• RUB:
    5.52
  • USD:
    475.62
  • EUR:
    519.23
Басты сайтқа өту
31 Наурыз, 2011

Бір ауылдың бағы

825 рет
көрсетілді

АЛЫС ЖОЛДА ӘН ҚАЛЫҚТАП Бұл жігіт жайында аудан әкі­мі Ернұр Айткенов ылғи айтып жү­ретін-ді. Сәті түскен күні тау баурайындағы Баянауыл ауда­ны­­на қарай жол тарттық. Қыс көрпесін жамылып бұйығы ұй­қыға кеткендей. Айнала құпия­лы таулар, міне, мұз құрсанған Сабындыкөлдің тұ­сындағы жа­ға­лау жолымен Жайма ауылы қай­дасың деп келе жа­тыр­мыз. Айнала ғажап сұлулыққа бө­гіп тұр. Кәдімгі сурет дерсің. Бая­н­ауыл деген қазақтың атақты жері осы. Жол дегеніңіз енді алыс-ақ. Ауыл жолының жағдайы екі­нің біріне белгілі. Ал, аудан әкі­мі Ернұр Нұрмұханұлына күнде келіп-кетіп жүретін болған соң бәрібір, «е, қазір-ақ жетеміз, түнеукүнгі сары аяз жоқ, табиғаттың таза ауасын жұ­тып, бір демалып қаласыз» деп қояды. Иә, 130 ша­қы­­рым­дық жер қайдан мына тұр­ған жер болсын. Жайма ауылы демекші, бұл жердің өзінің үш түрлі атауы бар сияқты, Жа­ңа­тілек, Қа­ра­томар деп те атай береді. Ел іші болған соң, ескіден келе жатқан байырғы атауларын да ұмытпай қатар атап жүр­ген­дері ата-бабаның аманаттап қал­дырып кеткен жер-су атаула­рына деген құрметі деп тү­­сін­дік. Біз келе жатқан Жайма­ның таулы даласын кезінде «бола­ша­ғы жоқ ауылдар» деген дақпырт шыққан кезде, «ауыл сақтала­ды» деген жігіттің бірі – Батыр­бек Алдабергенов екен. Алыс жол қа­шанда әңгімемен қызық­ты. Бұрын облыстағы полигон зардабын тарт­қан Май ауданын басқарып, бұл жаққа келгеніне аз ғана уақыт болса да, әкім Бая­науылдай қасиетті жердің, елдің ішін жақсы біліп, таныс­тырып, көрген-білгендерін ай­­тып келеді. Ернұр әкімнің дом­быра тартып, ән салатынын бұ­рын­нан білетінбіз, бұл жолы тау баурайы шабыт берді ме, ха­лық әні «Қараторғайды» дауыс­тап айтып келеді. Сөйткенше бол­ған жоқ, жол бойына мәши­несін қаңтарып қойып, бізді күтіп тұрған батыр десе батыр дейтіндей палуан денелі жігіт алдымыздан шықты. Жай­дары, кең пейілділігі байқалды. «Ау­ылға дейін енді біраз қалды» –деген Ернұр Нұрмұханұлының амандық-саулықтан соң Батыр­мен әңгімелері бірден-ақ сол ша­руа­шы­лық жайын талқы­лау­дан баста­лып кетті. Ара-тұра біз де сұрақ қойып, қойын дәп­те­рімізге Батыр­дың айтқандарын жазып алып от­ырмыз. Қара­ған­ды жағында туып-өсіпті. Бұл күндері өзі басқаратын «МТС Жайма» серіктестігінде ауыл­­дың бүкіл жігіттері жұмыс жа­сайды екен. Ауыл тұрғын­да­ры­на да әлеуметтік жағынан көмек көрсетіп, қолұшын береді. Жал­пы, «МТС Жайма» серіктестігі осыдан жеті-сегіз жыл бұрын сол кездегі аудан әкімі Қорабай Шәкірұлының баста­ма­сымен, екібастұздық ағай­ын­ды Тасболат, Бекболат Әбу-Қо­жалар бас­қаратын «Гамма» се­ріктес­ті­гі­нің инвестициялық қол­дау кө­мегінің арқасында ау­ылда егін­шілік пен мал шаруа­шы­лығын дамыту мақсатында құ­ры­лып­ты. Бүгінгі күндері се­ріктес­тіктің иелігінде 34000 гектар жер бар. Оның 11400 гек­тары егістік алқабы. Шаруа­шы­лық­тың өзінде бес астық ком­байны, үш шынжыр табан, бір К-700, бір Т-150, бір ЮМЗ-6 трак­тор­лары және басқа да көп­теген ауылшаруашылық техни­калары бар болса, 34 миллион теңгеге «ES­SIL-740» деп ата­ла­тын екі бірдей жаңа астық ком­байнын және жал­пы құны 5,9 миллион теңгеге басқадай агрегаттар са­тып алыпты. КОМПЬЮТЕРЛІ КОМБАЙН АУЫЛҒА КЕЛДІ Серіктестік соңғы жылдары 2 мың гектарға дейін дәнді да­қылдар сеуіп, орташа есеппен гектарынан 6,5 центнерден өнім алыпты. Бұл Баянауылда егін өспейді дегендерге жауап бол­ған­дай. Жыл сайын қысқы мал азығын жинайды. Өт­кен жылы 1710 гектарға бидай егіліп, он­ың әр гектарынан 8 центнерден астық жиналды, ал жеті жүз гектарға егілген арпаның орташа өнім көрсеткіші – 4 центнер, 150 гектарға егілген сұлы да өн­імді болды. Гектарынан 3,5 центнер. Жалпы, биылғы орақ нау­қа­нында барлық 2560 гектар­­дан 1701 тонна тұқым тазар­ты­лып, қоймаға салынып қойды. Мал азығына қа­жетті 2500 тонна шөп жиналды. Жоғарыда ай­тылған «ESSIL-740» маркалы комбайдарының іші таза әрі әр нүкте компьютер тілінде жұ­мыс жасайды. Комбайн жүргі­зушісі Қуаныш «қазір жағ­дайымыз жақсы. Шаруашы­лық­тың көші тү­зеліп, ауылдың әл-ауқаты артып келеді. Біздер нау­қан кезінде 50-60 мың теңге көлемінде жа­лақы аламыз. Балам да осында ең­бек етеді. Кү­ніне бір мәрте шаруа­шы­лық есе­бінен тегін тамақтана­мыз. Ау­ылда еңбек етіп, табыс таба­мын деген азаматқа жұмыс та­былады», – дейді. Биыл астық­ты пайдаға жаратудың көзі табылды. Облыстық бюджет ар­қылы кәсіп­кер­лерге бөлінген несиеден шаруа­шылық 7 миллион теңге қаржы ал­ып, тәу­лі­гіне төрт тонна ұн өн­ді­ретін ОПМ-1,2 «Фермер» шағын диірменін сатып алды. Қазір Ба­тыр басқаратын шаруашылық Қара­то­мар ауылымен көршілес ауылдар­ды ұнмен қамтамасыз етіп отыр. Диірмен бірінші жә­не екінші сұ­рыпты ұн өндіреді, одан қалған дән мен кебекті сыртқа сатады. Бұған қоса таяуда ғана бой көтерген наубайханада қазіргі күні нан пісіріліп, түрлі тәтті тағамдар дайын­да­лады.   ГЕРЕФОРД БҰҚАЛАРЫ, АҚБАС СИЫРЛАР Алғаш құрылған жылдары ауылдағы «МТС Жайма» серіктесігі 133 бас асыл тұқымды қа­зақтың ақбас сиырларын сатып алып, мал тұқымын асыл­дан­ды­ру жұмысын бастаған екен. Аудан басшылы­ғы­ның қолдауы мен қаржылай кө­ме­гінің және шаруашылық басшы­сы­ның та­бан­ды еңбегінің нәтиже­сін­де се­ріктестік 2007 жылы «Асыл тұқымды мал өсіретін шаруа­шы­лық» мәртебесін алған. Қа­зір мұн­да 146 бас жылқы, мың­нан аса асыл тұқымды ірі қара мал бар. Үстіміздегі жы­лы 61 бас асыл тұқымды құ­нажын әкелінген, биыл 355 сиырдан 303 бұзау алынған. Серіктестік негізінде Қаратомар ау­ылдық аумағындағы Жайма ауы­лында ірі қара мал­ды қолдан ұрық­тандыру орны ашылды. Шаруа­шылық облыс орталы­ғын­дағы «Таурус» серіктестігімен ке­лі­сім-шар­т­қа оты­рып, жыл сайын асыл тұ­қым­ды қа­зақтың ақбас сиыр­ла­рына «герефорд» бұқа­ла­рының ұры­ғын әкеліп егу жұмыстарын жүргі­зе­ді. Ауыл шаруашылы­ғы­ның бел­­ді мама­ны Қайролла Аха­жа­новтың ай­туынша, Баянауыл­дың да бұ­қалары тұқымдық ба­ғытта бұ­лардан кем емес, ал, герефорд бұқалары дегеніңіз ту-у, Америка жақта өсірілетін кө­рі­неді де, сол тұқымды бұқа­лар­дың ұр­ықтары қатырылған күй­інде біздің ауылдарға жеткізіледі ек­е­н, сөйтіп, қолдан ұрық­тан­дыру жүзеге асы­ры­лады. Өздері де облыстың бірнеше шаруа қо­жалықтарына өткен жылы – 23, биыл 22 бас асыл тұ­қымды бұқа сатқан. Шаруашылық 2007 жы­лы өз қаржысына 200 бас ірі қара малға арналған үш мал қо­расын күрделі жөндеуден өткі­зіп, біреуін жаңадан салды. Би­ыл әр­қай­сысына 9,5 миллион теңге қа­ра­жат бөліп, әрқай­сы­сы­ның аума­ғы 1200 шаршы ме­тр­лік төрт мал қорасының құ­рылысын және мал бордақылау алаңын тұрғызды. Со­ны­мен бірге тәулігіне 10-15 бас ірі қара мал соятын соңғы үлгідегі қа­сап­хана салған. Айтпақшы, ша­руа­шылық құс өсірумен де айналысады. АУЫЛДАҒЫ ҚОНАҚ ҮЙ, ЖАҢА ПӘТЕРЛЕР Ауылға келген бетте «Мөл­дір» атты балабақшаның ашы­луы­на қа­тыс­тық. Үйде отырған 20 бүлдір­шін бұрын-соңды көр­меген қы­зық­қа батқандай, мәре-сәре күйде асыр салып жүр. Аға-апайлары үшін жаңа жұ­мыс орындары аш­ыл­ды. Алыс­тағы ауылға да осын­дай игілікті іс, жақсылық жетті. Сонда ғана заманға сай тұрмыс болатыны, елдің тұрақтап қала­тыны, жас­тардың ауылға келетіні түсінікті. Келімді-кетімді қонақтар мен апталық жүйемен жұмыс жа­сайтын жұмысшыларға арнап серіктестік қонақ үй салып берді. Еуропалық үлгіде бой кө­тер­ген ғимаратқа қызыға қарадық. Тұр­ғын үйлер жобасы сызылып дайын тұр, биыл үш бөлмелі пәтерлері бар алғашқы тұрғын үйлер пай­далануға беріліпті. Аралап көрдік, қаладағыдай жөн-жобамен жаса­лып­ты. Ша­руашылық жұмысы қар­қынды. Бұл алдағы уақытта жұмыс­керлердің тұрмыстары бұ­дан да жақсара түседі деген сөз. Алда тұрғын үйлер тұрғызу да жоспарда бар. Ол кезде шаруа­шылықта еңбек ететін жұмыс­шылар жаңа баспанамен толық­тай қамтамасыз етіледі. Өйт­кені, бү­гін­гі жұмысшылардың дені жастар, ал, жастар ауылда тұрақтап қалу үшін жұмыс керек, жаңа заманға сай жаңа үй­лер қажет. Міне, Қаратомар ау­ы­лында жүзге жуық жұмыс ор­нын құрып, елді мекеннің ажа­рын арттырған «Жай­ма» атты берекелі шаруа­шы­лықтың бү­гін­гі тыныс-тіршілігі осындай. Біз ауыл әкімі Аманкелді Кісентаевпен әңгімелестік. Шал­ғай­дағы ауыл Жаймаға шырай кірді. Батырбек бауырымыз бас­таған серіктестіктің жігіттері Жайма ауылын жайнатып, кө­ңі­лімізді жадыратты. Ауылда 600- дей адам тұрады. Осы Жаймада қазір 11 шаруа қожалығы жұ­мыс жасайды. Баянауылдың жері де, жайылымы да, малы да, құсы да жетеді. Баптай білсең – жер жомарт деген осы. Ауылға Батыр бастаған «ба­тыр­лар» келгелі жылда бір әлеу­меттік ны­сан ашылуда. Қазір дә­рі­­гер­лік бө­лімше, дәріхана, мәде­ни­ет үйі жұмыс жасап тұр. Алыс­та­ғы ауылға көңіл бөлген жі­гіт­тер­ге, аудан әкімдігіне рахмет айтамыз. Иә, алыстағы ау­ыл­дың түтіні түзу болуына «МТС Жай­ма­ның» қос­қан үле­сі ос­ындай. «Ба­тыр десе ба­тыр» деп ауыл адам­дары риза. Тау бау­райында отырған ал­ыстағы ау­ылдың ты­ныс-тір­ші­лігіне иелік етіп, оның игілігін қарапайым ауыл адам­да­рына, ауданға көр­се­тіп, шаруашы­лық­ты шират­қан ос­ындай жігіттер көп болса, биылғы Жол­дау­­да айтылған ау­ылға лайық­ты көңіл бөлу ту­ралы жарқын бас­таманы басқа ауылдардағы жігіттер оқып, үн қосар, үлгі алар деген ойдамыз. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы, Баянауыл ауданы.