• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
24 Қаңтар, 2017

Ұялы телефонды ұзақ пайдалануға бола ма?

1218 рет
көрсетілді

Оқушылардың ұялы телефон ұстауы туралы қоғамда екі түрлі пікір бар. Кейбір ұстаздар қарсы.  Себебі, сабақ үлгеріміне кері әсерін тигізеді дейді. Және бүгінгі телефондар жетілдірілген. Ватсап арқылы бір-біріне кіжініп, ең соңында айғай-шу, төбелес шығып жатады. Оқушылар «Ұялы телефонды тым болмаса, сабақтан тыс уақытта ұстағымыз келеді», дейді. Ұялы телефон қазіргі таңда әрбір адамның күнделікті өмірде қолданып жүрген үйреншікті затына айналған. Байланыс құралының бұл түрінің дамып кеткені соншалықты, бұл заманда  кез келген адам ұялы телефонсыз жүре алмайды деп те айтуға болады. Жұмыста, сабақта, серуендеп жүрсе де адам үшін қажетті  дүние болып тұр. Бірақ, ұялы телефонға, планшет, компьютерге деген құмарлық мектеп жасына дейін қалыптасып қойылады екен. – Өзім өмір бақи ұстаз болып еңбек еттім, – деді қарт ұстаз, қаладағы «Достық» үйі ардагерлер алқасы төрағасының орынбасары Кеңес Райымбеков, – балабақшадағы балада ұялы телефон жүреді. Бұрындары алты жасар баланы «аттың құлағында ойнайды», «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы ақсақал сәлем береді», «Он үште отау иесі» деп қазақ балаларын естияр болуға тәрбиелеуші еді. Бүгінде сол сөз «ұялы телефонмен керемет ойнайды, қаріп танымаса да, ютубке кіріп алады, интернетті шапқылап шарлап жібереді» деген мақтаныш, таңдану сезімдерімен ауысты. – Балалардың көзіне сенсорлы телефондарға қарау өте зиян, – деген ақпаратты ұсынды бізге көз дәрігері Жанар  Қадамбекова. – Күніне он бес минут қана ойнатыңыздар. Балабақша, мектеп жасындағы балалар планшет, компьютер ойнаймын десе, мүм­кіндігінше көз гигиенасын сақтаңыздар. Көз гигиенасы дегеніміз, ұялы телефонды, ком­пью­терді белгілі бір уақытқа шейін шектеу. Тек көз саулығы ғана емес, құлақтың да амандығы қажет. Кеңес өкіметі тұсында байланыстың басты құралдары дауысы көрші үйге естілетін қарапайым телефон, телеграмма немесе хат жазу еді. Техника дамығалы бұл қызметтің бәрін бір ғана ұялы телефон атқаратын болды. Қазір алақандай ғана осы құралды еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін ұстайды. Бар шаруа бір тетікті басумен шешіледі. Бірақ, ұялы телефонның пайдасы ғана емес, зияны да бар екендігін ескерген жөн. Бұны ең алғаш кәдімгі тарақандар сезген. Өкінішке орай, адамдар селт етер емес. Қолда, нақты айтқанда, ала­қан­да ұстайтын телефонды есін білмейтін жас балаларға ойын­шыққа беріп қояды. Оны ұстаған бала алдымен аузына салып, сорып, жалайды. Осы дұрыс еместігін ата-аналар ойлануы керек. Ұялы телефон балалардың денсаулығына кері әсер етеді екен. Есте сақтау қабілеті нашарлайды. Танымдық қабілеті төмендейді. Бойды сүлесоқтық пен бойкүйездік билейді. Балалардың көбісі ашушаң, шаршаңқы, жүйкесі тез құриды. Ал ұялы телефонмен ұзақ сөйлесетін балалардың жүйкесі жұқарып, депрессиялық синдромға ұрынуы жиілейтін көрінеді. – Бір баланы көрдім, үйіне келгенде алдымен планшет ойнады, сосын оның қуаты таусылып қалған соң, ұялы телефонға жармасты, оның қуат көзі біткен соң, компьютерге отырды, – дейді кітапханашы Рәш Нұртілеуова. – Осындай балалар кітап-журнал оқып, газет қараса ғой. Тіпті, қазір теледидар да қарамайтын болды. Қыз балалар тоқыма тоқып, іс тіксе, ұлдар спорттың әр түрімен тегін айналысуына мектепте мүмкіндік жасалса жақсы болар еді. Күн ұзын ноутбук пен компьютер, телефонда отыратын баладан ертең қандай Отан қорғаушы шығады? Ондай қыздан қандай дені сау бала тумақ. Би сыныптарын көбейтсе, мектептегі сурет және еңбек сыныптарына көңіл бөлінсе дейміз. Әйтпесе балалардың барлығы информатик немесе математик болмайды ғой. Денешынықтыру сабағына да дұрыс қараған жөн. Бәрін айт та, бірін айт, ұялы телефонды ұзақ пайдалануға бол­майтындығы ақиқат. Біріншіден, оны ұзақ пайдалану уақытыңды алады, шаршатады. Бірақ, шынын айту керек, ұялы телефонсыз жұмыс істеу мүмкін емес жағдайға жеттік. Өзің бас тартсаң да қатарластарың, әріптестерің байланысқа шығып тұрған соң, еріксіз ұялы телефонға тәуелді боласың. Жас та, кәрі де бір-бірімен телефонды құлаққа тосып, күндіз-түні сөйлесумен болады. Бүгінде екінің бірінің қолында, жамбасында, қалтасында, сөм­ке­сінде, кеудесінде жүрген осы «сот­ка» дегеннің адамға қаншалықты пайдалы немесе зиянды екендігін көпшілік біле бермейді, білсе де назар аудармайды. Раушан Қабжанқызы, журналист СЕМЕЙ