Сирия делегациясының басшысы, Сирияның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Башар Джафари Астанада өткен сириялық реттеу жөніндегі халықаралық кездесудің қорытындысына орай БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Астанадағы екі күндік кездесуде біз күні-түні нәтижелі жұмыс істедік. Бұл келіссөздер барысында біз өз мақсатымызға қол жеткізуге, яғни соғысты тоқтатуды бекітіп, дағдарысты саяси жолмен шешуге тырыстық», – деді ол.
Джафари нәтижелі жұмыс істеуге жан-жақты мүмкіншілік жасаған Қазақстанға ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, Астана процесінің жұмысын ұйымдастырудағы еліміздің барлық күш-жігерін жоғары бағалады.