• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
24 Қаңтар, 2017

Димаштың блогына үш күнде жарты миллион адам тіркелді

314 рет
көрсетілді

Қытай Орталық телеарнасының (CCTV) интернетте ақпарат тарату орталығының қазақша бөлімі редакторы Ыбырай Дүйсенұлының Димаш Құдайбергеннің «Әнші» бағдарламасына қатысуы төңірегіндегі әңгімесі.

Димаш басында сонша еленген жоқ

21 қаңтар, уақыт түнгі 22:30. «Хунан» телеарнасындағы «Әнші» бағдарламасын миллиондаған көрермені асыға күтіп отыр. Өйткені, бұл қазіргі Қытай жастарының ерекше ықыласына бөленген бірден-бір бағдарлама десе де болғандай. Қазақстан елінің үкілеп қосқан үміті Димаштың келіп қатысуы бізді тіпті де тықыршытты.

Бұл бағдарлама 2013 жылы басталған. Қытайшадан тікелей аударғанда «Мен бір әншімін» деп аталатын. Биыл аты «Әнші» деп өзгертілді. Биыл бесінші маусымы. Бағдарлама ерекшелігі – кіл танымал әншілердің қатысатыны. Әуесқой әншілер бұл бағдарламаның босағасынан сығалай алмайды.

Хабар түсірілімі басталып, күні кеше таратылғанға дейін «Әншіге» қатысатын әрбір әншінің жарнамалары күн сайын жіберіліп жатты. Димаштан өзге әншілер ел ішінде әбден танымал болған, аса мол жанкүйерлер жинап үлгергені белгілі. Сондықтан көп санды көрермен Димаштан өзге әншілерді асыға күтті. Ал Димаштың жарнамасы оның келбетті жігіт екенін айғақтайтын бірді-екілі фотосы болмаса, сонша керемет көрсетілген жоқ. Сондықтан алғашында Димаштың жанкүйерлері түгелдей осындағы қазақтар болғаны анық. Ал миллиардтан асатын Қытайдай алып елдің алдында, жалғыздың үні шықпас дегендей, біздің аз ғана қазақ жанкүйер болып жарытар ма? Дегенмен, Димаштың таланты мен талабына, «Әнші» бағдарламасы бастала салып Қытайдың ән кеңістігінде ғажайып «жарылыс» жасайтынына осы аз ғана жанкүйерлер шүбәсіз сенгендей.  Оған бағдарлама шықпас бұрын жазылған пікірлер де дәлел және бағдарлама түсірілу барысында солардың арасында қараңдап жүрген жанкүйерлер ретінде де анық айта аламыз.

Сонымен Димаштың Қытайдағы қандас бауыры, өзі де әр елде өткен түрлі ән байқауларында қазақтың атын асқақтатып жүрген Арайдың жақсылап таныстыруымен сахнаға көтерілген Димаштың француз тіліндегі әлемдегі өте күрделі әнді қай деңгейде айтқанына өздеріңіз куәсіздер. Оның сахнадағы көрсеткен өнерін «Әнші» бағдарламасының әлеуметтік желідегі тексеру нәтижесінде «Димашты тек бойы биік, келбетті жігіт екен» деп ойлап едім, а деп ауыз ашқан сәтінде-ақ, оның алдында тізерлеуге шақ қалдым» деп пікір айтушылар және осы пікірді қостаушылар миллиондап саналады деуге болады.

Димаш екі біріншілікке қатар қол жеткізді

 Димаш тек көрермен мен тыңдарманды ғана емес, кәсіби мамандарды да таңғалдырды. Бағдарламаның соңындағы билет тастау (дауыс беру) рәсімінде Димаш екі түрлі біріншілікке қол жеткізді. Бағдарламаға қатысқан әншілердің өзара билет тастауында Димаш пен гонконгтық Ду Лиша бірінші болды. Бұл дегеніміз осы бірінші болғандар келесі кезекті бағдарламада нешінші рет ән айтып шығатынын өзі белгілей алатын құқығын да алады деген сөз. Осы арада айта кетерлік бір жайт – Димаштың не үшін бірінші кезеңде алғаш сахнаға көтерілгені. Жарыстың алдында «Әнші» бағдарламасы жанкүйерлердің қайсы әншіні қаншалықты күтетінін тексерген. Нәтижесінде Лин И-Лиянды көруді қалайтындардың саны ең көп болғаны себепті ол ең соңынан сахнаға шықты. Яғни, әншіні сахнадан көруді қалайтындардың саны бойынша ретке тұрғызғанда, жанкүйері ең көбі соңынан, ең азы алдымен шығатыны түсінікті ғой. Димаш жанкүйері ең аз болғаны себепті, ең бірінші сахнаға көтерілді. Ал нақ түсірілім алаңындағы 500 тыңдарманның билет тастауы нәтижесінде Димаш бірінші орынды, Лин И-Лиян екінші орынды, Ду Лиша үшінші орынды иеленді.

Микроблогына минут сайын мыңдаған адам тіркеліп жатты

 «Әнші» бағдарламасына қатыса салып Димаш Шинлаң әлеуметтік желісінен өз блогын ашқан болатын. Бағдарламаның жарнамасы беріле бастағанда Димаштың микроблогына тіркелген жанкүйерлер саны отыз мыңға дейін ғана көтерілді. Мұның 90 пайызы қазақ екені белгілі. Ал «Әнші» бағдарламасы беріле салып көп өтпей Димаш туралы ақпараттардың көрілімі ел ішіндегі ең үлкен сайттарда алдыңғы орынға шықты. Димаш туралы ақпараттар және оны іздеушілердің саны тұтас Қытай кеңістігін шарлап кетті деуге болады. Тура сол сәттен бастап Димаштың микроблогына тіркелушілер минут сайын мыңнан артты. Бағдарлама басталар алдында 30 мың ғана еді, бүгін қарағанымда (23 қаңтар 22:24)  542  817-ге  жетіпті. Тура қазақ ертегілеріндегі сағат сайын өсетін батырлар еске түседі мұндайда.

Кәсіби мамандар таңдай қақты

«Әнші» сахнасы әнді орындау барысында бұрынғы орындалған нұсқалармен ұқсамайтын, әннің басқаша қыры мен әншінің мүмкіндігін барынша ашатын түрлі нұсқаларды сынап көреді. Осылайша музыка мамандары Димаш орындайтын француз әнінің ең алғашқы өзгертілген нұсқасын ұсынады. Сондай-ақ, Димаштан пікір алғанда оның әлпетінен алаңдау байқалды. Мұны теледидар алдында отырған көрерменнің бәрі көрді. Бұл туралы музыка маманы: «Бағдарламаны әлі де жете түсінуің керек, саған қажеті тыңдарман әніңді үнсіз, жүрекпен тыңдауы ғана емес, әуелі сол жүрегі жарылардай, орнынан тұрып айқайлап кетердей дәрежеге жетуге талпыну керек, сонда ғана сенің ие болатын ұпайың басқа әншілерден үстем тұра алады» деп түсіндіріп жатқанын да естідік.

Ең соңғы нәтижені жариялайтын шақта да «Әнші» бағдарламасының режиссері Димаштың бағдарламаға келген алғашқы күннен сахнаға шыққанға дейінгі аралықтағы машақатты жаттығуы мен көңіл-күйіндегі толқыныстардың қаншалықты күрделі болғандығын және бағдарлама үшін аса мұқият дайындалғанын жап-жас әншінің жанкүйерлері алдында жауапкершілікті соншалықты биік деңгейде сезінетіндігін ерекше ризалықпен айтып өтті.

Келесі кезең...

Бағдарламаның ережесі бойынша әр аптада бір қатысушы шығып қалып, орнына жаңа үміткер қосылып отырады. Келесі кезеңнен бастап Димаш өзге танымал әншілердің танымал әндерін орындауы керек. Қытайша ән айту мүмкіндігін де жоққа шығаруға болмайды. Осыдан біраз бұрын Димаш Хан Хұңның «Таң атты» әнін аса шеберлікпен орындағанын білеміз.  Қазір «Әнші» бағдарламасының екінші кезеңі түсіріліп болды, Димаштың қайсы әнді орындағаны және нешінші орынды иеленгені әзірге құпия. Дегенмен, бейресми ақпарларға қарағанда, Димаш Витас «Операсын» орындады және бірінші орынға ие болды деген сөздер бар. Бұйырса бұл «жұмбақтың» шешіміне алдағы сенбі күні куә боламыз.

Жазып алған Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»