Жапонияның Окинава қаласында кекушинкай каратэден мәреге жеткен төртінші әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы екінші орынды еншіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Төрт жылда бір рет өтетін әлем чемпионатына бұл жолы қырықтан астам елдің үздік спортшылары қатысты. Қазақстан құрамасы кекушинкай каратэ тарихында тұңғыш рет жүлделер алып қана қоймай, жалпыкомандалық есепте екінші орынға қол жеткізді.
Жапония құрамасы 3 алтын, 1 күміс, 1 қола медальмен көш бастаса, қазақстандықтар 2 күміс, 1 қола жүлдені жеңіп алды. Үшінші орындағы Канаданың еншісіне бір қола жүлде ғана тиді. Ерлер абсолютті салмақ дәрежесінде күш сынасса, әйелдер 60 келіге дейін және одан жоғары екі салмақта шеберлік байқасты. Бас бапкер Тәжімұрат Найзабеков жаттықтыратын Қазақстан намысын 5 ер, 6 әйел қорғады. Соның ішінде Солонго Исхан 60 келіден жоғары салмақта, Тимур Райымбеков абсолютті салмақта екінші, Анар Сүйіндікова 60 келіге дейінгі салмақта үшінші орынды иеленді.
Еске сала кетейік, каратэ 2020 жылы өтетін Токио Олимпиадасының бағдарламасына енгізілгені белгілі.