Аязы жаланып, қасат қардың қамсауында жататын Қарағандының алты ай қысы әмбеге аян. Сондай күндерде бекетте бүрсеңдеп, аялдамада аяғын-аяғына соғып, қоғамдық көлік күткен жандардың жағдайы қалай дерсіз?
Ел тілегі ескеріле келе, таяуда Қарағанды қаласында көптен жоспарланып келе жатқан «ақылды» аялдамалардың алғашқысы ашылды. Гоголь көшесінің бойында орналасқан жаңа үлгідегі «Боулинг» аялдамасының тұсаукесеріне қала әкімі Нұрлан Әубәкіров қатысты. Енді, аталмыш аялдамада көлік күткен жолаушы үш бөліктен тұратын ықтасында бойын жылытып қана қоймай, автобустардың келу уақытын арнайы таблолардан онлайн-режімде қадағалап отыра алатын болады. Сондай-ақ, ыстық ас ішуге мүмкіндік бар. Үш бөліктен тұратын аялдаманың ішінде жаяу жүргіншілерге барлық мүмкіндік жасалған. Жабық бөлігіне бір уақытта 20 адам сыйып кетеді. Бұдан бөлек, жолаушылардың қауіпсіздігі үшін бақылау бейнекамералары орнатылған.
Шаһар басшылығы игілікті істі «Бегемот Алматы» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырған. Компанияның коммерциялық директоры Мұхтар Қалиев айтқандай, шарапаты мол шаруаға «Қарағанды Жарық» ЖШС де қолдау көрсеткен. Жобаны іске асыру нәтижесінде 8 жаңа жұмыс орны ашылып отыр.
Бір айта кетері, автобустың жүру кестесіне сәйкес, аялдама таңғы 05.00-ден кешкі 22.00-ге дейін жұмыс істейді.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ