қажымұқан атындағы Ор­та­­лық стадионда Қазақстан Республикасы пре­зиденттігінен үміткер Нұрсұлтан Назар­баев­ты қолдау мақсатында «Жақтастар форумы» өтті. Оған «Қазақстан-2020» Жал­пы­ұлттық демократиялық күштер коалиция­сының мүшелері, «Нұр Отан» ХДП облыс­тық, қа­ла­лық және аудандық филиалдары­ның төр­аға­лары, қоғамдық штабтардың жетекшілері мен өкілдері, атап айтқанда, 20000 адам қа­тыс­ты. Форумды «Нұр Отан» ХДП об­лыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық қоғамдық штабтың жетекшісі Ұласбек Сәдібеков жүргізді. Форумда еліміздегі жетістіктер, халық­ара­лық аренадағы бедел, табысымыз президенттікке кандидат Н.Назарбаевтың есімімен тікелей байланыстырылды. Қазақстан­ның басты жетістіктері туралы бейнефильм көрсетілді. Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының атынан М. Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры Уәлихан Бишімбаев, Шым­кент қаласының №45 мектеп-гимна­зия­сы­ның директоры Роза Пак, «Нұр Отан» ХДП Шымкент қалалық филиалының төрағасы Өмірзақ Мелдеханов, облыстық мәслихат­тың депутаты, «Қазтрансгаз» АҚ Түлкібас бөлімшесінің директоры Келесбек Жар­ты­баев, т.б. сөз сөйледі. Форумға қаты­су­шылар Қазақстан Республикасы президенттігінен үміткер Н.Ә. Назарбаевқа қолдау білдіріп, соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Қадыр Мырзалиев пен Ескендір Хасан­ғалиевтің ғажап туындысы – “Атамекен” әнін жиырма мың адам қосыла шырқады. *   *   * АТЫРАУ. Х.Досмұхамедов атындағы мем­лекеттік университетінің спорт сарай­ында Жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясы ұйымдастырған форум болып өтті. Оған өңірдегі мұнай-газ өнеркәсібінің еңбек ұжымдары, этномәдени бірлестіктер, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдар мүшелері, сондай-ақ, зиялы қауым өкілдері мен студент-жастар белсенділікпен қатысты. Форумда алдымен сөз алған «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары, Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық штабтың төрағасы Нұрлан Нығматулин ел өміріндегі оң өзгерістер, жемісті жетістіктерді президенттіктен үміткер Н.Назарбаевтың саясатымен байланысты өрбіте келіп: – Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды әлем таныған әлеуетті елдер деңгейіне көтер­ді. Экономикамыз өркендеді. Өркениет та­лабына сай әр өңірде, әр ауданда, әр ауыл­да мектептер мен денсаулық сақтау ғима­рат­тары, мәдениет үйлері мен спорт сарайлары бой көтеруде. Халықтың тұрмысы жақсарды. Болашақта да елдің мерейін, халықтың тұр­мысын көтеретін жарқын жобалар жүзеге ас­қалы отыр. Міне, осындай ойға алған жасампаз істердің жемісін көре беруіміз үшін, жал­ғасын таба беруі үшін Нұрсұлтан Әбіш­ұлымен бірге болып, болашақтың іргесін бірге қалайық, – деді. Бұдан кейін ортаға Парламент Сена­ты­ның депутаты, «Нұр Отан» ХДП Саяси ке­ңе­сінің мүшесі Қуаныш Сұлтанов, «Әділет» демо­кра­тиялық партиясының төрағасы Мақсұт Нәрік­баев және Парламент Мәжі­лісі­нің депутаты Владимир Нехорошев шығып сөйледі. Бұ­лар­дың әрқайсысы Қазақстан экономикасы тәуел­сіздіктің 20 жылында жасампаздықпен өркен­дегенін, еліміздің ішкі-сыртқы саясатында демократиялық үрдістермен бедерленген оң өзгерістердің болғанын тілге тиек етті. Форумда Қазақстанның өнер шеберлері концерт берді. «Егемен Қазақстанның» тілшілері.