2017 жылдың 28 қаңтары 9 ақпаны аралығында Алматы гарнизонының жеке құрамы күшейтілген түрде жұмыс істейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қоғамдық тыныштықты сақтауға барлығы 7 700 ішкі істер органдарының қызметкері тартылады. Олардың 5 300-і Алматы және Алматы облысы ІІД-нің қызметкерлері болса, Ұлттық ұланнан 1 мың жауынгер, Қорғаныс министрлігінен 1 мың сарбаз сапта тұрады. Сондай-ақ, өзге аймақтық ішкі істер департаменттерінен 150 қызметкер жұмылдырылады», - деді ҚР ІІМ орынбасары Ерлан Тұрғымбаев.
Бұдан бөлек, тексеру, бақылау орындарында иісшіл иттермен 46 кинолог пен 16 жарылғыш техниктері жұмыс атқарады. Сонымен қатар, Универсиада нысандарында металл анықтау детекторлары қойылған 96 арна жүйесі болады. Универсиада нысандарында кедергі 100 бетон блок қойылса, екі мыңға жуық бейнебақылау камералары үздіксіз жұмыс істейтін болады.
Айта кетейік, бүгін Қазақстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Универсиада нысандары: «Халық арена», спорт кешені, «Сұңқар» шаңғы трамплині, «Алматы арена» спорт кешені және Атлетика ауылының дайындығын тексерді.