Алдын ала мәліметтер бойынша, 2016 жылы Қытайдың күннен алатын энергиясы 34,24 гигаватты құраған. Ал 2015 жылы бұл көрсеткіш 15,16 гигаватт болған еді. Ал 2014 жылы Қытай 10,6 гигаватт күн энергиясын тұтынған. Осылайша соңғы үш жылда Қытай күннен алатын қуатты үш есеге, ал бір жылда екі есеге арттырып отыр, деп жазады zakon.kz.
Қытайдың бұл жетістігі әлем бойынша күн энергетикасы саласына да жаңалық болды. 2016 жылы түрлі мәліметтер бойынша дүние жүзінде 70 (кей деректерде 76) гигаватт күн энергиясы алынған. Осының тең жартысы Қытайдың үлесінде.
Тіпті, Қытайдан өзге мемлекеттерде де күннен энергия алатын құрылғылар негізінен Қытайдан шыққан бұйымдар. Бес-алты жыл бұрын Қытай күннен энергия алу тұрғысынан Еуропа елдерінен қалып келе жатқан болса, қазірде әлем бойынша адамдарды осы салада жұмыспен қамту және нақты өнім алу тұрғысынан Қытай көшбасшы мемлекетке айналып үлгерді.
2020 жылға қарай ел билігі күннен алатын қуатты 105-110 гигаваттқа дейін жеткізуді жоспарлап отыр.