• RUB:
    5.52
  • USD:
    475.62
  • EUR:
    519.23
Басты сайтқа өту
31 Наурыз, 2011

Сенім грамоталарын қабылдады

387 рет
көрсетілді

Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Польша Республикасының, Үндістан Республикасының, Ауғанстан Ислам Республикасының, Латвия Республикасының Қазақ­стан­дағы Төтенше және өкілетті елшілері Яцек Ключковски, Ашок Кумар Шарма, Сохраб Али Сафари, Юрис Маклаковстан, сондай-ақ БҰҰ Даму бағдарламасының Тұрақты өкілі Стивен Туллдан Сенім грамоталарын қабылдады. Грамоталарды қабылдау рәсі­мінде сөйлеген сөзінде Президент елшілердің жұмысына та­быс тіледі және олардың екі­жақ­ты қарым-қатынасты тереңдету ісіне үлес қосарына сенім білдірді. Біз өз тәуелсіздігіміздің жи­ыр­масыншы жылына аяқ бас­тық. Бұл жылдар біздің қоға­мы­мызға және барша қазақ­стан­дықтарға үлкен өзгерістер мен толымды табыстар әкелді. Бүгін біз осы заманғы, жаңарған мемлекетте өмір сүріп жатырмыз, деді Н.Назарбаев. Елбасы келесі кезекте елшілердің Қазақстанға тарихи маңызды және жауапты кезеңде келіп отырғандарын, алдағы жексенбіде президенттік сайлау өтетінін айтты. Сайлауды байқауға біздің елге бір мыңнан артық шетелдік байқаушы келді, деді одан әрі Елбасы. Сондай-ақ Сенім грамотасын тапсырған әр­бір елшінің мемлекетімен Қазақ­стан арасындағы екіжақты қа­рым-қатынасқа қысқаша тоқта­лып өтті. Соның ішінде Ауған­стан Ислам Республикасымен ынтымақтастықты дамыту Қа­зақ­стан сыртқы саясатының ба­сым бағыттарының бірі екенін атап көрсетті. Қазақстан халық­аралық қоғамдастықтың Ауған­станды қалпына келтіру жо­лын­дағы күш-жігерін қолдайды. Біз­дің еліміздің жоғары оқу орын­дарында ауған студенттерін тегін оқыту үдерісі басталды, деді Н.Назарбаев. Үндістан Қазақстанның Азия­дағы маңызды әріптес­терінің бірі болып табылады. Біз екі ел ара­сындағы ынтымақтастықты 2009 жылы қабылданған Стра­те­гия­лық әріптестік туралы бірлескен декларацияға сәйкес да­мы­ту­да­мыз. Біздің елдеріміз – халық­аралық аренада, соның ішінде өңірлік және жалпы Азия­дағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау мәселелерінде белсенді әріптестер. Биылғы сәуірде Үндістан Премьер-министрі М.Сингх Қазақстанға ресми сапармен келеді. Бұл сапар екі елдің арасындағы байланыстарды, со­ның ішінде экономикалық ын­ты­мақтастықты тереңдете түсу­ге тың серпін береді деген үміт­теміз, деді Мемлекет басшысы. Қазақстанның Латвия және Польша республикаларымен ара­дағы қарым-қатынастары ту­ралы айтқанда да Елбасы жылы лебіз білдіріп, екіжақты ынтымақтас­тық­тардың алдағы уақыттарда да дами беретініне сенім артты. Латвия біздің Балтық жаға­лау­ын­дағы жетекші әріптесіміз бо­лып табылады. Біздің елдері­міздің арасында түрлі деңгейдегі тұрақты да табысты үнқатысу орныққан. Екі елдің парламенттерінде достық топтары бар. Сонымен бірге, Польшамен де ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша жақсы бай­ланыстар орнап отыр. Өзекті өңір­лік және халықаралық түйт­кілдер бойынша жүйелі түрде пікір алмасулар болып тұрады, деді Президент. Қазақстанда тұ­ра­тын 50 мың поляк этносы екі елді жақындастырудағы маңыз­ды фактор болып табылады, олар біздің Отанымыздың өр­кен­деуіне өздерінің үлестерін қосуда. БҰҰ-мен ынтымақтастық ту­ралы айтқанда, Елбасы Қазақ­стан Ұлттар Ұйымының құры­лым­дық бөлімшелерімен әріп­тес­тікке үлкен мән беретінін атап өтті. Біз оның Даму бағ­дар­ламасы Қазақстандағы әлеу­мет­тік саланың дамуына алдағы уа­қытта да қолдау көрсете беретініне үміт артамыз, деді Нұр­сұл­тан Әбішұлы. Өз кезегінде жаңа елшілер Н.На­зарбаевқа жылы лебіздері мен жақсы тілектері үшін алғыс­та­рын айтып, екіжақты қарым-қа­ты­настың дамуына қолдан келген үлестерін қосатынына сендірді. Жақсыбай САМРАТ.