• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
20 Қаңтар, 2017

Мүгедектерге мүмкіндік мол

502 рет
көрсетілді

Әркімнің тағдыры әрқалай, ешкім бейнетті, мүгедектікті сұрап алмайды, ал тағдырына кез болған екен – көтеруі тиіс! Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен айналысуына жол ашылған, олар спорттың бірнеше түрлері бойынша паралимпиадаларға қатысып, түрлі жаттығу орындарында шынығып жүр. Маңғыстаудағы мүгедектер спорт клу­бының директоры Нұралы Құлы­шов – республи­калық «Мерейлі отбасы» байқауы­ның жеңімпазы. Үлгілі отба­сының отағасы бола алған азамат өңірде талайлы тағдыр иелерінің қоғамнан бөлініп қалмай уақытын көңілді өткі­зуі­не әрі денсаулығын шыңдауына көп кө­ңіл бөліп ке­леді. Н.Құлышов мүм­кіндігі шек­теулі жандарға қатысты тағы бір жағымды жаңалықты жария етті. Ақтау қаласында өткен жылдың тамыз айында басталған мүгедектерге арналған спорт кешенінің құрылысы жыл соңында аяқталған. Мұқтаж жандар 15 жыл күткен залға жергілікті бюджеттен 108 миллион теңге бөлініпті. Өңірдегі мүгедектер спорт клубына 167 адам тіркелген, жыл соңына дейін олардың саны 300-ге жетеді деп күтілуде. Ал волейбол, үстел теннисі, шахмат пен дойбы ойнауға мүмкіндік беретін, киім ауыстыратын орын мен жуынып-шайынатын бөлмесі бар, едені жылытылған залға қазір мүмкіндігі шектеулі 60 адам келіп жаттығып жүр. Клуб жетекшісінің айтуынша, кешенге өңірдегі ірі компания 5 миллион теңге көлемінде демеушілік көрсеткен. Жүгіру және веложаттығу, кір тастары, спорттық киімдер мен теннис, волейбол торлары, доп, өзге де спорттық құрал-жабдықтар алыныпты. Алдағы уақытта демеушілерден көмек болса, үлкен теннис залын ашу мен арбамен спорттық би билеу түрлерін ашу, сондай-ақ, зағип жандар үшін голбол ойынын жолға қою жоспарда бар. Биыл көктемде облыстың аудандары мен қалаларында ондаған спорт түрлері бойынша жарыстар өткізіп, өңір спортшыларын республикалық сайыстарға шығару межеленіп отыр. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Маңғыстау облысы