• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
31 Наурыз, 2011

Каддафи әскері шабуылға шықты

290 рет
көрсетілді

Муамар Каддафидің әскери бөлімдері қарсы шабуылға шық­ты, деп хабарлайды Сауд Арабиясының «Әл Арабия» теле­арнасы. Ереуілшілер Брега және Рас-Лануф қалаларын тастап, шығысқа Бенгази қаласына қарай шегінуге мәжбүр болған. Сонымен бірге НАТО елдерінің әскери-әуе күштері Ливия нысандарына әуеден жаңа соққылар жасаған. «Франс Пресс» агенттігінің хабарлауына қарағанда, Триполидегі Каддафидің резиденциясына жақын жерде екі бірдей қуатты жарылыс болған. Әзірге қаза болғандар туралы мәліметтер жоқ. РЕАКТОРЛАР БҰЗЫП АЛЫНБАҚ Апатқа ұшыраған «Фукусима-1» стан­сасындағы реакторлардың бәрін де бұзып алу керек, деп мәлімдеді Жапония үкі­ме­ті­нің бас хатшысы Юкио Эдано. Tokyo Elektrik Power Co. энергетикалық компаниясының төрағасы Цунехиса Кацумата да АЭС-тегі төрт реактордың жағдайының нашарлығы сондай оларды пайдаланудан шығарудан өзге амал жоқ деп атап көрсеткен. Дегенмен «Фукусима-1» стансасының операторы ТЕРСО компани­ясы ядролық апаттан келген шығындар үшін айтарлықтай өтемақы төлеуге тура келетініне қарамастан национализациялау ісін айналып өтуге тырысуда. Осы орайда аталмыш компания президенті 66 жастағы Масатака Шимицудің қан қысымының көтерілуіне байланысты ауруханаға түскенін де айта кету қажет. ОППОЗИЦИЯ ҚАТАРЫНДА «ӘЛ КАИДА» ӨКІЛДЕРІ ДЕ БАР Америка сенатында болған тыңдау кезінде альянстың Еуропадағы күштерінің қолбасшысы адмирал Джеймс Ставридис Ливиядағы оппозициялық күштердің ара­сында «Әл Каида» жақтаушы­лары­ның бар екенін хабарлаған. Оның айтуынша, ереуілшілер арасында сол сияқты «Хезболла» ұйымының  мүшелерінің де болуы мүмкін. Бірақ олардың саны онша көп емес және олар басқарушы құрамда да жоқ. Пентагон егер конгресс ереуілшілерді қаруландыруды талап етер болса, ондай жағдайда ол қарулар «Әл Каида» мен «Хезболла» сияқты террорлық ұйымдардың қолдарына түсіп кете ме деп қауіптенуде. ИЗРАИЛЬДІ ҚАТАҢ СЫНҒА АЛДЫ Уругвай астанасы Монтевидеода палестина-израиль келіс­сөздеріне қолдау көр­сету үшін өтіп жатқан БҰҰ-ның өңірлік конфе­ренциясына қатысушыларға БҰҰ Бас хат­шысы Пан Ги Мун Израиль үкіметін қатты сынға алған үндеу жолдаған. 1967 жылы басталған басқыншылыққа моральдық жағынан да, саяси тұрғыда да жол беруге болмайды. Тоқтау салатын кез жетті. Палестиналықтардың өміршең мемлекетке ие болуға құқылары бар. Иерусалим екі елдің де астанасы болуы керек, ал босқындар проблемасы әділ шешім қабылдауды талап етеді, деп атап көрсеткен Бас хатшы. БҰҰ басшысы Израилдің бейбітшілік пен қауіпсіздікке деген құқын мойындай отырып, елді келіссөздерге нұқсан келтіріп отыр деп айыптаған. ЗІЛЗАЛАДАН 11,2 МЫҢ АДАМ ҚАЗА БОЛДЫ Жапонияның полиция басқармасы 30 наурыз күні жер сілкінісінен қаза болған­дар санының 11232 адамға жеткенін ха­барлаған. Із-түссіз жоғалып кеткендер қатары 16361 адамға жетіп отыр. Осының алдында Мияги, Фукусима және Иватэ префекту­рала­рының полициясы зілзаладан қаза болған төрт мыңға жуық адам­ның мүрделерін танып алудың мүмкін болмай отырғанын хабар­лаған болатын. Ел үкіметінің алдын-ала  бағалауынша, табиғат апаты салдарынан Жапонияға келген шығын 15-25 триллион иенді (185-308 млрд. доллар) құрайды. АРАЛДАҒЫ ТУРИСТЕР ҚҰТҚАРЫЛУДА Толассыз жауған жауыннан суға  бат­қан  аралдардағы курорттарда дем­алып жатқан туристерді Тайландтың әскери кемелері құрлыққа алып шығуда. Өкіметтің мәлімдеуінше, аралда  қама­лып  қалған  мыңдаған  туристерді кемелермен және  тік­ұшақ­тар­мен ал­ып  шықпақ.  Билік өкілдерінің айтуынша, суда қалған Самуи ара­лын­да бірнеше мыңдаған туристер, оның ішінде 600-дей ресейліктер бар, қоршауда қалған көрінеді. Ұшу алаңдарын су басып кетуі салда­рынан жергілікті аэропорттардың жұмысы да тоқтап қалған. ҚАРАБАҚ МӘСЕЛЕСІНДЕ ІЛГЕРІЛЕУШІЛІК БАР Армения, Әзірбайжан және Ресей пре­зи­денттерінің Сочидегі үш жақты кездесуінен кейін Қарабақ процесін реттеуде белгілі бір ілгерілеушілік бар, деп мәлімдеген ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы, Литва сыртқы істер министрі Аудронюс Ажубалис «Дельфи» агенттігіне берген сұхбатында. Қос төрағалардың жиі сынға ұшырауына қарамастан, Минск тобы жұмыс істеп жатыр. Ресей президентінің арағайындығымен олардың тараптарға ұсынып отырған  жолдары  алға  басуға шынайы негіз бола алады, деп атап көрсеткен А. Ажубалис. Мергендерді әскерлер тоғысатын сызықтан кейін әкету туралы өз ұсынысын айта келіп,  мұның өзі сенім білдіруге деген азғантай қадам болып табы­лады деп хабарлаған ол. ТАБИҒИ АПАТТАР ҚҰРБАНДАРЫ ҚАНША? Әлемде өткен 2010 жылы 304 мың адам табиғи және антропогендік апаттардың  құрбаны  болған, деп хабарланған Swiss Re атты  әлемдегі ең ірі сақтандыру  компаниясының өткен сейсенбі күні жарияланған баяндамасында. Бұдан бұрын компания 260 мың адамның апаттар салдарынан қаза болғандығы туралы  хабарлаған болатын. Салыстыру үшін айтар болсақ, 2009 жылы апатқа ұшырағандар саны 15 мың адам болған екен. Сақтандыру компаниясының қайта қараған мәліметтері бойынша, 2010 жылы табиғи және антропогендік апаттардан келген экономикалық шығын 218 миллиард долларды құрап, 2009 жылғы көрсеткіштен әлдеқайда асып кеткен. Интернет материалдары негізінде әзірленді.