• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Қаңтар, 2017

Халал индустриясына залал келмесін десек...

555 рет
көрсетілді

Халал индустриясына қатысты қалам тартпаған журналист аз. Сынап та, мінеп те, қолдап та, қолпаштап та жазғандар бар. Осындай дүниелердің арқасында қазақстандықтар «халал» ұғымынан әжептәуір хабардар болып қалды. Елімізге оншақты жыл бұрын ене бастаған бұл индустрия шындығында бүгінде біршама дамыды, ілгері қадам басты. Кәсіпкерлердің қалталарын қалыңдатуға жол ашқан халал брендіне енді мемлекет те көңіл бөлсе игі. Олай етпесе, оңды істің түйткілдері шиеленісе түспек. Айталық...  

Пайда көздегендер шектен шығып барады

Дөңгелектенген «Халал» мөрі бар тауарлардың дүкендерде самсап тұрға­ны­на, қызмет көрсету орындарының кө­бейгеніне ха­лық­тың көзі үйренді. Бір ғана Алматының өзінде халал тауары мен қызметін ұсынатын 3 мыңға жуық нысан бар екен. Бейресми дерек, десе де, жақсылыққа жоры­ған жөн. Өйткені, халалдың қай жағынан да зияны жоқтығы көпке мәлім және дәлелденген. «Ауру – астан» деген, азық-түлікті ғана алайық, адам денсаулығына кері әсер ететін факторлардың 50 па­йызы тамақтанудан келеді. Яғни, адал тағамның маңызы зор. Сон­дықтан да дүние жүзінде халал өнімдерін тұтынатын мемлекеттер саны жүз елуге жақындайды. Оларда өмір сүретін мұсылмандар екі миллиардтың үстінде. Бұл халал өнімін немесе қызметін тек мұ­сылман халықтары пайдаланады деген сөз емес. Ислам талап­тарына сай дүниелерді тұты­на­тындардың ішінде өзге діндерді ұстанушылар да есепсіз. Ха­лал­ға деген сұраныстың күн санап қа­рыштап жатқаны да содан. Бізге соңғы мәліметтер беймәлім, бірақ сәл ілгерідегі көрсеткіш сұраныстың өсу қарқынын айғақ­тайды. Бес жыл бұрын ғана халал өнімнің жылдық айналымы 3 триллион долларға жеткен. «Көш жүре түзеледі» десе де, Қазақстан­да қанатын кеңге жая бастаған халал нарығында кө­ңіл қынжылтар келеңсіздіктер мен кемшіліктер де аз емес. Қал­тасын қалыңдатуды көксеген кә­сіп­керлер көрінген дүниесіне «халал» тіркесін қолдануға құштар. Мәселен, халал фитнес клуб, халал монша, халал стоматология, халал сауна, тіпті халал білім... Екі жыл бұрын елімізге іссапармен келген Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл-Халифа бастаған топ Қазақстанда «халал су» мен «халал техникалық қызмет көрсету орталығы» бар екенін естігенде, таңданыстарын жасыра алмаған. Әрине, ұят.  

Сертификат берсе де, шара қолдана алмайды

Біздегі халал индустриясының заңмен қорғалмағаны көптен бері айтылып жүр. Бұдан туатын проблема – кәсіпкерлерге сертификат беріп, сенім білдірген құрылымдық бірлестіктер мен ұйымдардың өнімдерді немесе қыз­мет­ті тексеруге, талаптарының үде­сінен шық­паған жағдайда шара қол­да­­нуға құ­зыреті жоқ. «Кейбір компания­лар сер­тификат бергенімен, оны мұқият тек­сер­мейді. Таңба туралы заң шы­ғарып, ол орындалмайынша, халал мә­се­лесін бір­жақты шешіп тастау мүм­кін емес», дейді Қазақстан халал индустрия­сы қауым­дастығының төрағасы Марат Сәрсенбаев. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан құрылған «Халал даму» ЖШС жоғарыдағы мә­се­ленің шешімін тап­қандай-ақ. Елімізде елу­ге жуық өкілдігі бар ұйым 74 сер­­тификат ресімдеп үлгерген. Алай­да, олар да қадағалап, жазасын беретін мемлекеттік орган емес. Біз кәсіпкерлерге егер сіз харам өніміңізді тұтынушыға халал деп ұсынсаңыз, Алланың алдында жауап бересіз, деп насихат айтамыз. Негізі, халал стан­дарты бойынша сертифи­кат аламыз деген кәсіпкер «Тексеруге рұқсат беремін» деп жазып береді. Соның арқа­сын­да ай сайын өнімдерді тек­серіп отырамыз, дейді ҚМДБ Халал өнімдерді стандарттау бөлімінің меңгерушісі Бей­біт Мырзагелдиев. Ал са­рап­­шы­лар­дың айтуынша, Қазақстан – зайыр­лы мемле­кет, халал – шариғат сөзі. Тала­п­тар­­дың қан­ша­лық­ты сақталып жа­­салғанын ескеру – тұ­ты­ну­шының өз таңдауы.  

Маман тапшылығы – басты мәселе

Саладағы үшінші түйткіл – елімізде халал стандартымен айналысатын маман жоқ. Ондай білім ешбір университетте, колледжде, тіпті діни медреседе де берілмейді. Ал шетелден оқып келген бірнеше кадр мәселені түбегейлі ше­ше алмайды. «Атамекен» ұлттық кә­сіп­­­керлер палатасы Техникалық реттеу департаментінің директоры Нұртас Өтешов­тің мәліметінше, стандартсыз жұ­мыс істеу мүмкін емес. «Егер стандартты бір жолға қойсақ, халал индустриясы ілгерілей бастайды. Біздің осы мәселеге байланысты жасаған жоспарымызда техникалық парк­тер ашу керек екені айтылды. Соның ішінде халал өнімдерге баса назар аударған абзал. Қазіргі таңда мемлекеттік мекемелерде бұл мәселені зерделейтін бірде-бір сарапшы-аудитор жоқ. Халал индустрия болғандықтан, мамандары тек шариғат жағынан ғана емес, технология мен техниканы да білуі керек. Сондықтан елімізде халал мәселесіне қатысты арнайы заң қабылдағаны жөн», дейді ол. Рас, қолданыстағы заңнамада халал өнімнің қауіпсіздік және сапалық көрсеткіштері қарал­маған, тек «Халал» шұжық пен қонақ үйге арналған ұлттық стандарттар бар. Олардың өзі Қазақстанда міндетті сертификатталатын өнімдер мен қызметтер тізбесіне жатпайды. Сон­­да да халал сертификатын беретін құ­ры­лымдар қатары көбею үстінде. Мә­се­лен, Қазақстан халал ин­дус­т­­- риясы қауымдастығы жетекшісі Марат Сәрсенбаев 600 компанияға сертификат бергендерін айтады. «Соның 400-і бізбен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде. Ал 200-і маусымдық жұмыспен айналысатын кәсіпкерлер», дейді ол. Біле жүргеніміз абзал, халал индус­трия­сының үштік шыңында Малайзия, БАӘ мен Франция тұр. Сондай-ақ, Австралия, Бра­зилия, Жаңа Зеландия, Үндіс­тан, Таиланд елдері де халал стандар­тын қолданып қана қой­май, экспорт­қа шығарып, елінің эко­номикасына қомақты қаржы құйып отыр. Бұл – «халал» сөзінің діни мазмұннан ажырап, адам тұтынатын кез келген заттың сапа ке­пі­ліне айналғанының белгісі. Мұндай үр­діс­ті бізде де қалыптастыруға болады-ақ. Ол үшін еліміздегі сертификат беретін ұйымдарды халықаралық деңгейде тіркеу қажет. Сол кезде әлемдік талаптарды Қазақстанға да енгізіп, «халал» деген белгісі бар өнімдерді сыртқа шығаруға мүмкіндік туады.

Түйін

Халал индустриясындағы басты проб­ле­маларды түген­де­гендей болдық. Бәрі­нің шешімі бір-ақ нәрсеге саяды: арнайы заң керек, «халал» таңбасын заңдастыру қажет. Әлемнің талай елінде қолдау тапқан жаңа нарықты Қазақстан Үкіметі де қамқорлығына алғаны жөн. Бұл бағыттағы шаруалар басталып кеткен сыңайлы. Елімізде малайзиялық са­рап­шылар кө­ме­гімен халал өнімді немесе қызметті растайтын ұлттық жүйе әзірленуде. «Елімізде «халал» мар­ка­­сымен шығарылатын өнім­дер көп. Алай­да, оның бәрін екі стандартпен рет­теу қиын. Жалпы, өнім сапасының бұл бағыты заңмен толық реттелмей ке­леді. Нәтижесінде «халал» брендіне сәй­кеспейтін өнімдер шығарылуда», дейді Метрология мен техникалық реттеу ко­ми­тетінің төрағасы Біржан Канешов. Оның айтуынша, осы саладағы жұмысты рет­ке келтіру үшін бір-ақ шаруаның басын қайыру қажет. IFOM (Органикалық ауыл шаруашылығы үшін қозғалыстың ха­лықаралық федерациясы) стан­дарт­тарын қабылдап, басым бағыттар бойынша тех­ни­ка­лық комитеттер құру керек. Бұ­дан бөлек, халықаралық жә­не ай­мақтық стандарттарды те­ңе­с­тірген жөн. Осы айдың соңында елімізге малай­зия­лық сарапшы­лар келеді екен. Олардың қатысуымен елі­міздегі «халал» ұлттық жүйе­сі­нің негізгі тетіктері әзірленеді. Істің сәтін салсын дейік. Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»