• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
20 Қаңтар, 2017

Бөлінген Кипр біріге ме?

635 рет
көрсетілді

Қазір біраз жұрттың назары Кипр аралына ауған. Сырттай бір мемлекеттей көрінгенмен, онда іс жүзінде, екі мемлекет қатар өмір сүріп жатыр. Оларды біріктіру туралы әркез әңгіме болады, бірақ сәті түскен емес. Осы жолы да сәті түсетініне күмән көп. Иә, Женева қаласында Кипр Респуб­ли­касының президенті Никос Анаста­сиадис пен Солтүстік Кипр Түрік Респуб­ликасының президенті Мұстафа Акын­жы арасында келіссөз жүріп жатыр. Оған Түркия мен Грекияның өкілдері, сондай-ақ, 1960 жылға дейін аралды отарлаушы болған Ұлыбританияның өкілі қатысуда. Бұл келіссөздің мәнін ұғу үшін азын-аулақ тарихқа үңілмей болмайды. Аралда грек және түрік халықтарының өкілдері тұрады. Гректер саны көптеу. Сол көптігіне басып, әркез түріктерге қысым көрсетеді. Бұлардың өміріне, сондай-ақ, Грекия мен Түркияның араласатыны бар. Сондай оқиға 1974 жылы болған. Сол тұста Грекияны әскерилер билегені белгілі. Олар Кипрді түріктерден «тазалауды» ойлаған. Одан кейін тек грегі ғана қалған аралды Грекияға қосып алуға жол ашылады. Грекиядан мұндай емеурін аңғарған кипрлік гректер кипрлік түріктерге шабуылға көшті. Көшкенде, қырып-жоюды бастады. Балаларды да аямады. Азшылық түріктер топтасып, қарсылық көрсеткенімен, көптің аты – көп, біраз адам қырылған, біразы қашқан. Сонда оларға Түркия көмекке келген. Әскерін түсіріп, аралдық түріктерді де, олардың жерін де қорғап қалған. Сөйтіп, арал, ондағы мемлекет екіге жарылған. Сол бөлінген Кипрге осыдан он жылдай бұрын біздің де барғанымыз бар. Барғанда, оның түрік жағына. Өздерінің шақыруымен. Олар жыл сайын Азаттық күнін атап өтеді. Соған шақырған. Бір апта бойы шағын аймақты армансыз аралағанбыз. Сонда кипрлік гректердің түріктерге жасаған озбырлығының ескерткіштерін де көрдік. Жантүрші­герлік көрініс. Қырылып қалған ауыл тұрғындарының тізімі тасқа қашап жазылған. Бұдан әрі қырып-жою жалғаса бермес үшін, Түркияның сонда араласқанын жөн көрген ойда болғанбыз. Бір жерде, бір елде тұрған соң, жау­ласа бермей, ынтымақтасқан жақсы. Кипр халқын біріктіру мәселесі үнемі көтеріліп жатады. Және ол әлемдік ауқымда сөз болады. Әсіресе, кезінде БҰҰ Бас хатшысы Кофи Аннан бұған бел шешіп кіріскен еді. «Аннан жос­пары» деп аталған «Кипр проблемасын жан-жақты шешудің негіздері» деген құжат пайда болды. Еуроодаққа біріккен мемлекет болып мүшелікке кіру мақсатында референдум да өткізілді. Оны кипрлік түріктердің 65 пайызы құп көрсе, кипрлік гректердің 76 пайызы қарсы болды. Сонда Кофи Аннан: гректер «жоспарға ғана емес, жалпы реттеуге қарсы», деді. Бірақ Еуропа, нақтырақ айтқанда, Еуроодақ басқа пікірде болды. Арада бір апта өткенде ЕО Оңтүстік Кипрді, яғни Кипрдің гректер тұратын жағын өзіне мүше етіп қабылдады. Және Түркияны аралға әскер кіргіздің деп айыптап, сол үшін оны Еуроодаққа қабылдамайтынын мәлімдеді. Бұл әділетсіздік бүгінге дейін жалғасып келеді. СКТР Еуропадан сырт қалып отыр. Қазіргі келіссөз жайында әртүрлі пікір айтылып жатыр. Ол өткен жылғы 12 желтоқсанда басталған. Біреулер бұл келіссөз келісімге жеткізеді десе, бас­қалар күмәнмен қарайды. Күмән­да­натындар ішінде БҰҰ Бас хатшы­сы Антониу Гутерриш те бар. Қалама­ған­дықтан емес-ау, келісе алмайтын жай­лардың көптігінен солай дейді. Ол қандай жайлар? Біріккен күнде де, бұлар федерация болмақ. Араларын шекара бөлмек. Демек, әрқайсысында өз жері бар. Қазір СКТР аралдың 36 пайыз аумағын иемденсе, Кипр үкіметі соның біразын грек жағына беріңдер дейді. Әйтпесе бірікпейтінін айтады. Әзірге түріктер 6,8 пайыз ұсынады. Оған оңтүстік жақ келіспеуі мүмкін. Содан соң, сырттан келгендердің мәртебесін айқындау да мәселе. Шиеленіс басталғалы бері мұнда 100 мыңдай түрік келген. Бір жағы, қандастарының қарасын көбейтіп, гректердің қысымына қарсы тұрмақ ниетпен келсе, тағы біраз жұрт аралдың жұмақтай жерінде өз шаруасын жүргізбек ойда. Солардың мәртебесі қандай болмақ? Оларға азаматтық беруге грек жағы қарсы. Түркия арал біріккен күнде ондағы тү­рік халқының қауіпсіздігіне күмәнмен қа­райды. Содан да сыртқы істер министрі Мәу­літ Чауышоғлы аралдан өз әскерін әкет­­пейтінін мәлімдеп үлгерді. Ал келіс­сөз­де халық қауіпсіздігін БҰҰ-ның күш­­те­рі қадағалайтыны туралы әңгіме ай­тылуда. Кипрліктер біріге ме? Әзірге белгісіз. Мамадияр ЖАҚЫП, журналист