• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Қаңтар, 2017

Өмірі өлеңмен өрілген

665 рет
көрсетілді

арқалы ақынды еске алу шығармашылық кеші өтті Ақынның өскен ортасы – аяу­лы Айыртау атырабы, сыр­л­ы Сырымбет, ерке Есіл жаға­сы, сымбатты Саумалкөл, жау­һаз­дай Жалғызтау, қасиетті Қо­с­көл, Қамысақты бойы. Жал­ған дүниеге шыр етіп келіп, кін­дігі кесілген туған жері, Үкілі Ыбырай, Біржан сал, Ақан сері, сырбаз Сәкен секілді көмей­лері­нен жыр төгілген талант­тылар шоғыры оның қиялын қанаттандырып, жан сарайын сұлулыққа құштар етті. Өмірі өлең­мен өріліп, әуені әнге ұлас­қан тума талант иесі кешегі сал-серілердің сүрлеу жолын жалғап, елін, жерін жүрегімен жырлап өтті. Жырлары мен әндері артына өшпес мұра ретінде қалып, халық жүрегіне ұялады. Көзі тірісінде «қазақ поэзиясының жезкиігі» атанған көрнекті ақын Кәкімбек Салықовтың 85 жылдығы қа­сиет­ті Қызылжар өңірінде кеңі­нен атап өтіліп, ақындық, қай­рат­керлік, композиторлық тұлға­сына жан-жақты баға берілді. Н.Погодин атындағы орыс драма театрында өткен «Ұлт үшін Ұлытаудай ұлы қазақ» атты шығармашылық кеш­ке елі­міздің әр түкпірінен қадірлі қо­нақ­тар, Қазақстан Жазу­шылар одағы төрағасының орын­ба­­сары Жанарбек Әшімхан, мар­құм­­ның ұлы Ерлан, немересі Динара, туған-туыстары арна­йы келді. Облыс әкімінің бірін­ші орынбасары Айдарбек Сапаров қазақтың аяулы пер­зент­і­нің тағылымға толы өмірі мен қыз­метіне тоқталып, солтүс­тік­қазақ­стан­дықтар үшін орны бөлек, ерекше екенін, есімі әркез мақ­танышпен аталатынын, еске алу кеші дәстүрге айналатынын жеткізді. Кеш әсерлі әңгімелерге, ескір­мейтін естеліктерге, саз­ды әуендерге толы болды. Айтыс­тың ақтаңгері Аманжол Әлтаев «Ар­науын­да» кестелі жыр шумақ­тарын төгілдірді. Өлгенше өзегінен өлең өріп, Өмірге жыр қазаны қайнап келді. Қазағым күнде тумас Кәкімбектей, Қаныштың ізін басқан  қайраткерді, деп суырыпсалма машығымен өнер­сүйер қауымды бір сілкін­дірді. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қапаш Құлышева өз сөзінде «мен қазақтың біртуар перзентімен 1976 жылы таныс­тым. Ән әлеміне құмартып жүр­­генім­ді байқап, үлкен сах­налар­дан көрінуімді үнемі қолдап жүр­ді. Оның «Бір ауыз сөз», «Аңсау», «Сарыарқа», «Аққу жет­кен», тағы басқа лирикалық жыр­лары мен әндерінде адам мен таби­ғат­тың ішкі үндестігі кере­мет үйлесім тапқан» дей келіп, «Жезкиік», «Қалдырған» әндері­мен жиналғандардың құлақ құры­шын қандырды. Кәкеңнің Сары­ар­қа­ның төсін­де жезкиіктей жүйткіген кү­міс қанат жырларына көп­те­ген көрнекті композитор­лар ән жазған. Солардың бірі, Жағы­пар Әлімханов Кәкеңе арнаған «Сағыныш» күйін күмбірлете орындап берді. Оның немересі, халық­ара­лық «Шабыт байқауы­ның» лауреаты Сәкен Әлімханов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Серік Оспанов, жыр мүшәй­ра­сының «Гран при» жүлдесінің иегерлері, ақын­дар Ерлан Жүніс, Бауыржан Қара­ғыздың ән, жыр шашуларын жұртшылық риясыз сезіммен қабылдады. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ