Жақсылыққа елмен бірге қуанғанға не жетсін! Біз бүгінде жаңарған, оқырмандарын шұрайлы материалдармен сусындатқан «Егемен Қазақстанды» көріп отырмыз. Мыңдаған оқырманның бірі ретінде пікір білдірсем деп едім.
Әріге бармай-ақ, жаңа 2017 жылдың алғашқы күндерінен бері қарай «Егеменнен» небір құнды дүниелерді оқып келеміз. Айталық, «Сексеуіл сиреп барады» (авторы – О.Дәуіт), «Сахараның ботагөзі» (авторы – Т.Құсайын), «Алтайдың дәрілік шөптері» (авторы – Д.Анаш) атты проблемалық мақалаларды ерекше атауға болады. Әдеби туындылар қашанда рухани азықты қажет еткен халықтың шөлін қандыратыны сөзсіз. Жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Ауылдас аға» мен «Көрші шешей» әңгімелері таңдай қаңтырады. Сол сияқты қаламгер Нұрғали Ораздың «Ел кезіп, еңіреген әуен», «Киелі таудан келген ақын» атты шап-шағын туындылары да тартымдылығымен ерекшеленеді. Сондай-ақ «Толғауы тоқсан тіршілік», «Ақындар да айтады-ау» айдарларымен беріліп жүрген хикаялар да жаныңды жадыратып, езуіңе күлкі келтіреді.
«Егеменнің» ғаламтордағы сайты да қолайлы. Іздегеніңді табасың. Сонымен бірге ел сүйсіне оқитын қызықты әрі тартымды дүниелердің сілтемесін көшіріп алып, смартфонның WhatsApp желісі арқылы достарыңа жібере саласыз. Мұның бәрі ақпарат заманында қолжетімді болып тұр.
Автор бағанасында қалам иелері қоғамның өткір мәселелерін қозғап келеді. Мәселен, Сейфолла Шайынғазының планшет пен смартфондарды көп пайдалану әсіресе балалар үшін өте қауіпті екені туралы айтқан пайымдары әрбір ата-анаға ой салады деп сенеміз. Әріптесіміз Қарашаш Тоқсанбай ғаламтордың жетістігімен қатар, «аузының қақпағы жоқ» әлеуметтік желінің өтірік пен өсекке толып тұрғанын айта келіп, оның адамдарды даттайтын, келеке жасайтын жағымсыз жағын ашып бере білген.
Қазақ халқының басынан кешкен азабы, нәубетті жылдары аз ба? Міне, сондай қасіретті жылдардан сыр шерткен материалдар да жарияланды. Мысалы, ғалым Мәмбет Қойгелдиевтің Смағұл Сәдуақасұлы туралы мақаласы, Сағындық Ордабековтың «Рухы биік Рақия» атты шағын зерттеу еңбегін оқығанда, көп жайтқа қаныға түсесің. Ал астаналық ұстаз Боранбай Мәженовтың «Мен естіп-білген соғыс» деген мақаласында Ұлы Отан соғысы кезіндегі қаталдық пен қиянатқа жаның күйзеледі, жазықсыз жандардың тағдыры бір оқпен шешілуі сол заманның зобалаңдарын тағы бір мәрте еске салады.
Сондай-ақ ғалым Нәсіреддин Назаровтың лақай ұлты жөнінде жазған зерттеу мақаласы талай жанның көңіл көкжиегін аша түскені сөзсіз. Жазушы Шәрбану Бейсенованың Сүйінбике туралы зерттеуі де ықылас қойып оқитын дүние. Белгілі қаламгер Жанболат Аупбаевтың «Рузи Иран» еңбегі тарихы тереңде жатқан Иран елінің кешегісі мен бүгінінен мол мағлұмат беретін, оқырманын өзімен бірге ертіп отыратын жолжазба екендігінде дау жоқ.
Талғат Сүйінбайдың Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтың бір қыры – оның аңшылығы туралы хикаяты да оқырманын өзі табатын дүние. Ал жылқы құмар әрбір қазақ Бекен Қайратұлының «Шабандоз Салыбегін» оқып, үлкен тебіреніске түскенін сезінер едік.
Айнаш Есалидың «Еркек айбатты болмай, әйел ұятты болмайды» мақаласы да оқырмандардың жоғары бағасына ие болғанына кәміл сенеміз. Өмір Есқали өзінің «Қызыл ішек киген қызында» дарынды ақын ағамыз Кәкімбек Салықовтың әйгілі «Жезкиік» әнінің кейіпкері қандай ғажап жан болғанын көз алдымызға алып келгеніне дән риза боласың.
Барлық материалдарды атап өту мүмкін емес. Ондай мақсатты да алға қойған жоқпыз. Қаламы жүйрік журналистер Сүлеймен Мәмет, Ғабит Мүсіреп, Айгүл Аханбай және т.б. тілшілер жүргізген сұхбаттар да бірізділігімен, сұрақ пен жауаптың қабысып жатуымен жақсы оқылатынын айта кеткеніміз абзал.
Бүгінгі таңда ресми ақпараттардың, жаңалықтардың берілуі де жаңаша түрге еніп отыр. Мысалы, мемлекеттік органдардың жұмысы жөніндегі материалдар баяндаудан гөрі, нақты деректермен толыға түсті. Мемлекет басшысының шетелдік сапарларынан жазылған толымды дүниелердің де оқырманға берері мол.
«Егеменннің» «жан-дүниесі» өзгерді! Халыққа өзін жағымсыз көрсететін көптеген жаттанды дәстүрлерден бас тартты. Осы орайда, газет басшылығы әрбір мемлекеттік органның баспасөз қызметі журналистерге бағыт беру үшін «қатқан тілмен» жазып беретін баспасөз хабарламасын баспайтынын мәлімдеді. Бұл да жақсы бастама. Газет тілшісі барып, оқиғаны өз көзімен көріп, сараптап, пайымдап, ойға түйгенін әдемілеп тұрып оқырманына ұсынса, қандай ғанибет! Әйтпесе радионы тыңдасаң да, телеарнаны қоссаң да, газетті ашсаң да, елімізде болған бір оқиғаны не бір жиналысты бәрі де бірдей мәтінмен беріп жатады. Апыр-ай, өзінше жазуға біреу тыйым салған ба дерсің! Осы «дерттен» арылмасақ, басылымның беделі көтерілмейді.
«Егемендегі» елеулі өзгерістерді айтып отырсақ та, еліміздің барлық бұқаралық ақпарат құралдарына да құрметпен қарайтынымызды жасырмаймыз. Оларды бірінен бірін артық деп бөліп-жармаймыз. Өйткені біз үшін қазақтың әрбір басылымы қымбат! Нарық заманының ауртпашылығымен арпалысып келе жатқан газет-журналдарымыз халықтың рухани байлығын арттыратын қазынамыз ғой. Газет – жақсылықтың жаршысы. Қашанда елдік, халықтық мәселелерді көтеріп, оларға биліктің назар аударуына ықпал ететін құрал екені анық. Журналистер өздері үй-күйсіз жүрсе де, өзгелердің өткір мәселесін алға тартудан тайынған емес. Сондықтан басылымның еңбегін, қалам иесінің қадірін бағалай білгеніміз жөн.
Міне, ел газеті оқырмандарын осылай қуантып отыр. Мұны 25 жылдығын атап өткен тәуелсіз еліміздің келесі кезеңге аяқ басқан тұсындағы бір серпіліс деп білеміз.
Айбатыр Сейтақ,
ақын, Қазақстан Жазушылар және
Журналистер одағының мүшесі