Осындай ойды Ұлттық кітапханаға жиналған Қазақстан Республикасы президенттігінен үміткер 4 кандидаттың сайлауалды штабының жетекшілері журналистермен болған кездесуде айтты.
БАҚ өкілдері, әрине, штаб жетекшілеріне кандидатыңыз жеңіске жетеді деп ойлайсыз ба деген сауал тастаған. Ғани Қасымовтың сайлауалды штабының жетекшісі Гүлдана Нұрпейісова: «Генерал болуды армандамаған жауынгер жауынгер емес», сондықтан жеңіске жетуге кім ұмтылмайды», – деп штаб жетекшілерінің барлығының ойын қорытқандай жауап қайтарды.
Кездесуге жиналғандар сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына уақыт пен қаражат аздығы қолбайлау болды десе де, Мэлс Елеусізовтің сайлауалды штабының жетекшісі Нұржан Ошанбеков өз кандидаты мен оның сенім білдірілген адамдарының 10 облыста сайлаушыларымен кездесулер өткізгендігін айтты. Сондай-ақ жиналғандар сайлау күні жақындаған сайын үміткерлердің әрбір минөті еңбек ұжымдарында, халықтың арасында, ауыл-село тұрығындарымен кездесіп, зиялы қауыммен, шығармашылық орталарда өтіп жатқанын ортаға салды.
Басқосуда модераторлықтың тізгінін ұстаған «Айт-Парк» пікірсайыс клубының төрағасы Нұрлан Ерімбетов 4 штаб жетекшілерінен егер бір-бірлеріңіздің жұмыстарыңызға деген көңіл толмаушылықтар болса, қысқаша айтып беріңіздер, деп ортақ сауал тастады. Алайда, қай тарап та өрескел ауытқушылық орын алмағанын айтты.
Журналистер тарапынан халық дауыс беруге қаншалықты белсенді қатысады деп ойлайсыздар, деген сауалға 25 пайыздан 90-ға дейін халық қатынасады, деген түрлі жорамалдар көлденең тартылды. Және аймақтар ішінде электораттың сайлауға келуінің ең төменгі мөлшері Алматыда көрініс беруі мүмкін деген де пікір айтылды. Штаб жетекшілерінің ойынша, мегаполис тұрғындары басқа өңірлерге қарағанда сайлауға белсенді емес. Алайда, дейді жиналғандар, көшелерге ілінген билбордтар мен үгіт плакаттары емес, халықпен жүргізілген кездесулер, ойлар айтылған жүздесулер өз жемісін береді.
«Егемен-ақпарат».
Алматы.