Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасындағы кезектен тыс президенттік сайлауды байқау жөніндегі ЕҚЫҰ-ның қысқа мерзімді байқаушылары миссиясының арнайы үйлестірушісі, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы байқаушылар делегациясының басшысы Тонино Пицуланы қабылдады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
ЕҚЫҰ ПА байқаушылар делегациясын қабылдай отырып, Төраға халықаралық қоғамдастық тарапынан президенттік сайлауға ерекше ықылас байқалып отырғанын атап өтті. Сайлау мониторингіне тек ЕҚЫҰ ПА тарапынан 80-нен астам байқаушылар қатысады.
Оқиғаның Қазақстан тарихындағы маңыздылығын атап өте келіп, Қ.Тоқаев: «Бұл сайлау науқаны ашық әрі толерантты жағдайда өтеді және халықаралық негізгі ережелер мен қағидаларға сәйкес келеді», деп мәлімдеді.
«Президенттікке төрт үміткердің бәрі өздерінің сайлауалды науқанын шынайы көрсетіп жатқан бұқаралық ақпарат құралдарына бірдей қол жеткізе алды», – деді Төраға және ол «қазақстандық билік сайлау кезеңі мөлдір және ашық өту үшін барлық мүмкіндікті жасауға күш салуда», деп атап өтті. Қ.Тоқаев алдағы президенттік сайлау ашық және әділ өтетініне сенім білдірді.
Т.Пицула миссия президенттік сайлау мониторингін жүргізудегі жауапкершілігін толық ұғынатынын және қазіргі кезде жұмысқа кіріскенін атап өтті.