Алдымыздағы 3 сәуір күні өтетін президенттік сайлауға қазақстандықтардың бәрінің бірдей қатысып дауыс беруінің маңыздылығы мен қажеттілігі неде? Әрине, бұл сауалға әркім өз ой-өрісі пен парасат-пайымы тұрғысынан жауап қайтарары кәміл. Менің ойымша, қандай сайлау болса да, оған белсенді түрде қатысып дауыс беру – әр қазақстандықтың азаматтық парызы. Қоғамның әр мүшесі сайлау үдерістеріне қатысудың маңыздылығын осы тұрғыдан түсінсе, сөз жоқ, біз өркениет биігіне біртабан жақындай аламыз.
Бұл жолы біз республика президентін сайлағалы отырмыз. Әлгінде айтып өткенімдей, азаматтық белсенділіктің шоғын үрлейтін кезең бұл. Тағдырдың жазуы шығар, бүгінде Қазақстанда әр түрлі ұлттар мен конфессиялардың өкілдері тұрады. Олардың жас мөлшерлері де әр түрлі. Соған қарамастан, олардың бәрінің басын біріктіріп, бір арнаға тоғыстыратын бір ғана басты фактор бар екені белгілі. Ол – біздің егемен елімізге, ортақ үйіміз – Қазақстан Республикасына деген махаббат пен сүйіспеншілік деп түсінемін.
Біз, қазақстандықтар алдағы бес жылда қалай өмір сүріп, бұған қажетті материалдық игіліктерді қалай жасай аламыз? Міне, осындай ой мен шаруақорлық шеңберіне сай іске асатын қадамдар желісі де отандастарымызды біріктіруге тиіс. Біріктіре алатыны да басы ашық ақиқат. Мұндай өмірлік маңызы бар мәселелердің басты шешімі президенттік сайлауға, оған республика азаматтарының тегіс қатысуына байланысты екені де талас туғызбайды. Бүгінгі күні елімізде тәуелсіздік пен ұлттық мемлекеттілікті нығайту жолында да ұлан-ғайыр істер атқарылып келеді. Осы аса жауапты саяси-тарихи миссия аяғына дейін толық жетуі үшін де президенттік сайлауға қатысып дауыс беруіміздің қажеттілігі айрықша.
Кеше Орал қаласы әкімдігінде үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен өткізілген кездесуде де мен осы ойларымды көпшілікпен бөліскен едім. Күніне қырық құбылатын көктемгі ауа райы тұрғындардың сайлау учаскелеріне келуіне кедергі келтірмеуі керек. Бұл тұрғыда жергілікті атқарушы органдар тарапынан облыста және қалада барлық шаралар белгіленгені кездесу кезінде айтылды да. Ендігі мәселе тек тұрғындардың өздеріне байланысты. Президенттік сайлауға неғұрлым көбірек қатысып, дауыс беру арқылы біз өзіміздің таяудағы келешегімізді айқындай алатынымызды естен шығармайық дегім келеді барлық отандастарыма.
Айгүл ТУРКИНА, Батыс Қазақстан облысындағы Азаматтық альянстың жетекшісі.
Орал.