Астанада Сирия бойынша келіссөздер 23 қаңтарда өтеді деп белгіленген. Дүние жүзіне танымал бұқаралық ақпарат құралдарында Астананың аты жиі аталып, Қазақстан Президентінің ұйытқы болуымен, Ресей, АҚШ, Түркия және Иранның қолдауымен бас қаламызда Сирия үкіметі мен оппозиция өкілдері арасында өтетін келіссөздердің нәтижелерін халықаралық қоғамдастық тағатсыздана күтуде. Сирия соңғы бес-алты жылда әртүрлі күштердің геосаяси текетірес алаңына, аймақтағы тұрақсыздық пен терроризмнің басты таралу ошағына айналуы бекер емес.
Бір кездері Араб елдері арасындағы ең ілгерішіл, дамыған Сирия мемлекеттілігіне орны толмас залал келтіріліп, қоғамдық-саяси институттардың быт-шыты шығып, қалалары мен инфрақұрылымдары, тарихи мұрасы қиратылып, халқы жік-жікке бөлініп, босып кеткен.
Сирияда рим, христиан, аббасид, салжұқ, осман дәуірлеріне жататын тарихи ескерткіштер жойылды. Сонда жерленген ата-бабаларымыз – ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби мен Египет пен Сирияның XIII ғасырдағы билеушісі Сұлтан Әз-Захир Бейбарыстың да мазарлары қараусыз қалды.
2011 жылы аймақта «Араб көктемі» деген ұранмен кең тараған қоғамдық наразылық шаралары басында бейбіт сипат алғанымен, өзге саяси күштердің араласып, іріткі салуымен үкімет пен халық арасындағы қақтығыс тұтанып, азамат соғысына алып келген. Кейінірек ішкі соғыс аймақтық және халықаралық күштердің қатысуымен гибридтік, аралас соғысқа айналып, тек Таяу Шығыс қана емес, сонымен бірге, Еуропа, Түркия, Африка, Орталық Азия сияқты басқа да аймақтарға қауіп төндіре бастады. Сирия соғысында жарты миллион кісі өліп, сириялықтардың көршілес елдерге бас сауғалап жаппай көшуі үлкен халықаралық мәселеге айналды.
«Араб көктемі» саяси-әлеуметтік ахуалдың нашарлауынан бастау алғанымен, Сириядағы ішкі жағдайдың ушығуына аймақтағы идеологиялық және конфессияаралық бәсекелестік себеп болды. Радикалды ұйымдардың ықпалымен жастар арасында діни экстремизм идеялары кең тарады. Геосаяси мақсаттарды көздеген алпауыт және аймақтық мемлекеттер соғысушы тараптарға, өз жақтастарына қарумен, қаржылай және моральдық қолдау көрсетті. АҚШ, Еуропалық Одақ, Түркия, Сауд Арабиясы, Қатар қарулы оппозицияны, ал Ресей мен Иран Дамаск үкіметін қолдады.
2015 жылы Ресей Федерациясы Сирия аумағына өз әскерін енгізгелі бері соғыстағы әскери тепе-теңдік Сирия үкіметінің пайдасына күрт өзгерді. 2016 жылғы көктемде және күзде Женева, Вена және Лозанна қалаларында өткен келіссөздер, сонымен бірге, АҚШ және Ресейдің сыртқы саясат ведомстволары басшыларының кездесулері екі жаққа пайдалы болғанымен, мардымды нәтиже бермеді. Тараптар арасында терроршыл топтарды оппозициядан ажырату жөнінде сенімсіздік пен бір-бірін айыптау көп болғандықтан, Сирия келіссөздері тығырыққа тірелді.
2016 жылғы тамызда Ресей мен Түркия арасындағы саяси дағдарыс Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың да жеке үлес қосуымен өз шешімін тапты. Санкт-Петербургте қол қойылған Ресей-Түркия келісімі Таяу Шығыстағы геосаясат пен қауіпсіздік жүйесіне өзгерістер алып келді. Екіжақты маңызды келісімнің артынан Түркия өз қауіпсіздігін қорғау мақсатында Сирияның солтүстігінде «Евфрат қалқаны» атты әскери операция жүргізуге кірісті. Ал кейбір оппозициялық топтар Алеппо маңынан әл-Баб маңына ойысты. Ресей мен Түркия толығымен қоршауға алынған Алеппо қаласынан бейбіт тұрғындар мен қарулы оппозицияны қала сыртына шығару операцияларында маңызды рөл атқарды.
Желтоқсан айында Ресей, Түркия және Иран Мәскеуде қабылдаған декларацияда Сирия мемлекетінің зайырлы сипаты, жерінің тұтастығы баса айтылды. Кейін Қазақстанға Сирия бойынша келіссөздерді Астанада өткізу туралы ұсыныс жасалды. Елбасы Н.Назарбаев Қазақстанның аталған бейбіт келіссөздерді өткізуге дайын екенін мәлімдеді. Астанада өтетін келіссөздің 9 ақпанда Женевада БҰҰ деңгейінде ұйымдастырылатын келіссөз үшін пайдалы болуы мүмкін. 29 желтоқсанда Түркия мен Ресейдің бастамасымен Сирия үкіметі және оппозиция арасында атысты тоқтату жөнінде келісімге қол қойылды. Кейінірек аталған келісім БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде қаралып, бірауыздан қабылданды.
Одан бері атысты тоқтату режіміне бірнеше мәрте қауіп төнгеніне қарамастан, Сирия қарулы оппозициясының тоғыз-он екі тобы Түркияның және тараптардың ықпалымен Астанаға келуге келісімін берді. Астана келіссөздерінің негізгі мақсаты – атысты тоқтату режімін нығайту, халықаралық байқаушыларды аймақтарға жіберу сияқты саяси емес, әскери мәселелерді шешу. Сондықтан Қазақстанға келетін оппозиция өкілдерінің басым бөлігін әскери кадрлар құрайды. Оппозицияны «Жәйш әл-Ислам» тобының жетекшісі Мұхаммад Аллуш бастап келетін болды. Бұл кандидатураны, жалпы, Астанада өтетін кездесуді «Сириядағы келіссөздер жөніндегі жоғары кеңес» те сырттай қолдайтынын мәлімдеді. Қалған «Ахрар әш-Шам» сияқты алты топ әліптің артын бағып, атысты тоқтату режімін «жартылай» қолдап отыр деуге болады. Олар Идлиб маңындағы террорлық топ деп танылған радикалды «Жәбхат Фатх-әш-Шам» жасақтарына жақындығымен көзге түскен.
Жалпы, Астанада өтетін келіссөздерге әртүрлі көзқарас айтылуда. Негізі, араб және шетелдік сарапшылар алдағы кездесуге байланысты күмән немесе үміт білдіріп отыр. Мысалы, «Чазам Хаус» зерттеу орталығының маманы Лина Хатиб атысты тоқтату әскери ойынның бір бөлігі деп пайымдаса, Чарльз Листер Сириядағы соғыстың әлі тоқтамағанын айтып, оппозиция жағдайдың өзгеруін күтетінін айтты.
Араб қоғамына келсек, әрине, дүние жүзінің басты қақтығысына айналған Сирия мәселесінің жуырда оңай шешіле салатынына ешкім сенбейді. Дегенмен, бейбіт арабтардың басым бөлігі Сирияда соғыстың тезірек аяқталып, қантөгістің тоқтағанын күтіп отыр. Араб басылымдары соңғы бір ай көлемінде Астанада өтетін келіссөздерге айрықша көңіл бөліп, қарама-қайшы сараптамалар ұсынуда. Мысалы, «Әш-Шарқ әл-Аусат» атысты тоқтатудың гарант ел – Ресейдің өзі үшін маңызды екенін жазса, «Рәй-әл-Яум» ыдыраңқы оппозиция үшін Астанаға барып, келіссөз үстеліне отырудан басқа амал жоқ екенін айтуда.
«Orient-news» оппозициялық порталы Астанадағы кездесуге қарсы тараптың жеңімпаз, ал оппозицияның жеңілген тарап ретінде қатысатынын алға тартып, соңғысының өз талаптарын батыл түрде айта алмайтынын жазды. Басылым Астанадағы кездесуде Сирия төңкерісі талаптарының толық ескерілмейтінін, қарсы тараптың ұстанымын күшейтетінін, тіпті оппозицияның Астанаға капитуляцияға қол қоюға бара жатқанын айтады. Портал Астанаға келетін оппозициялық топтардың Дамаскінің әскеріне қосылып, ИШИМ мен «Фатх-әш-Шам» террорлық ұйымдарына қарсы соғысқа қатыстырылып, одан әрі бөлшектену мүмкіндігін тілге тиек етті. Себебі, террорлық топтарға бірлескен шабуыл ұйымдастырылған жағдайда радикалды топтарға бүйрегі бұратын көтерілісшілерге де қиын болатыны белгілі. Топтар радикалды және радикалды емес екі топқа бөлінуге мәжбүрленуі мүмкін. Сондықтан автор Сириядағы соғыс әлі жалғасады деп санайды. Көптеген тараптар АҚШ-тың жаңа президенті Д.Трамптың билікке келуін күтіп отыр десек, жаңылмаймыз.
Астанада жоспарланған келіссөздер Сирия мен Таяу Шығыс тарихындағы сапалы секіріс және дәнекер нүкте болу мүмкіндігі де айтылуда.
«Әл-Ахбар» газеті Астана келіссөздерінде күрделі халықаралық және аймақтық салдарлары болатын мәселелердің қаралатынын, кездесу нәтижелерінің саяси шешім жолын жаңа белестерге бастап, Сирия соғысының тағдырын өзгертуі мүмкіндігін жазды. Басылым үш мемлекеттің ықпалымен өтетін кездесудің аймақтық және халықаралық саяси жағдайдың келешегін анықтайтынын көлденең тартты. «Reuters» те Сирияның аталған үш елдің ықпал алаңдарына бөлінетінін айтты. Қазір үш елдің сарапшылары арасында Сирияға байланысты пікірталастар жүріп жатыр.
Сириялық саясаттанушы Хисам Шуайыб «Xinhua» агенттігіне берген сұхбатында «Астана келіссөздері – саяси шешімді іздеудің нәтижесі. Яғни, келіссөздер Ресей, Түркия және Иран арасында жүрді. Бұл келіссөздерге Түркияның қатысуы да аса маңызды» деп мәлімдеген. Шуайыб «Біз қазір халықаралық, аймақтық жағдайдың түбегейлі және шынайы өзгеруінің алдында тұрмыз. Егер басқа да топтар оқ атуды тоқтатса, Астана келіссөздері Женева келіссөздерінің алдында саяси картаға айналар еді», деді.
Сириялық саясаттанушы Махир Ихсан қазіргі жағдайдың Астана келіссөздері үшін әлі пісіп-жетілмегенін алға тартады. «Бұрынғы кездесулерге қарағанда, Астанада өтетін кездесу күрделі болғанымен, қазіргі саяси ахуал және майдандағы жағдай келіссөздер үшін қолайлы емес», деп топшылайды ол. Оппозиция өкілі Ала Арафат «Астана өтетін келіссөздер дағдарысты тоқтату үшін тарихи мүмкіндік болғандықтан, сәтті аяқталуы тиіс», дейді.
Қалай десек те, Астанада өтетін кездесуден байқаушылар көп нәрсе күтпегенімен, келіссөздердің өтуінің өзі бейбітшілікке қарай жасалған алғашқы әрі маңызды қадам екенін мойындайды. Араб және шетелдік басылымдарда Астана келіссөздерінің көп талқылануы соның айғағы. Демек, халықаралық қоғамдастық та, Сирия қақтығысына қатысушылар да тұрақсыздықтан, соғыстан қажығаны аңғарылады. Соғысты тоқтату үшін шешімді қадамдарға бару қажеттілігін әлем де түсініп отыр. Сондықтан мәселені алпауыт елдердің қатысуымен шешкен жөн. Соған орай келіссөз алаңы ретінде Астананың таңдалуы да кездейсоқ емес. Бұл Елбасымыздың халықаралық шиеленістерді шешудегі бітімгерлік рөлі мен зор беделінің көрінісі.
Қазақстан Сирия мәселесінің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарары шеңберінде саяси түрде шешілгенін қалайды. Әлбетте, Сириядағы саяси дағдарыстың халықаралық, аймақтық және тағы басқа білінбеген қырлары бары анық. Дегенмен, аталған кездесулердің елімізде өтуі бітімгерлік және көпжақты дипломатия жүргізіп отырған, жуырда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде қызметіне кіріскен мемлекетіміздің қауіпсіздігі, аймағымыздың тұрақтылығы, ұлттық күшін арттыру үшін айрықша маңызға ие.
Жанат МОМЫНҚҰЛОВ,
шығыстанушы