• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Сәуір, 2011

Дүбірге толы дүние

397 рет
көрсетілді

ЖАҒДАЙСЫЗ ЕЛДЕН ХАЛЫҚ КЕТУГЕ АСЫҒАДЫ Араб революциясының от-жалынына шарпылған елдің бірі – сонау айтарлықтай алыста, Африканың батыс-орталығында жатқан Кот-д’Ивуар. Көп адам бұл елге революция ұшқыны қалай жетті дейді. Әрине, революция да өзіне қа­жет­ті топырақта өсіп-өнеді. Ал Кот-д’И­вуарда ондай жағ­дай көптен бері қа­лыптасқан. Әскери төңкеріс те осында, азамат соғысы бірде күшейіп, бірде басылады. Африкадағы бас­­қа көрші елдерге қарағанда, бұл елде еуропалық билік жүйесі тереңірек енген. Кейде оның африкалық жүйемен үйлесе бермейтіні бар да, содан қайшылық туып жатады. Өткен жылдың аяғында бұл елде президенттік сайлау өтті. Сонда биліктегі Лоран Гбагбо мен оппозиция көсемі Алассан Уаттара күреске түскен. Сайлау қорытындысы бойынша екеуі де өздерін жеңіске жеттім деп жа­рия­лап, тіпті үкімет басшыларын да тағайындап жіберді. Сөйтіп, қос үкімет пайда болған. Бірақ бұ­­рын­нан қолында билігі бар Гбагбо әскерге арқа сүйеп, өз тәр­тібін орнықтырды. Револю­ция­лық жағ­дай осылай қалыптасты да, оған алыстағы араб революциясының ұшқыны тиді. Бұл елдегі жағдайға сырт елдер үнемі белсенді араласады. Әсіресе, Францияның бір кездегі отарына өзінің бір бөлшегіндей қа­райтыны бар. Тіпті онда бітімгершілік күш ретінде француз әс­керінің тұрғаны заңдылықтай кө­рінеді. Елдегі қақтығыстарға ара­ла­сып, олардың бір жағын жақ­тап, қоғамда қайшылық тудырады. Негізінен бұл елде басты қай­шы­лық дінге қатысты. Халықтың басым көпшілігі жергілікті дінді ұстанғанымен, сандары аздау бол­са да, қақтығыс мұсылмандар мен христиандар арасында өтеді. Мұсылмандар елдің солтүс­ті­гін­де, ал христиандар оңтүстігінде тұратындықтан да, қақтығыстар солтүстік пен оңтүстік арасында. 2003-2007 жылдарда сол қақ­ты­ғыс шарықтау шегіне жеткенде, Франция оң­түс­тік­тегі хрис­тиан­дар­ды жақтап, со­ның ар­қа­сында қа­зіргі пре­з­идент Лоран Гбаг­бо билікке жет­кен еді. Қазір Франция ел­дің солтүстік жа­ғын, мұсыл­мандар жа­ғын, оның көсемі Алассан Уат­та­раны жақтайды. Жақта­ғанда фра­н­цуздар БҰҰ Қауіпсіздік Ке­ңесіне Кот-д’Ивуар басшылы­ғы­на, атап айтқанда, президент Л.Гбаг­бо мен оның жұ­байына қар­сы санкция туралы қарардың жоба­сын әзірлеп, талқылауға ұсынып отыр. Жалпы БҰҰ, Африка одағы, АҚШ бастаған біраз ел өткен жыл­ғы сайлау қорытындысы бо­йынша оппозиция өкілі А.Уаттара жеңіске жеткен деп есептейді, Л.Гбагбоны биліктен кетуге ша­қы­рады. Бұл мәселе өткен жылы 9 желтоқсанда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде қара­лып, Гбагбоны айып­тағанда, Ресей вето құқын пай­даланып, қарарды қабыл­датпай тастаған. Одан кейін БҰҰ Бас ассамблеясы Алассан Уатта­ра­ның президенттігін таны­ған ше­шім қабылдады. Араб революциясына байла­нысты Кот-д’Ивуардағы жағдай шиеленісе түсті. Сол Араб дү­ние­сіндегі шарпысуда Батыс оп­по­зицияны жақтап, тіпті Ливия­дағы соғысқа араласып кетсе, Кот-д’Ивуарда да оппозицияны қол­да­ды. Сөйтіп, ең алдымен АҚШ пен Франция белсенді түр­де Гбагбоны айыптап, оны кетуге мәжбүрлеуде. Күш қолдануға дейін баратын сыңайларын аңғарт­ты. Бұл Гбаг­боны мықтап ойлан­дырса, Уат­та­раны жігерлендіріп отыр. Сон­дық­тан да бұл елдегі жағдай жаңа бет-бұрыс алуы әбден мүмкін. Билік­тің зорлы­ғы­на шыдамаған халық көрші елдерге кетіп жатыр. Қазірге дейін бір миллиондай адам елден кеткен. Сірә, бұл елдегі жағдай шиеленісе түсетіндей қауіпте.   БИЛІККЕ ҚҰМАРЛЫҚ АДАМҒА НЕ ІСТЕТПЕЙДІ! Әлемнің ақпарат құралдары Гватемаланың президенті Альваро Коломның зайыбы Сандра Торрес де Колом алдағы сайлауда президенттік күреске түсу үшін қазіргі президент-күйеуінен ажыраспақ болғанын жарыса хабарлап жатыр. Әңгіме мынада. Бұл елдің заңы қыз­меттегі прези­дент­тің туысқандары оның қызметін, яғ­ни оның президенттік орнын мұрагер­ліктей жолмен иемденуге жеткізетін әрекеттерге тыйым салады. Әйелі де туыс. Оған да тыйым бар. Тыйымнан құтылудың бір жолы – ажырасу. Сандра Торрес соны қалап отыр. Әдетте некеден пайда табу үшін жұрттың жалған некеге тұ­руы болушы еді. Ал бұлар ажы­расудан пайда көрмек. Сирек кездесетін жағ­дай. Сандра Тор­рес­тің өзінің ай­туынша, ол «өз елі­нің қамы үшін ажырасуға барған жалғыз әйел». Бұлардың елдің қамы үшін деуі – өздерінің топшылауы. Қазіргі президенттің әйелі президенттікке түскенінен, тіпті сол күресте жеңіп шыққанынан Гватемала халқы ба­қыт­қа жете қоятыны күмәнді. Ал би­лікке жету бұлар үшін бақыт болуы әбден мүмкін. Әрине, Альбаро Коломның президенттік мерзімі кезінде оның зайыбы ретінде Сандра Торрес те биліктің біраз игілігін көрген сы­ңай­лы. Ресми түрде кедейшілікпен күреске қатысты мем­лекеттік бағ­дар­ламаға бас­шы­лық жасаған екен. Осының өзінен де биліктің біраз дәмін татқан. Бірақ президент­тің оппоненттері елдің бірінші ледиі би­ліктің біраз тұтқасын ұстаған дегенді айтады. Енді содан ай­рыл­мас үшін көп адам есіте қой­ма­ған әрекетке де барып отыр. Ал сол билікке құмарлар оны ел қамы үшін деп ақталып қана қоймай, мақтан да тұтатындай. Ақ­парат құралдары хабарлаған­дай, 51 жастағы Сандра Торрес ба­қытты некелерін ел үшін құр­бан ететінін мәлімдеп: «Мен кү­йеуім­мен ажырасқанынмен, ха­лық­қа тұр­мысқа шы­ғамын», депті бас­пасөз мә­жі­лі­сін­де жы­лап тұ­рып. Әр елдің өз мен­талитеті бар дейміз. Сөйтсе де, билік үшін мұндай қадам­ға баруды майя дейтін көне мә­дениет­тің ұрпақтары да (Гватемалада негізінен сол көне халық­тар­дың  өкіл­дері тұ­ра­ды) қолдай қо­юы екіта­лай-ау дей­сің. Бұл өзі үлкен әдепке сыя қой­майтындай. Елдегі оппозиция өкіл­дері бұған «сайлау алаяқ­ты­ғы» деген сипаттама да беріп үлгеріпті. Әлемде күйеуінен кейін билікке келген әйел қайраткерлер аз емес. Сол Латын Америкасында да бар. Бірақ мұндай некені бұзу жолымен емес, демократияның ақ жолымен, халықтың қалауымен, күйеулерінің игіліктерін жалғастырсын деген көп­шіліктің тілегімен жеткен. Әлем халқы бұл ретте Шри Ланкада ха­лық­тың қалауымен күйеуінің ор­нын басқан Бандана Райкені ұмыт­пайды. Әйтпесе, Үндістандай ұлы держава­ның премьер-министрі Раджив Ганди қайтыс болғаннан кейін оның жесірі Соня өз партиясы – Ұлттық конгресс жеңіске жеткенде, биліктен өзі бас тартып, премьер-министрлік қызметті басқаға ұсын­ғанын да жұрт біледі. Мұндай мысалдар көп. Сандра Торрестің сенің қа­мың үшін күйеуіммен ажыраса­мын дегеніне халықтың жүрегі елжірей қояр ма екен. Ол бұрын да күйеуінен ажырап, биліктегі Коломға тиген. Енді сол биліктен ажырағысы келмей, тағы да күйеуімен ажырасқысы келеді. Биліксүйгіш әйелінің кесірінен Тунис президенті Бен Әли де халыққа жеккөрінішті болды. Кот-д’Ивуардың президенті Л.Гбагбоға да биліксүйгіш әйелінің жетегінде болдың деген кінә тағылды. Ал билік үшін күйеуін құрбан ететін әйелді халықтың жақтай қоятыны күмәнді. Мамадияр ЖАҚЫП.