• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
24 Қаңтар, 2017

Ертіс қателікті кешірмейді

242 рет
көрсетілді

Семейдегі төтенше жағдайлар басқармасының құтқарушылары бұл күндері балық аулаушылардың арасында тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тіпті, бұл рейд апта сайын жергілікті полициямен бірлескен түрде жүргізілетін болды, себебі, суға батып жатқандар бар. Осымен тексеру жұмыс­тары жетінші рет жүргізілді. Балықшылардың бірі ұқса, бірі ұқпайды. Осы жолы Ерт­іс­тің Затон аумағы мен «Се­ми­палатинка» деп аталатын шағын өзені маңында тек­серулер өтті. Мұнда балық­шы ағайын өте көп екен. Құт­қа­ру­шылар мен поли­ция қыз­мет­керлері алды­мен әңгіме-дүкен құрып, «сіз ба­лықты тартамын деп тұрған­да, сізді балық тартып кетпе­сін», «аулаймын деп өзен­нің орта тұсына кетіп қалма­ңыз, мұз сынса опы­рылып құлап кете­сіз», «жал­ғыз алысқа ұзама­ңыз» деген сияқты қамқорлық, ескерту сөздерін айтқан соң, «Мұз бетінде қауіпсіздік сақтау» ере­же­лерінің қағаз нұсқасы ұсы­нылды. Өйткені, осыдан біраз бұрын семейлік құтқарушылар екі ер адамды Ертістен сүзіп алып шыққан еді. Аяқ астынан мұз жарылып кетіп, екі балық­шы мұздың бөлігімен бірге Ертіске аударылып түскен. Және тағы бір айта кетер мәселе, қыстың күнінде ба­лық­шылар ғана суға батып жат­пайды. Кейбір адамдар Ертіс үстіндегі көпірлерден секіріп, мерт болғысы келеді екен. Ондай көпір Семейде қала бо­йынша үшеу. Жақында ғана бір жарым жасар нәрестесін суға батырмақ болған әйел адам белгілі болды. Жұбайымен ұрысып қалған жас әйел 2015 жылғы сәбиін көтеріп, Ертіс­ке келген. Алдымен бір жарым жастағы баласын суға лақ­тырып жібереді. Сөйтіп, өзі секір­мек болғанымен, батылы бар­майды. Бұл оқиға елді дүр сіл­кін­дірді. Түнгі 3-тің кезінде орын алған оқиғадан кейін сәби­дің денесін құтқарушылар күн сайын іздегенмен, су мұз­дай суық, бала табылмады. Ал әйел қылмыс үстінде ұстал­ды. Құтқарушы Ринат Бабад­жановтың айтуынша, су аса терең, байғұс сәби не су түбіне батып кетті не күшті ағыс алып кетті. Ал Ертіс – еліміздегі ғана емес, әлемдегі ең күшті ағысқа ие ірі өзеннің бірі. – Қыста мұз астынан балық аулау өзін-өзі ұстау ережесін қатаң сақтауды қажет етеді. Балық­шыларға бір қарағанда мұз берік көрінгенімен, көк­тем­нің соңғы және күздің ал­ғаш­­қы кезеңдерінде мұз үс­тін­де ба­лық аулауға шы­ғуға бол­май­тындығын білу қажет, – деді Семей қала­лық Төтен­ше жағ­дайлар бас­қар­ма­сы­ның (ТЖБ) бас маманы Р.Рақымбаева. Оның айтуынша, балық ау­лауға шыққанда өзімен бірге қарапайым құтқару құрал­дарын, мәселен, құтқару тақ­та­сын және арқан ала шыққан жөн, балық аулау кезінде олар қажет болуы мүмкін. Күзгі және көктемгі мезгілдерде ойықтар маңына сол тақтайшаларды сенім­ділік үшін қойған дұрыс. Бұл балықшының мұздағы қауіп­сіздігін қамтамасыз етеді. ТЖБ мамандарының айтуын­ша, өкінішке қарай, Семейде бірқатар балықшының су ай­дын­дарына жалғыз бару фактісі тір­келуде, бұл – өте қауіп­ті. Және су айдындарының жаға­лауы мұзының қалыңдығы 7 сан­тиметрден кем болып жат­са, оған шығу өте қауіпті екен­дігін еске салуда. Әсіресе, балық аулаушы қауым ағынды су және бұлақ көздері бар орындарда ерекше абай болуы керек. ТЖБ-ның бас маманы Р.Рақымбаеваның ескертуінше, мұз жарыларда шытырлайды, отырады, оның сыртқы түрі өзгереді, бетіне су шығады. Мұндай дабыл белгілері көрінсе, бірден өз келген ізіңізбен аяғыңызды мұздан айырмастан жылжып, кері қайтқан жөн. Және де бір­неше ойықты жақын қазбаған абзал. Олардың арақашықтығы 5 метрден кем болмауы керек. Мұз жарылып кетсе, дереу жол­жапқышты шешіп, қолды екі жаққа қарай жайып, мұзға кеу­демен немесе арқамен жату­ға тырысу керек екен. Қайткен күнде де байбалам салмай, сал­қынқандылық танытқан жөн. Себебі, мүлде жүзе алмай­тын адамның өзі құтқару жас­тық­шасының арқасында су бетінде біршама қалқып тұра алады. Бірақ мұндай жағдайда киімнің суланғанын күтпей әрекет жасау керек. Адамның 10-15 минут мұздай суда болуы өміріне қауіпті екенін ұмы­т­паған жөн. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА, журналист СЕМЕЙ