Жыл басындағы жағдай
2016 жылдың басында Бірінші кредит бюросы сарапшыларының нарыққа жасаған болжамы нашар-тұғын. Өйткені, Несие сапасы индексінің көрсеткіші жыл басында төмен еді. Ол 2015 жылдың ортасынан төмендеп, 2016 жылдың қаңтарында 59% деңгейінде тұрған.Жыл бойы не өзгерді?
БКБ сарапшыларының айтуынша, 2016 жылы несие тарихының базасына 500 мың келісімшарт қосылған. Бұлардың 315 мыңы – жаңа борышкерлер. Яғни, бірінші рет несие алғандар. «Жалпы алғанда, бөлшек несие портфелі 4,6 трлн теңге деңгейінде болды. Ал бизнесті несиелендіру қоржыны 15,4 трлн теңгені құрады. Яғни 1,2 трлн теңгеге ұлғайды. Бұл бірінші тоқсанда банктердің бизнесті несиелендіру бойынша мемлекеттік бағдарламаларды белсене орындауына байланысты. Қазіргі кезде көптеген банктер үшін бизнес-несиелендіру негізгі пайыздық кіріс көзі болып отыр. 2016 жыл бойы бұл бағыттағы келісімшарттар базасы 11 мың бірлікке өсті. Ал «жұмыс істемейтін» қарыздар 15%-дан 13,4%-ға төмендеді», дейді БНБ бас директоры Руслан Омаров.Несиенің қай түріне сұраныс болды?
Өткен жылы пайыздық мөлшерлеме жағынан несие карталары ең жоғары өсім көрсеткен. Кредиттік карта қоржыны 5 млрд теңгеге немесе 83 мың қолданушыға өскен. Соңғы үш жылда кредиттік карта нарығы тек төмендеумен болған еді. Несие картасын түсінбеу, пайызына наразылықтан, бұлардың банктердің имиджіне әсерінен кейін бірқатар банктер бұл өнімді қысқартқан болатын. Алайда 2016 жылы несие картасына сұраныс артқаны байқалады. Сарапшылар 2017 жылы да сұраныс өседі дейді. Өткен жылы бөлшек несие нарығында кепілдіксіз, тұтынушылық несие тағы да ең жоғары сұранысқа ие болған. Өсім 235 млрд теңге немесе 326 мың жаңа тұтынушы. Ал жалпы көлемі 2,3 трлн теңгені құрады.Автонесие мен ипотекаға сұраныс төмендеді
Өткен жылы автонесие қоржыны 15% немесе 345 млрд теңгеге төмендеген. Ипотекалық несие қоржыны 128 млрд теңгеге немесе 9,4% пайызға азайған. Кепілзатпен берілетін несие қоржыны 70 млрд теңгеге кеміген. Көрсеткіштің бұлай болуына бұрын берілген несиелерді қайтару көлемінің жаңадан берілген несиелерге қарағанда артық болуы себеп. Яғни жаңа несиелер саны азайған. Көрсеткіштің азаюының тағы бір себебі елімізде бөлшек несиелендіру нарығында өнім ұсынушылар тауашалық несиелендіруге ден қоя бастауына байланысты. Өткен жылғы көрсеткіштерден байқағанымыз, несиелендіруде тәуекелі жоғары сала ретінде бөлшек несиелендіру қалған. Жалпы, бөлшек несиелендірудің тәуекелі кез келген уақытта жоғары болып келеді. Бірақ өткен жылғы несие сапасының индексіне қарасақ, қазақстандықтардың борышты қайтару мен міндеттемелерін орындауда мұқият бола бастағаны байқалады. 2016 жылдың соңында несие сапасының индексі 70 пайыз деңгейінде болған. Дефолттық жағдайдағы борышкерлер саны 19,7 пайыз. Ал нарықтағы конъюнктураға тәуелді борышкерлер саны 7,6 пайызды құрап отыр. Жалпы, өткен жылы бөлшек несие нарығында қайтаратын мерзімінен асып кеткен NPL үлесі 2015 жылмен салыстырғанда 3,5 пайызға төмендеп, 17 пайыз деңгейінде болған. Демек, қазақстандықтардың қаржылық сауатының артқаны байқалады.2017 жылдан не күтіледі?
Сарапшылар 2017 жылы банк саласында үлкен өзгерістер болады дегенді былтырғы жылдың соңында-ақ болжай бастаған. Бұлардың негізгілері банк секторында бірігулер болып, мұның салдары нарықта турбулентті жағдайларға ұласуы мүмкін. Банктер стратегияларын өзгертіп, салдарынан несие нарығында консервативті өсім болуға жетелеуі мүмкін. «Алайда жалпы жағдай 2016 жылмен салыстырғанда аса өзгермейді дейді», нарық сарапшылары. Несие нарығында әртүрлі сегменттегі кепілсіз тұтынушылық несие мен тауарлық несиеге сұраныс артады. Сонымен қатар, халықтың несиені онлайн ресімдеуге ынтасы артуы мүмкін. Тұтынушылық несие алатын клиенттер үшін бөлшек нарықтағы ТОП5 банктер арасында тартыс болуы да ғажап емес. «Ал орта деңгейлі банктер арасындағы негізгі бәсекелестік несие картасын тұтынушыларға ие болу үшін өрбиді», дейді сарапшылар. Ербол АЗАНБЕК, қаржы сарапшысы АЛМАТЫ