• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
23 Қаңтар, 2017

Арнаулы елшімен жүздесу

270 рет
көрсетілді

Кеше елордада Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов БҰҰ-ның Сирия жөніндегі арнаулы елшісі Стаффан де Мистурамен кездесіп, тараптар Астанада өтетін Сирия Араб Республикасының үкіметі мен сириялық қарулы оппозиция арасындағы ахуалды реттеу жөніндегі халықаралық кездесу жайын талқылады, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі. Стаффан де Мистура БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің атынан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сириялық келіссөздер үшін алаң ұйымдастырғанына ризашылығын білдіріп, БҰҰ-ның Астанадағы кездесу идеясын бірінші болып қолдағандығын атап өтті. Ал Қайрат Әбдірахманов өз кезегінде Қазақстан БҰҰ-ны Сирия бойынша келіссөздерді ұйымдастыру процесінің жетекші қатысушысы ретінде қарастыратындығын және Астанада өтетін кездесу Женева бейбіт келіссөздерінің кезекті раундына дайындық барысына оң үлес қосатындығына тоқталды. Сондай-ақ, олар кездесуге дайындықтың іс жүзіндегі ұйымдастырушылық аспектілерін жан-жақты талқылап, сириялық жанжалды реттеу бойынша белсенді күш-жігерді жалғастыру қажеттігіне назар аударды. Әңгімелесу барысында Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосының басшысы БҰҰ-ның арнаулы елшісіне еліміздің бітімгершілік бастамалары мен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігі кезіндегі қызметінің басымдықтарын таныстырды. Сонымен қатар, Сыртқы істер министрі Қ.Әб­дірахманов осы күні Иран Ислам Респуб­ли­касы мен Ресей Федерациясы және Түркия Республикасы делегацияларының басшыларымен де кездесіп, Астанадағы сириялық реттеу жөніндегі халықаралық кездесуге дайындықтың түрлі аспектілерін талқыға салды.