Универсиада күндері спорт делегациялары мен волонтерларға арнап шамамен 700 000 кесе сүтті шай дайындалмақ.
Осыған дейін де Универсиаданың ұйымдастыру комитеті ойындарды өткізуге барынша аз бюджеттік қаржыны жұмсауды өз алдына міндет етіп қойғаны айтылып келді. Оған қоса, жоспарланған бюджет ұйымдастыру жұмыстары басталғалы бері екі есеге дейін дерлік қысқартылды. Ал отандық бизнес өкілдері арасынан демеушілер мен серіктестерді тартудың арқасында кезектегі бірқатар шығындарды төмендетуге мүмкіндік пайда болуда.
Бұл туралы «2017 жылғы Алматыдағы XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы дайындау және өткізу жөніндегі дирекция» МҚ аппарат басшысы Дидар Сағадиев былай дейді:
– Аса ауқымды спорт іс-шараларын өткізу кезінде серіктестер мен демеушілерді тарту – бүкіл әлемде кең таралған тәжірибе, ол бизнеске бірегей маркетингтік мүмкіндіктерге жол ашып, ұйымдастырушыларға шығындарды айтарлықтай оңтайландыруға мүмкіндік береді. Универсиаданың сәтті өтуі үшін қосылған кез келген көмек аса маңызды, сондықтан, біз осы айтулы оқиғаның дайындығына бизнестің белсенді атсалысып отырғанын құптаймыз.
Сонымен, сәрсенбі күні Алматыдағы XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы дайындау және өткізу жөніндегі дирекция «RGBrands Kazakhstan» компаниясымен ынтымақтастық туралы мәмілеге қол қойды. Аталған мәміле аясында компания Универсиада спортшыларын, волонтерларын, төрешілерін, бапкерлерін, БАҚ өкілдері мен басқа да қатысушыларды ыстық шаймен қамтамасыз ету үшін «Пиала Gold» қара және көк шайын, сондай-ақ, 100% табиғи ультрапастерленген «МОЁ» сүтінің 14 мың литрін ұсынады. Ұсынылған өнімдерден 700 000 кесе сүтті шай дайындалады деп күтілуде.
«Біз Универсиаданың қысқы суық күндері қонақтарымыз тұла бойды жылытып, сергектік сыйлайтын, жарыстар арасындағы үзілісте ерекше рахатқа бөлейтін қазақтың қою қара шайынан дәм татып көрсе дейміз», – деді БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен мәміле аясында «RGBrands Kazakhstan» ЖШС бас директоры Тимур Қалтаев.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ