• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
23 Қаңтар, 2017

Еркебұлан Сейдахмет: Гранаткин турнирін келесі жылы жеңеміз деп үміттенемін

412 рет
көрсетілді

Гранаткин Мемориалы-2017 турнирінің үздік шабуылшысы Еркебұлан Сейдахмет жарыстан алған әсері, алға қойған мақсаты, Қазақстан премьер-лигасында кімнің ойынына еліктейтінін мәлімдеді. Бұл туралы sports.kz хабарлады. «Бізге үлкен сенім артып, тілеуімізді тілеген жанкүйерлерге алғысымыз шексіз. Бұл турнирден үлкен тәжірибе жинап қайттық. Жіберген қателіктеріміздің орнын толтырып, бұл мақсатымызға келесі жылы жетеміз деген үміттемін. Жеңіске қарыс қадам жетпей қалды. Бірақ күміс жүлдеге жету үшін де аз тер төкпедік», – деді ол. «Ақтық сында қатты қобалжыған болуымыз керек бірден өз ойынымызды көрсетіп кете алмадық. Екінші таймда жинақылық танытып, қарқынымызды үдеттік. Өкінішке орай, қанша қауіпті сәттер жасағанымызбен бір ғана қателіктің орнын толтыра алмадық», – деді жас талант. Өткен жылдың қазан айында Еуропа-2017 турнирінің іріктеу кезеңінде Қазақстан Грекиядан ұтылған. Алайда, ол кезде кеткен есені бұл жолы қайтара білді. «Ол ойынды ұмытпаспын. Бапкеріміз испаниялық болатын, ал қазір өзімізді жақсы білетін жаттықтырушымыз бар. Александр Кузнецов білікті маман. Төрт күннің ішінде жеңімпаз команданы жасақтап шықты», – деді Еркебұлан. Турнирдің «Үздік шабуылшысы» атағын иеленген ол: «Мұндай атақты иеленгеніме қуаныштымын. Бірақ бұл жалғыз менің емес бүкіл командамның еңбегі», – деді. Жас талант бүгінде жекеменшік командалардың бірінде доп теуіп жүр. Халықаралық турнирде үздік атанған футболшының премьер-лига клубтарының бірінде ойнағысы келе ме екен? «Қазір Тараздың «Монтажник» клубында жүрмін. Бұған дейін ұсыныстардың түскені жөнінде білмейді екенмін. Өзімнің Георгий Палович есімді жеке агентім бар. Бұл мәселенің бәрі сол кісінің мойнында. Тек қана Қазақстан премьер-лигасында ғана емес Еуропаның алпауыт командаларында ойнағым келеді. Футболшылардан Бауыржан Исламханға қатты еліктеймін. Ол секілді елімнің мақтанышы болғым келеді», – деді Гранаткин Мемориалы-2017 турнирінің үздік шабуылшысы.