• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
23 Қаңтар, 2017

Қасқыр

400 рет
көрсетілді

Әңгіме айтса, менің Ахмет­жан досым айтсын... Қызық әңгіме айтқанда көздері күлім­деп, иығын қайта-қайта қомдап, бір орнында байыз тауып тұра алмай,  өңінің алаулап кететіні бар. Бірде Ахаңның жақын досы қыстың күні «Волгасымен» айдалада ызғытып келе жатқан ғой. Қасында тағы бір жігіт бар. Түн боп қалған кез. Аспан ашық болғанымен, аяз қысып тұрса керек. Қар қалың. Ауылға баратын жол күрелген екен. Екі жігіт музыканы бақыртып қойып, жып-жылы кабинада көсіліп әңгіме айтып келе жатады. Айтпақшы, көліктің жүк салғышына бес-алты қапшық жем артып алған. Кенет айдалада бір қасқыр алдарынан кесіп өтеді. Тежегішті басып үлгермей, қатты екпінмен қасқырды тура жамбастан соғып ұшырып жіберген ғой. Әрең дегенде тоқтап, түсіп барып қараса, байғұс арлан қасқыр екен. Аузынан қаны ағып, өліп қалыпты. Жүк салғышқа салайын десе іші бос емес, артқы орындыққа ұзыннан тастай салып, әрі қарай ызғыта жөнеледі. Айдалада тағы біраз жүреді. Бір кезде музыкаға елтіп отырған шопырдың көзі кабинадағы айнаға түсіп кетсе керек... Сөйтсе артқы орындықта біреу отыр­ған сияқты. Жалт қараса, әлгі қасқыр... Артқы орындықта шоқиып отыр. «Ойбай» деп, бірден тормозды басып, екеуі де далаға атып шыққан ғой. Тағы жолаушы жігіт есігін жаппастан безіп бара жатыр екен, шопыр «Ойбай, есік­ті жап, қасқыр шығып кетпе­сін...» деп айқайлап, есікті сарт жабады. Сонымен айдала... Түн. Жақын арада екеуінен басқа ешкім жоқ. Қар қалың, аяз қысып тұр. Машинаның есігін ашуға қорқады. Арлан қасқырдың ашуы қатты. Екеуін де жайратып тастауы мүмкін. Сыртқы киімдерін кабинаға шешіп қойған екеу ә дегеннен-ақ жаурай бастайды. Тіпті бір орында тұра алмай секіре бастаған ба?... Ал, бұл кезде қасқыр-екең жып-жылы кабинада, музыка тыңда-а-ап отыр... Сазды әуенге ол да елтіп кетсе керек, көлік анда-санда теңселіп-теңселіп қоятын көрінеді... Содан өлдім дегенде алыстан бір көліктің жарығы көрінеді ғой. Шөп артып келе жатқан үлкен машина екен. Алдынан жүгіріп шығып, жағдайды түсіндіреді. Сонымен үлкен көліктің текпешегіне жабысқан бір жігіт қолына бесақа ұстап, әрең дегенде әупірімдеп «Вол­ганың» артқы есігін ашып жіберіпті. Белі есік пен төрдей ұзын, дәу қасқыр екен. Артқы есіктен созылып түсіпті де, бұларға бір қарап қойып, қалың қармен асықпай жорта жөнеліпті. Сөйтсе, жүк көлігіндегі жігіттер «Мына қасқыр «Бір ауыл­дың малын жеуге бара жатыр едім... Жігіттер, рахмет... біраз жерге жеткізіп таста­дың­дар» деп кетіп бара жатқан сияқ­ты ғой...» деп, жаурап қалған екі жігітті одан бетер күлдір­се керек. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан»