Жаһандану үрдісі кейін кетіп бара жатыр
Дүниежүзілік сауда ұйымының мәліметінше, 2016 жылы әлемдік экономикалық жаһандану үрдістері бәсеңдеген көрінеді. 2012 жылы шарықтау шегіне жеткен жаһандану үрдістері сол кездегі дағдарыста құлдырай бастаған. Өйткені, дағдарыс кезінде әр мемлекеттің өз экономикасын күйттеп, ірі компанияларды алдымен ішкі нарыққа жұмыс істеуге мәжбүрлеуі халықаралық саудаға кері әсерін тигізген. Жаһанданудың бастамашысы саналатын АҚШ бұл тұрғыда биыл керісінше тұйықтала түсетін секілді. Таққа келген Дональд Трамп АҚШ-тың бір кездердегі индустриялық қуатын қалпына келтіру үшін елдегі ірі компаниялардың зауыттарын АҚШ-тың ішіне көшіруге мәжбүрлеп, сырттан келетін тауарларға баж салығын қазірден бастап көбейтіп жатыр. Дүниежүзілік форумның панельдік сессиясында жаһанданудың кері кетіп бара жатқанына тағы бір себеп ретінде шараға қатысушылар Еуропадағы ахуалды атады. Өткен жылдың жазында Британияда өткен референдум нәтижесінде азаматтардың басым көпшілігі Британияның Еуроодақтан шығуын қолдап дауыс берген. О бастан бұған қарсы болған Дэвид Кэмерон ақыры өз орнынан кетіп тынды. Ал оның орнына келген Тереза Мэй Біріккен корольдікті Еуроодақтың ортақ нарығынан бөлек шығарамын деп отыр. Нәтижесінде, ондағы ірі компаниялар мен қаржы ұйымдары да «Британия одақтан шықса, біз де бұл жақта қалмаймыз» дегенді айтты. Британияның мұнысынан кейін сарапшылар одақтың болашағына сенімсіздікпен қарай бастады. Оның үстіне Италиядағы президенттік сайлау мен Еуроодақтағы бірнеше елдегі саяси науқандар ЕО-ның экономикалық өсім қарқынын бәсеңдетуі мүмкін екенін айтып дабыл қағуда. Есесіне Азиядағы экономикалық интеграция көңілге қонымды. Өткен жылы Жапония үкіметінің басшысы Синдзо Абэнің Моңғолия мен Орталық Азия елдеріне жасаған мемлекеттік сапары алдағы бірер жылда өз жемісін береді деушілер бар. Сол сапардан кейін Жапонияның Қазақстан бастаған өңір елдеріне салатын инвестициясы аз болса да өсе бастады. Дегенмен, мұны Жапонияның аймақтағы Қытай ықпалының күшейіп кетуінен қауіптеніп әдейі істеп отырғанын жорамалдаушылар да жоқ емес. Ал Қытай болса, биылдан бастап сыртқы экономикаға ерекше назар аудара бастады. Сыртқы экономикаға ықпал ету жолында шығыстағы көршіміздің биыл ішкі экономикалық өсім қарқынын азайтып алғаны да жасырын емес. Өткен жылы құрылған Азиялық инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің бас салымшысы саналатын Қытай алдымен Оңтүстік-Шығыс Азия, кейін Орталық Азия елдерінің инфрақұрылымдық жобасына қаржы салмақшы. Аталған банктің негізгі салымшылары Қытай, Үндістан, Ресей болса, Қазақстанның да аздаған үлесі алдағы уақытта Дүниежүзілік банкпен бәсекелесе алатын ірі қаржы ұйымының ауқымды жобаларының бізде де іске асырылатынынан үміт күттіреді.Прогреске Қазақстан қандай үлес қосады?
Жылдың басты экономикалық жиынына Қазақстан атынан барған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек халықаралық қаржы ұйымдары мен сарапшылар алдында Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. «Төртінші индустриялық революцияға дайындық» тақырыбындағы панельдік сессиясында сөз алған министр, шыны керек, төртінші емес, екінші индустриялық революция кезінде инвесторлардың қызығушылығын тудыратын игіліктерді атады. Әрине, түсті металл мен шикізаттық қазба байлықтар сұраныстан шығып қалатын заман әзірге келе қоймас, дегенмен «Нұрлы жол» бағдарламасында көрсетілген индустрияландыру ісін өңдеуші өнеркәсіппен біріктіре отырып, инновациялық тұрғыда дамытқанда мемлекеттің алдыңғы қатарлы экономикалардың қатарына кіре алатыны сол форумда айтылған еді. Дегенмен, жыл сайын бәсеңдеп бара жатқан жаһанданудың құтқарушысы саналатын Қытайдың Еуропаға ашқан есігінің иесі болып отырған Қазақстан үшін көлік-транзиттік саласы әлемдік нарықтағы «көзір» іспеттес. Өткен аптада ғана Лондонға жеткізген Қытайдың алғашқы жүк пойызы апта сайын тұрақты қатынап, алдағы уақытта Еуропа қалаларына тартылған Қытай көліктерінің саны арта түседі деп болжайды сарапшылар.Ірі бизнестің болашағы
Шарада мамандардың талқыға салған тақырыптарының бірі ірі бизнестің болашағы туралы болды. Мұнда да сарапшылар АҚШ экономикасы мен Трамптың президенттігінен айналып өте алмады. Сала мамандарының пікірінше, төртінші индустриялық революция кезінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі арта түсуі тиіс. Мемлекеттің азаматтар алдындағы кей әлеуметтік міндеттерін енді ірі трансұлттық корпорациялардың мойнына жүктеу керек. Монополияға қарсы заңдардың әлсіздігі, әлемдік деңгейде жемқорлықтың бәсеңдемеуі шағын бизнестің ірі кәсіпорындар алдында бәсекеге қабілетсіздігін туындатып отыр. Мәселені шешу үшін трансұлттық корпорацияларды әкімшілік ресурстармен қыса берудің орнына мемлекеттің міндеттемелерін оларға бөліп берген жөн. Осы тұрғыда сарапшылардың пікірі Дональд Трамптың салық саясатымен ұштасып жатыр. Трамп өзінің сайлауалды бағдарламасында АҚШ-тағы бизнес пен қарапайым халықтың ең үлкен бас ауруына айналған салық мәселесін шешу үшін оны мекемелерге «әділ түрде үйлестіру» керектігін айтқан. «Әділ үйлестіру» дегені, кәсіпкерлер қанша адамды жұмыспен қамтамасыз ететін болса, соған сай салық көлемін белгілеу. Бұл бір жағынан елдегі жұмыссыздық мәселесіне шешім болар еді деген болатын Трамп. Қазақстанда жүргізіліп жатқан жекешелендіру науқанының осы орайда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыратынын айтатындар бар. Давоста сөйлеген сарапшылардың пікірінше, кәсіпкер мемлекет меншігіндегі мекемені сатып ала отырып, ондағы қызметкерлер мүддесі мен мемлекет алдындағы міндеттемелерін де қоса алатынын ескеруі керек. Әрине, бұл тек ұлттық заңнаманың мықтылығымен ғана орындалатын дүние. Бауыржан МҰҚАНОВ, «Егемен Қазақстан»