«Егемен Қазақстан» РГ» АҚ төрағасы Дархан Қыдырәлі газеттің Алматыдағы тілшілер қосынында болып, басылымда 1975 жылдан бері табан аудармай қызмет істеп келе жатқан «Қазақстан Республикасы Ақпарат ісінің үздігі», Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері Гүлзейнеп Сәдірқызының (Әбдірахманова) заңды еңбек демалысына шығуына байланысты «Мақтау грамотасын» тапсырып, иығына камзол жапты. Қаламы қарымды журналистің орасан еңбек тәжірибесі жаңа буынға үлгі екенін, болашақта да Алматы қосынындағы әріптестерімен шығармашылық байланыстың үзілмейтінін айтты.
Ардагер журналистің Талғат Сүйінбай, Сапарбай Парманқұлов, Айнаш Есали сияқты әріптестері Гүлзейнеп Сәдірқызының өзіне тән жазу ерекшелігі мен шеберлік ой-орам тәмсілдері, жалпы адами-азаматтық қасиеттері туралы жылы-жылы пікірлерін ортаға салды.
Басылым басшылығына, үзеңгілес әріптестеріне ақжарма көңілден алғысын жаудырған қаламгер, ана, қайраткер Гүлзейнеп Сәдірқызы 100 жылға жуық ғұмыры бар бас газеттің соңғы кезеңде түбегейлі өзгерген болмысы мен пішімін басылымның құрамында жүріп 42 жыл маңдай терін төккен жанашыр-журналист ретінде өте жылы қабылдағанын айтты. Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы, ел газеті «Егемен Қазақстанның» шығармашылық жолда ежелгі тарихи дәстүрге сай әрдайым да алғы шепте жүретініне сеніммен қарайтынын жүрек толқынысымен жеткізді.