• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Қаңтар, 2017

Жүйріктер марапатталды

410 рет
көрсетілді

Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында математика, физика және информатика пәндерінен ХIIІ Халықаралық Жәутіков олимпиадасының жабылу салтанаты өтті. 12-18 қаңтар аралығында Білім және ғылым министрлігінің және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен дәстүрлі білім додасына биыл Ресей, Грузия, Белоруссия, Болгария, Румыния, Моңғолия, Өзбекстан, Түрікменстан, Әзер­байжан сияқты әлемнің 15 елінен 401 оқушыдан тұратын 62 команда қатысқан болатын. Бұл әйгілі білім додасында Қазақстан атынан 144 оқушы бағын сынап көрді. Биылғы олимпиаданың ерек­шелігі – еліміздің әр облысынан құрама командалар қатысты. «Халықаралық дәрежедегі мұн­дай олимпиадаларға алғаш қаты­сып отырған балалалар үшін бұл сайыс үлкен тәжірибе болды. Жалпы, қазақ балалары екі нәрседен мықты түсіп жатады: біреуі бокстан, екіншісі математикадан», – деп профессор Асқар Жұмаділдаев айтқандай, Жәуті­ков олимпиадасында еліміз талай халықаралық олимпиадаларда өзгелерден оза шауып, әлемдік деңгейдегі мықты мектептермен бәсекеге түсіп жүрген республикалық физика-мате­матика мектебіне айрықша үміт артқан еді. Үміт үдеден шыққандай. Сарапшы мамандардың айтуын­ша, олимпиада сұрақ­тары былтырғы жылмен салыс­тырғанда, әлдеқайда күрделі болды. Сондықтан зияткерлік сайы­сында бабы мен бағы қатар жанған дарынды балалар ғана жеңіске жете алды. Олимпиада қорытындысы бойынша, Қазақ­стандағы, алыс-жақын шетелдегі 7 мамандандырылған мектептің құрамасы үздік командалар атанды. Оның ішінде Мәскеуден кел­ген №1329 мектеп ең үздік ко­манда ретінде Гран-приге ие болды. Командалық 1-орынды Сер­бия астанасы Белградтан келген мектеп оқушылары жеңіп алса,  2-орынды Ресейдің Санкт-Петербург қаласының №239 физика-математика лицейі мен Челябі қаласының №31 лицейі бөлісті. 3-орынға Жәутіков атын­дағы республикалық мектеп (Қазақстан), Тбилисиден келген В.Комаров атындағы №199 физика-математика мектебі (Грузия) және Мәскеу мем­лекеттік университетінің (Ре­сей) мамандандырылған оқу-ғылыми орталығының командасы лайық деп танылды. Үздік командалардың әр мүшесіне бағалы сыйлықтар мен арнайы марапат қағаздары табыс етілді. Олимпиадада сарапқа салын­­ған 198 медальдан жекелей біріншілік бойынша 40 алтын, 61 күміс және 97 қола медаль үлестірілді. Қазақстан команда­ла­ры 7 алтын, 18 күміс, 31 қола, жал­­пы саны 56 медаль жеңіп алды. Жоғары деңгейде өткен олим­пиаданың жүлдегерлері мен жеңімпаздарына әл-Фара­би атындағы Қазақ ұлттық уни­верситеті, Қазақ-Британ тех­никалық университеті және Ақпараттық технологиялардың халықаралық университеті арнайы оқу гранттарын табыс етті. Сонымен қатар, олимпиадада қабілет-қарымымен көзге түсе білген оқушыларға Н.Қап­паров атындағы арнайы сыйлық тағайындалды. Ал Бостандық ауданының әкімдігі «Математика есептерін ерекше жолмен шеш­кені үшін» аталымымен жеке марапатын табыс етті. Алғашқы «мүшел жасына» аяқ басқан халықаралық Жәутіков олимпиадасын өткізуде Білім және ғылым министрлігі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Алматы қаласының әкімдігі үлкен қолдау көрсеткенін айта кету керек. Бүкіл әлем мойындаған бұл мектепаралық олимпиаданың мақсаты оқушылар арасында физика-математика ғылымдарын насихаттау, халықаралық әріп­тестікті нығайту, әлемдегі үздік мамандандырылған мектептер арасында достық қарым-қаты­нас орнату, олимпиадалар ұйымдастыру, тәжірибе ал­масу және Қазақстанның бі­лім әлеуетін паш ету болып табылады. Мира БАЙБЕК, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ