Ішкі істер министрлігі көліктегі ішкі істер департаментінің жедел кеңесі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кеңес барысында айтылғандай, 2016 жылы департаменттің қарауындағы учаскеде 2642 құқық бұзушылық тіркеліп, оның 1796-сы қылмыс және 846-сы теріс қылық санаттарына жатқызылған. Кешенді шаралардың нәтижесінде қылмыстар саны – 11,2 пайызға, оның ішінде ауыр қылмыстар 6,5 пайызға төмендеген. Сонымен қатар, бұзақылық – 28,8 пайызға, қарашылық – 22,7 пайызға, алаяқтық – 20 пайызға, бөтеннің мүлкін ұрлау 10,2 пайызға азайды.
«Қылмыскерлерді іздестіру бойынша тиісті жұмыстар атқарылды. Өткен жылы ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасағаны үшін ішкі істер органдарынан жасырынып жүрген 38 қылмыскер ұсталды», делінген департаменттің мәліметінде.
Былтыр көліктегі ішкі істер департаментінің желілік бөлімшелері есірткі заттарының заңсыз айналымына байланысты 453 фактіні анықтады. Көлік полицейлері 1 тоннадан астам түрлі есірткі заттарды тәркіледі. Оның ішінде 3 келіден астамы героин. Өткен жылы бұзақылық пен мәдениетсіздікке қатысты теріс қылықтары үшін әкімшілік жауапкершілікке 57 мың құқық бұзушы тартылды.