Осыдан үш жыл бұрын атақты Төле бидің шапаны табылып, оның музейге алынғаны туралы ақпарат әзірлеп бергенімізде, «Фейсбуктағы» құрдастарымыздың бірі әзілдеп, «Барахолкадан сатып алғандай жап-жаңа екен» деп жазып еді. Міне, Ұлттық музейде тұрған құнды жәдігерлердің «түпнұсқаларын» да оқырмандарға ұсынамыз.
Бұл сонау ХVІІІ ғасырдан жеткен жәдігер. Атақты Абылай ханның шапаны. Қызыл күрең түсті пүліштен, ішкілігі жібек матадан тігілген. Алдыңғы екі өңір, артқы бой, екі жең, тік жағадан тұрады. Алды ашық желбегей, қаусырмалы, қолтық астынан бастап етек жағына дейін үшкілденіп қиылған. Шапанның жағасы, өңірі, жең жиектерінде алтын жіппен екі қатар сызық жүргізіліп, ортасына «толқын» тәрізді өрнектер бейнеленген. Ішкі сызықты бойлай шырмауық гүл үлгісінде ою салынған.
«Ұлттық мұражайдың Қазақстан тарихы залында тұрған бұл құнды мұраны 2006 жылы Хамзе Сәтжанұлы – «Назарбаев орталығына» аманат етіп тапсырған екен. Хамзе Сәтжанұлы – Абылай ханның сегіз биінің бірі және хан кеңесінің мүшесі Байдалы Бекешұлының тікелей ұрпағы. Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков және жазушы Ақселеу Сейдімбек ағаларымыздың бастамасымен музейге алынған бұл жәдігер қазіргі күні халықтың мұрасына айналды», дейді Ұлттық мұражайдың Қазақстан тарихы бөлімінің ғылыми қызметкері Роза Кенжебекова.
«Шешендік сөздер» атты кітапта (құрастырып, алғысөзін жазған Б.Адамбаев. Алматы. 1967) хан Абылайдың шапаны мұра болып Уәли ханға ауысқаны, Уәли хан қайтқан соң, бәйбішесі Айғаным оны Байдалы биге тарту еткені туралы дерек бар.
Шапанды қайта жаңғыртудан өткізген шебер Тұрсынкүл Жайлаубаева.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»