Қазақстанның білім саласы түбегейлі реформалық шараларды жүзеге асыруға бет бұрды
Адамзат дамуының қазіргі деңгейі идеяны үлкен байлыққа, ал білім мен ақпаратты мықты қаруға айналдырғандығын көріп отырмыз. Халықтың жаппай қолдауына ие болып, қоғамды алға сүйрейтіндей өтімді идеясының болуының және соны жүзеге асыра білуінің арқасында қарапайым жас жігіт Билл Гейтс санаулы жылдардың ішінде әлемнің ең бай адамына айналып шыға келді. Қазірде біздің санамыздағы «қаруланған адам» деген түсініктің өзі де жылдам өзгеріп келеді. Осыдан отыз-қырық жыл бұрын «қаруланған адам» деген сөзді естігенде көзімізге шошайтып мылтық асынған, жалаңдатып пышақ ұстаған адам елестей қалатын. Енді бейнені көз алдымызға елестетпес бұрын біздің миымызда «немен қаруланған екен» деген сұрақ алдымен көлденеңдейтін болды. Осы құбылыстың өзі-ақ қару атаулыға жаңа бақталастың пайда болғандығын білдіреді. Оның аты – білім мен ғылым. Ал білім дегеніміздің өзі өмір үшін қажетті толып жатқан ақпараттардың жиынтығынан құралатындығы белгілі.
«Білекті бірді жықса, білімді мыңды жығар», «білімдінің алды – жарық, білімсіздің алды – көң шарық» деген еді қазақ атамыз. Осы сөздің шынайы іске асуының нағыз заманы енді келді ғой деп ойлаймыз. Өйткені қазіргі заманғы технологиялар оларды игере алған адамдардың қолын бұрынғыға қарағанда әлдеқайда ұзарта түсті. Сөйтіп білім мен ғылым және олар туындатқан технологиялар әлемдік дамудың және әлемдік экономикалық қатынастарға зардапсыз интеграцияланудың негізгі локомотивтеріне айналды.
Біздің елімізде халыққа білім беру ісі «Қазақстан-2030» ұзақ мерзімді Стратегиясын жүзеге асырудағы маңызды басымдықтардың бірі болып табылады. Сондықтан бұл салада еліміз өз тәуелсіздігіне ие болғаннан бері күрделі реформалық шаралар үздіксіз жүргізіліп келеді. Ал ол реформалардың жалпы мақсаты – еліміздің білім беру жүйесін жаңа əлеуметтік-экономикалық ортаға бейімдеу болып отыр.
Бұл мақсатқа қол жеткізудің оңай болмайтындығы байқалады. Себебі, сәті түссе, байлықты қалпақпен соғып алуға болар, ал білімді қалпақпен соғып ала алмайсыз. Ол ұзақ жылдарды, жүйелі жұмысты, төзімділік пен табандылықты қажет етуде. Еліміздің білім беру жүйесін жетілдіру əлемдегі бəсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енудің негізгі алғышарттарының бірі ретінде маңызды рөл атқаратындығы белгілі бола түсуде.
Оның үстіне қазіргі халықаралық озық тəжірибелер ерте балалық шақтан ересек жасқа дейін адами капиталға, атап айтқанда, білім беруге бөлінетін инвестицияның экономика мен қоғамға елеулі қайтарымы болатынын, білім беру мен экономикалық табыстың жəне өнімділіктің арасында тығыз байланыстың бар екенін дəлелдеп отыр. Сондықтан мемлекеттің білім беруге бөлетін қаржысына бұрынғыдай əлеуметтік қажеттіліктерге жұмсайтын шығындар деп қарау ғана емес, сонымен қатар оны ұзақ мерзімдік дамуға салған экономикалық инвестициялар деп түсіну де барған сайын белең алуда.
Сонымен қатар жалпы қоғамның игілігіне айнала алатын қазіргі замандық білім экономикалық тиімділігімен қатар басқа да əлеуметтік пайдалар келтіре алады екен. Мәселен, ол азаматтардың басым бөлігінің қатысуымен құрылатын, əлеуметтік бірлігі мен интеграциясы жоғары, құқық бұзушылық деңгейі төмен қоғамның қалыптасуына ықпал етеді. Себебі адамның жастайынан білім алуы оның əлеуметтік, эмоциялық жəне басқа да өмірге қажетті дағдылары мен мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Осы ұғымдардың бәрі қосыла келіп еліміздің білім беру ісінің барлық салаларын одан əрі дамытудың сенімді дəлелдерін туындатады.
Біздің елімізде Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданған. Бұл бағдарламаның негізгі ерекшелігі – білім саласындағы жаңашылдығы және саланың таяу он жылдағы болашағын жүйелі түрде жоспарлағандығы болып табылады. Бағдарлама әлемдегі озық тәжірибелерге сүйене және еліміздің ішкі ерекшеліктері мен мүмкіндігі ескеріле отырылып жасалынған. Сондықтан оны еліміздің даму мақсаттарымен қатар заман талабына жауап бере алады деп айта аламыз.
Бағдарламаны жүзеге асыру жөнінде белгіленген барлық іс-шаралар қажетті қаржымен қамтамасыз етілетін болады.
Ал осы мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың 2011-2015 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары Үкіметтің үстіміздегі жылғы 11 ақпандағы қаулысымен бекітілген болатын. Осы аптада болып өткен Үкімет отырысында бұл мәселе тағы бір пысықталды. Ол туралы негізгі баяндаманы Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов жасады.
Сонымен Білім және ғылым министрінің айтуынша мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырудың алғашқы 5 жылдық кезеңі үшін қазіргі мөлшеріне қосымша 461,1 млрд. теңге бөлу көзделді.
Осыған қосымша ағымдағы жыл үшін тағы да 22,5 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаржы бірінші кезекте салынатын мектептердің құрылысына және мұғалімдердің жалақысын көбейту үшін жұмсалатын болады.
Бағдарламаның бірінші кезеңін жүзеге асыру үшін әзірленген жоспарда жалпы саны 196 іс-шара қарастырылыпты. Соның 37-сі 2011 жылы орындалатын болса, осы күнге дейін 3-уі жүзеге асырылып үлгіріпті.
Мемлекеттік бағдарламада балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамту көзделген. Жалпы, мұндай ауқымды міндеттің біздің елімізде бұған дейін ешуақытта қойылып көрмегендігін еске алатын болсақ, мұның өзін де бағдарламаның бір жаңалығы ретінде атап көрсетуге болады.
Сол үшін аймақтар мен елді мекендердің жай-күйі зерттеліп, жүргізілетін қажетті құрылыстардың нақты кестесі жасалынды. Кестені жасау барысында халықтың 2015 жылға және 2020 жылға дейінгі демографиялық өсім болжамы ескерілгендігін айта кетпекпіз.
Сонымен бағдарламаның осы бір бөлігін жүзеге асыру үшін ғана алдағы 3 жылда елімізде 90 балабақша салынуы қажет. Мұның сыртында, 2015 жылға дейін 615 шағын орталық пен 163 жеке меншік балабақша ашылады. Бұрын жеке меншікте және коммуналдық меншікте болып келген 118 ғимараттарды қайта қайтарып алу есебінен тағы да 154 балабақша жұмыс істейтін болады.
Бағдарламаның тағы бір бағыты еліміздегі орта білім беру ісін дамыту. Оның негізгі мәселесі 12 жылдық оқытуға көшу болып табылады.
Міне, осы үшін елімізде таяудағы жылдардың өзінде барлығы 522 мектеп салынатын болады. Оның 427-сі жалпы білім беретін мектептер де (республикалық бюджеттен 212, жергілікті бюджеттен 215), 46-сы бейіндік мектептер. Ал 49-ы апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептердің орнына салынады. Бұл мектептердің құрылысын жүргізу үшін республикалық бюджеттен алғашқы 3 жылға деп 167,4 млрд. теңге қарастырылған.
Қазіргі күні қай жерден, қандай мектептердің салынатындығы нақты анықталып қойылды. Министрдің айтуынша, бұл мектептер салынған соң оқушы орнына деген сұраныс толық қанағаттандырылып, осы уақытқа дейін қоғамды мазалап келе жатқан үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер проблемасы жойылады.
Тек биылғы жылдың өзінде 82 мектеп салынады. Олардың 30-ы республикалық бюджеттің, 52-сі жергілікті бюджеттердің есебінен салынатын болады.
Министр өз сөзінде 12 жылдық оқытуға көшу кестесі мұқият тексерілгендігін атап көрсетті. Білім беру мен оқыту мазмұнының жаңа стандарттары жасалу үстінде. Соған сәйкес оқулықтар сапасына қойылатын талаптар бұрынғыға қарағанда күшейтіле түскен. Енді олар көп кезеңнен тұратын сараптаулар мен сынақтан өткізілетін болады. Қазірдің өзінде осы кезеңдердің біраз бөліктері іске асырыла бастаған.
Мемлекеттік бағдарламада мұғалім беделін көтеруге ерекше көңіл бөлінген. Бағдарламаның бір бөлімі осы мәселеге арналған.
Бұл мақсат үш бағыт бойынша жүзеге асырылады. Соның біріншісі – мұғалімдердің жалақысын арттыру. Осыған сәйкес бағдарламада олардың орташа жалақысын 2015 жылға қарай жеке сектордағы еңбекақыға теңестіру жоспарланған.
Үстіміздегі жылы барлық бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға көтерілетіндігі белгілі. Бұл мұғалімдерге де қатысты. Сонымен қатар оларға қосымша үстемеақы беру қолға алынады. Мәселен, үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегінен бастап жоғары категориялары бар мұғалімдер мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының шеберлері біліктілігі үшін лауазымдық жалақысының 100 пайызы көлемде қосымша ақы алатын болады.
Мұндай қосымша ақыны басқа да мұғалімдерге төлеу қарастырылған.
Осы мақсатқа биылғы жылға республикалық бюджеттен 5 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінгендігін айта кету қажет.
Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес енді мемлекеттік білім берудің жинақтау жүйесі енгізіледі. Бұл жүйе әр отбасына балаларын оқыту үшін қаражат жинауға мүмкіндік береді. Жинаған сомасына орай мемлекеттен сыйақы бөлінеді.
Қазіргі күні осы мәселені жүзеге асырудың тетіктері талқыланып, нақты есептеулер жасалыну үстінде.
Екіншіден, бағдарлама бойынша мұғалімдер біліктілігін арттырудың жаңа жүйесі жұмыс істейтін болады. Көп ұзамай оған көшу басталады.
Мәселен, республикалық бюджетте биыл алғаш рет аталған мақсатқа қосымша қаражат бөлініп отыр екен.
Мұғалімдерді қайта даярлауда ваучерлік-модульдік қаржыландыру жүйесі енгізіледі. Министр осы жүйе жақында тәжірибелік сынақтан өтетіндігін мәлімдеді.
Үшіншіден, ұстаздар қауымының беделін көтеру бағытында жұмыстар жүргізілетін болады.
Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігінде имидждік жұмыстар тұжырымдамасы әзірленді. Бұл жұмысқа мұғалімдер қауымы, бұқаралық ақпарат құралдары, азаматтық қоғам кеңінен тартылады.
Бағдарламадағы басты жаңалықтардың бірі – электронды оқытуды толығымен меңгеру.
Бұл мақсатқа 134,9 млрд. теңге жоспарлануда.
Электронды оқытуды енгізу бойынша салааралық бағдарлама жобасы жасалды.
Биыл 44 білім беру ұйымында е-learning электронды оқытудың қанатқақты жобасы жұмыс істей бастайды. Бұл жүйеге байланысты барлық мәселелер талқыланды.
Бағдарламада техникалық және кәсіптік білім беру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген. Осылар бойынша кадрлар даярлаудың жаңа моделі енгізілетін болады.
Жаңа модель жұмыс берушілерді белсенді тартуға, үздік әлемдік тәжірибені қазақстандық білім беру жүйесіне бейімдеуге негізделген.
Биылғы Жолдауға сәйкес бизнес-қауымдастықтар мен жұмыс берушілерді қатыстыра отырып Ұлттық кеңес құрылады.
Жаңа модельді іске асыру үшін ұйымдар таңдалды.
Жоғары білім беру саласындағы негізгі міндет – даярлау сапасын арттыру.
Министрлік әлемдік тәжірибе негізінде жоғары оқу орындарының жаңа классификациясын және олардың әр деңгейін анықтауға қажетті өлшемдерді әзірледі.
Осы бойынша зерттеу университеттері қолданысқа енгізіледі. Олардың қызметінде білім берумен қатар, ғылыми зерттеу жұмыстарына ерекше көңіл бөледі.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жоғары оқу орындарының инновациялық қызметі күшейтіледі.
Министр жоғары оқу орындарын іріктеу өлшемдері жасалу үстінде екендігін айтып өтті.
Мемлекеттік бағдарламаны тиімді іске асыру үшін қазіргі уақытта Парламент қарауындағы «Білім туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына депутаттар 17 толықтыру енгізуді ұсыныпты.
60-тан астам нормативтік құқықтық актілерді дайындау жоспарлануда, оның 22-сі биылғы жылы әзірленбек.
Мемлекеттік бағдарламаның орындалуына мониторинг жүргізіліп отыратын болады. Осы істі ілгері жылжыту үшін «Ақпараттық-талдау орталығы» акционерлік қоғамы құрылады.
Бұл орталық мемлекеттік бағдарламаны іске асыру механизмдерін жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындайды. Сонымен қатар, әр кезеңдегі индикаторлардың әлемдегі озық үлгілерге сай келуін қадағалап отырады.
Мемлекеттік бағдарламаның табысты орындалуы қоғам мен мұғалімдер қауымының қолдау көрсетуіне байланысты болатындығы түсінікті.
Осыған орай, министр жоспарланған шараларға қосымша ретінде әлеуметтік тапсырыс тетіктерін іске қосу арқылы азаматтық қоғам институттарын кеңінен тартуды өте маңызды деп санайтындықтарын айтты.
Ондағы мақсат – мұғалім беделін көтеру мен кері байланыс орнатудың негізгі жолдарын қамтамасыз ету.
Үкімет отырысында аталған мәселені қорытындылаған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының жуықта болып өткен съезінде берілген тапсырмаларға сәйкес халықтың өмір сүру сапасын жақсартудың ерекше маңызға ие болып отырғандығын атап көрсетті. Бұған еліміз білім беру, денсаулық сақтау, халықты жұмыспен қамту бағытында жаңадан қабылданған салалық бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы қол жеткізетін болады. Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту дегеніміз, бір сөзбен айтқанда, оның әлемдік кеңістіктегі бәсекелестік қабілетін арттыру деген сөз. Бұл ел болашағын айқындаушы басты факторлардың бірі болып табылады. Үкімет отырысында жүзеге асырылу жайы талқылауға түскен Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы міне, осы іске қызмет етеді.
Осыған қосымша айтарымыз, қазірде бүкіл әлемде болып жатқан жағдайларға назар аударсаңыз, жаһанданумен қабаттаса келіп отырған түрлі саяси және экономикалық дағдарыстардың белең алуымен қатар мемлекеттердің бір қоғамдық формацияның ішінде өмір сүріп отырып-ақ өзіндік даму формаларын айқындауда сан тараулы жолдарға түсе бастағандығын байқайсыз. Себебі осыдан бірнеше ғасыр бұрын батыста пайда болған капиталистік қатынастардың классикалық даму дәстүрі түбегейлі өзгерістерге түсе бастады. Жеке адамның материалдық және интеллектуалдық тұрғыдан шексіз дами беруін жақтайтын батыстық үлгіге Жапония өзінің ұжымдық капитализмін қарсы қойды. Соның нәтижесінде жапон қоғамы тез жетілді. Ал көршіміз Қытайдың қарышты дамуына бүкіл бір мемлекетті бір отбасы ретінде қарастырып, қоғамдық мүддені жоғары қоятын және қоғамдық қатынастардың табиғаттың өзіндей шынайы болуын талап ететін Конфуций қағидаттарының әсері мол секілді.
Сонымен қалай алып қарағанда да соңғы жылдары өз елінде нарықтық қатынастарды, яғни экономиканың еркін болуын қамтамасыз ете отырып, көптің қамын ойлай алған мемлекеттер алға басып келеді. Себебі әлемде қай елдің халқы бәсекеге қабілетті, яғни қай елдің халқы еңбекшіл, қай елдің халқы білімді, қай елдің халқының денсаулығы мықты, қай елдің халқы бірлікшіл, міне, осындай елдер алға түсе бастады. Сондықтан, шамасы келген мемлекеттердің барлығы өз елінде осы талаптарға қол жеткізуге мүмкіндік беретін әлеуметтік бағыттарды берік ұстауға ниет танытуда.
Осы үдерістің жарқын үлгісі біздің Қазақстанда да айқын байқалуда. Бұған көптеген салаларда жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға қарай отырып, сонымен қатар соңғы екі жылдың бірқатар оқиғаларын баяндай отырып талай-талай мысалдарды келтіруге болар еді. Біз бүгін соның бір ғана мәселесі – осы аптада Үкімет отырысында қаралған Қазақстандағы білім беру саласын дамыту мәселесі туралы ғана әңгіме қозғадық. Міне, осы бір істегі алға қойылған мақсаттар мен оған жету жолдарына үңілу арқылы Қазақстанның қандай мемлекет екендігін және қандай бағытты ұстап отырғандығын анық байқауға болады деп есептейміз.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.