• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
24 Қаңтар, 2017

Жер қадіріне жеттік пе?

740 рет
көрсетілді

Осы шолушы бағанын жазардың ал­дында бір жағы ақыл-кеңес, бір жа­ғы көпшілік пікірі болсын деп «қан­дай тақырыпты көтергеніміз орын­ды?» деген мағынада әріп­тес­те­ріміздің арасында шағын сауал­на­ма жүргізген едім. Тілдескен ал­ты адамның арасында екеуі жер та­­қырыбында жазғанымызды жөн деп тапты. Сондағы келтірген уәж­де­рі мынау: «Менің ойымша, халқымыз әлі де болса, жер қадіріне жете қоймаған секілді. Оған мысалды алыстан іздемеймін, бәрі де көзге ұрып, көрініп тұр. Көптеген өңірлерде қазақ үйінің ауласы, әдетте, тақыр күйінде бос жатады. Сол шағын ауланың өзін күтіп-баптау, оған ағаш отырғызып, жасыл желекпен көмкеру дегенді білмейді. Бірақ біздің оңтүстікте, құдайға шүкір, олай емес. Жердің босқа жатпай жайнап тұрғанын жақсы көреміз. Әлде, бұл басқа өңірлерге қарағанда бізде жердің тапшылығынан, жаздың ұзақтығы мен судың молдығынан туындаған дүние ме екен?! Міне, осы жағын жазып, халыққа ой салу керек», деді оңтүстікқазақстандық журналист қарындасым. Екінші әріптесім мынадай ой айтты: «Біздің Алматы облысындағы ауылымызға осыдан бірнеше жыл бұрын корейлер келіп, жерді жалдап алып, оған пияз екті. Жалдағандарын қайтейін-ай, кейін сол жерге ештеңе шықпай қалды. Пияз дегеніңіз жердің барлық құнарын сорып алып, оны жарамсыз етіп тастайды екен ғой. Жаздыгүні бара қалсаңыз, сол жерден енді борпылдаған бос топырақты  ғана көресіз. Осыны көргенде, мен пияз өсірушілердің неге елден елді, жерден жерді аралап жұмыс істейтіндігін ұққандай болдым. Олар гүлден бал соратын аралар секілді. Құнарлы жерді таңдап алып, пияз егеді де, қажетті өнімін алған соң тайып отырады. Міне, осы жағдайды халыққа жеткізіп, ескерту керек. Егер біз жерді материалдық игілік көзі деп бағаласақ, оның өндіргіштік қасиетін есепке ала отырып, күтіп-баптап, аялай білсек, сол жерді жалға бергенше өзіміз жұмыс істер едік қой», деді ол. Осы әңгімелерді естіген соң ойға қалдық. Жердің мемлекеттік меншігі то­лық мойындалған кеңестік жетпіс жыл уақыттан кейін ақыры біздің хал­қымыздың бойына да «жер иесі» деген ұғым бірте-бірте сіңісіп келе жатқан секілді. Бірақ мұның өзі де жерді өндірістің басты құралы ретінде күтіп-баптау, оның қадірін ұғу, өзінің ғана емес, өз әулетінің болашағын жермен байланыстыру деген ұғымды білдіретіндей деңгейге жете қойған жоқ. Өйткені, біздің «жер иелену» жөніндегі қазіргі түсінігіміз оны меншіктеп алғаннан кейін екінші біреуге табыс табу мақсатында мол қаржыға сату немесе жалға берудің айналасында ғана қалыптасып отыр. Әрине, жер туралы қазақ халқының да өзіндік тарихи түсінігі бар. Біздің ата-бабаларымыз оны «кір жуып, кіндік кескен туған жер», «атамекен» тұрғысында қадірлеген. Міне, осы тұрғыдан алғанда оны киелі деп түсініп, қажет болса, жер үшін жанын қиған. Бірақ, бізде оны материалдық игілік көзі ретінде бағалау әлі де болса кемшін түсіп жатқанын көріп отырмыз. Халқымыздың бойында жерді атамекен ретінде қадірлеу қасиетінің мығым екендігін былтырғы жылы ауылшаруашылық жерлерін жеке меншікке беру туралы айтыс-тартыс­тар көрсетіп берді. Сол кезде адамдар ереуілге өздерінің иеліктеріндегі жер телімдері үшін емес, жалпы қазақтың кең-байтақ даласы үшін шықты. Олар шетелдіктерге ауылшаруашылық жерлерін жалға беруге қарсы болды. Халықтың бойындағы осы қасиетті Елбасы да бағалады. Егер же­рімізді осылай қорғай білсек, біз­ді жау алмайтындығын айтты. Сөй­тіп, ауылшаруашылық жерлері туралы жаңа заңға 5 жылға мораторий жариялады. Сонымен қатар, жерді материалдық игілік ретінде бағалауымыздың әлі кемшін түсіп жатқанын да жасырмады. «Бұл салада еңбек өнімділігі төмен деңгейде қалып отыр. Отандық фермерлер бір гектар жерден орта есеппен 400 доллардың өнімін алады. Дәл осы көрсеткіш АҚШ-та 1,5 мың долларды, Германияда – 2800, Францияда 3200 долларды құрайды», дей келе осындай себептерден ауыл шаруашылығының жаңа техникаға, жаңа технологияларға, суғару жүйелеріне инвестиция салуға мұқтаж болып отырғандығын айтты. Иә, жерді басқадан қорғай білу бір мәселе де, оның тиімділігін көру екінші мәселе. Егер өз иелігіміздегі алақандай жерді ұқсата алмай отыр­сақ, бір өзіне бірнеше мемлекет сыятын алып даламыздың пайдасын қалай көрмекпіз? Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»