Дәркембай ағаны білмейтін қазақ кемде-кем шығар, сірә... Қолөнер шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәркембай Шоқпарұлы қазақтың ұлттық қолөнері бұйым-заттарын қайта жаңғыртып, осы заманға орай сәнді етіп жасауда көп ізденіп, көп еңбек сіңірді. Әрине, балғасымен шойын төсті шыңылдата соғып, көрігін басып, темірден түйін түйген шеберлер көп-ақ қой. Бәлкім, Дәркембай ағаның ұлтқа, ұлттық өнерге деген ерекше ықыласы, жанашырлығы, ілтипаты шығар, әйтеуір, солардың ішінде Шоқпарұлының шоқтығы биік болды. Өз алдына бір төбе болып, дараланып тұратын.
Міне, енді өмірден өзі өтіп кетсе де, атақты шебердің атадан балаға мұра болып келе жатқан қара балғасы мен жалпақ төсін тот басқан жоқ. «Ат тұяғын тай басар...» деген, бүгінде Дәулет Дәркембайұлы ата кәсіпті жалғастырып, әке есімімен аталатын қолөнер музейінің түтінін түтетіп отыр. Бұл музей Алматы облысындағы Ақши ауылында орналасқан.
– Негізі бұл өнер жеті атамыздан бері жалғасып келеді,– дейді бізбен әңгімесінде Дәулет Дәркембайұлы. 1996 жылы әкем туған ауылы Ақшидан есік-тесігі үңірейіп тұрған үйді сатып алып, алдымен бір бөлмесін жөндеп, сонда тұрдық. Жыл өткен сайын қалған бөлмелерді де ретке келтірдік. Осы шеберханада көптеген ұлттық бұйымдар жасалды. Тағы біразы ауыл-аймақтардан жиналды. Бірақ, 2006 жылы әкем қайтыс болып, қатты есеңгіреп қалдық. Дегенмен де, тірі адам тіршілігін жасайды екен, әкеміздің ісін жалғастырып, жандандырудың түрлі жолдарын қарастыра бастадық. Бала кезімнен әкемнің қасында жүріп, қолөнердің қыр-сырына әбден қанығып өстім ғой. Сөйтіп, 2010 жылы шеберханадағы бұйымдардың барлығын мемлекет меншігіне өткізіп, музей құрылды. Нақты айтсам, 2 437 бұйым... Рас, алғашында осы шаңырақтың жұмысын игеріп кете алам ба деп жүрексінген кездер де болды. Бірақ облыстың сол кездегі басшысы Серік Үмбетов ағамыз көп қолдау көрсетті. Бұл музейдің бір ерекшелігі, қасында шеберханасы бар. Қазір Мәди, Ринат, Бекболат, Жанболат деген жігіттер осы ұстаханада түрлі ұлттық бұйымдар жасайды. Тіпті, шеберлік сыныбын өткізу үшін шет елдерге де шығып келдік. Енді, міне, қысқы Универсиада ойындарына да ұлттық бұйымдардың түр-түрін жасап, көрмеге қойғалы отырмыз. Оның ар жағында ЭКСПО-2017 көрмесі де жақындап келеді. Оған да шақырту алғанбыз. Әрине, «Алыс ауылда тұрған музейге кім келеді, көп ұзамай-ақ есігі жабылады» деген де әңгімелерді талай естігенбіз. Бірақ Аллаға шүкіршілік, көп жылғы тынымсыз еңбек өз жемісін берді. Бізге келушілердің де, тапсырыс берушілердің де қарасы көп. Дәркембайдың кіндігінен тараған төрт ұл бармыз. Әкеміз көзі тірісінде балалар үйінен тағы екі орыс баланы асырап алған болатын. Сол Леонид пен Андрей де осы қолөнермен шұғылданып жүр.
«Әке көрген оқ жонар...» деген, енді Дәулеттің үлкен екі ұлы да ата кәсіпті жалғастыруға ниет етіпті. «Болашақ мамандық таңдау мәселесінде біздің ықпалымыздан шыға алмай қалып жүрмеңдер. Бұл жолды өз еріктеріңмен таңдап отырсыңдар ма?» деп, екі баладан арнайы сұрадым» дейді Дәулет. Екеуі де «Жоқ, атамыздың жолымен жүреміз, кәсібін жалғастырамыз» деп жауап беріпті. Қазір Әнуар мен Рүстем Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының қолөнер үйрететін сыныптарында білім алып жүр. Ата кәсіпті жалғастырып, ұлт өнерін аялап жүрген ұлдарға Алла тағалам қуат берсін. Осынау құт қонған қара шаңырақтың болашақ иелері, енді солар ғой.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»