• RUB:
    5.52
  • USD:
    475.62
  • EUR:
    519.23
Басты сайтқа өту
01 Сәуір, 2011

Көктемде көкжиектер кеңейеді

383 рет
көрсетілді

Елімізде бес жылдан бері жұ­мыс істеп келе жатқан «Жасыл ел» бағдарламасы жастар бітірер істің қомақты екенін көрсетті. Жастардың «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» атты би­ылғы бастамасы Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналып отыр. Жас­тықтың жанартауынан ықпайтын жұмыс жоқ. Ол еліміз тарихынан да белгілі. Жақында «Жасыл ел» жастардың еңбек жасағының об­лыстық штабы және өңірдегі үкі­меттік емес ұйымдары облыс әкім­дігі ішкі саясат басқар­ма­сы­ның қолдауымен өткізген «Ауыл­дың гүлденуі – Қазақстанның гүл­денуі» марафон-эстафетасын өткізді. Бұл акцияның екінші сатысы «Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына – 20 екпінді еңбек аптасы» атты ұранмен басталмақ. Қоршаған ортаны қорғау, эко­логиялық мәселелер, табиғаттың тұнық тазалығын сақтау бүгінде тек қазақстандықтарды ғана емес, жұмыр жер тұрғындарының бар­лы­ғын да ойлантып отыр. Ал ау­ыл мен қаланың тазалығы өзіміз­дің әлеуметтік тұрмысымызды жақ­сартудың бір кепілі болып табылады. Бұл мәселе әрдайым алда жүретін жастарды да тол­ғантады. Қостанай қаласындағы Студенттер сарайында өткен осы бағдарламаның еңбек науқаны­ның ашылу салтанатына студенттер, жастардан құралған үкіметтік емес ұйымдар мүшелері, ауыл жастары қатысты. «Жасыл ел» бағдарламасына қатысқан қостанайлық жастар сиреп бара жатқан орманды сақтап қалу ісіне алдымен маңыз берді. Он мың гектар орман ішін таза­лады, 200 мың жас көшет отыр­ғыз­ды. Облыс өңіріндегі 243 елді ме­кен­ді тазартып, ағаш көшет­те­рін екті. – Өткен жылы біздің штаб еңбек жасағын жасақтағанда ау­ыл­дағы жұмыссыз жүрген жас­тар­ды тартуға көп мән бердік. «Жасыл ел» бағдарламасы шеңбе­ріндегі еңбек жасақтарының 600 мүшесі болса, соның арасындағы 150 жас жұмыссыздар болатын. Олар «Жасыл елдің» арқасында науқандық жұмыс болса да нә­па­қасын тапты, – деді еңбек нау­қа­нының ашылу салтанатында сөй­леген облыстық штаб бастығы Айдар Мұратов. Былтыр «Жасыл ел» еңбек жасағына Әулиекөл, Мең­діғара, Қарасу, Қостанай аудан­да­ры­ның жастары белсене қатысты. Жастар бес жылдан бері қор­шаған ортаны қорғау ісінде көп­теген проблемалармен бетпе бет келді. Қалада да, да күл-қоқыс көбейіп барады. Елді мекендерді тазалап, қоқыстарды уақытылы жойып отыру жас ұрпақ ден­сау­лығы, өмірі үшін керек екенін жастар түсінді. – Табиғатты таза ұстайтын да, оны ластайтын да өзіміз. Қалалар маңының ластануы адамдар ден­сау­лығына төнген қауіп деп түсі­нетін кез жетті. Бұлақ көздері бітеледі, ашық су қоймалары лас­та­нады. Мұның өзі түрлі аурулар­дың басты себебі екенін бәріміз де білеміз. Өзіміз көріп отырып, осындай қатерге қалай жол беруге болады? Жастар, замандастар, қор­шаған ортаны барынша таза ұстауды әркім өзінің парызы деп білуі керек. Сондықтан «Жасыл ел» бағдарламасы дер уақытында қолға алынған тамаша шешім,–деді жиналғандар алдында сөз сөй­леген өткен жылғы еңбек нау­қанының ең үздік жауынгері Мақ­сұт Нәсибулов. Былтыр Қостанайдағы «Жа­сыл ел» еңбек жасағы облыс ор­талығының тазалығы үшін көп жұмыс атқарды. Қала іші мен ма­ңайына саялы ағаштардың 1000 көшетін отырғызды. Жеті мың шаршы метр алаңдар мен кө­ше­лерді тазартып, 1000 текше метр қоқысты сыртқа тасып, көзін жой­ды. Қала тазалығының ма­ңыз­дылығын түсінген жасылел­дік­тердің «Таза қала, таза көше» акциясы қайтарым бермей де қал­ған жоқ. Акцияның басты нәти­жесі – қала тұрғындары өздері тұрған үйлердің ауласын, көше­лер­ді жастармен қосылып бірге тазалады. Облыстық штаб мүше­лерінің айтуынша, қаланың төрт мыңнан аса тұрғыны жасы­лел­діктер қатарын молайтқан екен. Қостанай өңірінде сәуір туы­сымен қар көбесі де сөгіліп, ағыл-тегіл ери бастайды. «Жасыл ел» еңбек жасағының тап-тұйнақтай жиылып, қамшы басар кезі де осы тұс. Қыс бойы қар астында жи­налған қоқысты тез арада жинап, жояды. Ал жасылелдіктер бұл іске биыл елу мың адамды тартамыз деп отыр. Сәуірдің ба­сынан бастап Қостанайда сенбіліктер мен асарлар басталмақ. Көк­теммен бірге қолға алар іс көкжиегі де кеңейіп кетері анық. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай.