• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
25 Қаңтар, 2017

Бірлескен жұмысты жетілдіре түсу қажет

359 рет
көрсетілді

Кеше Үкімет отырысында мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың ара­сын­дағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары және көмір өнеркәсібін дамыту мәселелері қаралды.

Бірлескен іс берекелі

Мемлекет және үкіметтік емес ұйым­дардың өзара іс-қи­мылының негізгі бағыт­тары туралы Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермек­баев баяндады. Министр қазақ­стандық бизнес мемлекет және үкі­мет­тік емес ұйымдармен белсен­дірек жұмыс істеуі керек­тігін атап өтті. Мемлекеттік орган­дардың үкіметтік емес ұйымдар­мен өзара іс-қимыл орнатуын жал­ғастыратынын, алайда серік­тестік пен бизнеске белсен­дірек тарту талап етіле­тінін жеткізді. Осы орайда тиімді үш­жақты серіктестік жүйесін ор­нату қажеттігін  алға тартты. «Бүгінде елімізде осындай өзара іс-қимылға арналған жа­ңа алаң бар – бұл Азаматтық бастамаларға қолдау көр­сету орталығы. Орталық қызметі аясын­да бизнес үкіметтік емес ұйымға түрлі грант­тар бере алар еді, соған байланысты ар­найы орындарда бизнестің үкіметтік емес ұйыммен әлеуметтік серіктес­тікке қатысуына мониторинг жүйесін ұйым­дастыру өте маңызды», деді Н.Ермекбаев. Н.Ермекбаевтың мәлі­ме­тін­ше, министрлік азаматтық сектор мәселелері жөніндегі қолда­ныстағы нормативтік базаны тексерумен айналысуда. Анықталған кемшіліктерді ескере отырып, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс нәтижелерін қалыптастыру, бақылау және бағалаудың, үкіметтік емес ұйым қызметтерін стандарттаудың нақты құқықтық тетіктерін әзірлеу жоспарлануда.  Сондай-ақ, үкіметтік емес ұйыммен бірге грант беру ережелеріне өзгерістер әзірленіп жатыр. Орталық мемлекеттік органдарды тақырыптық жағынан және қаржыландыру көлемін қалыптастыруға тарту, ал жергілікті атқарушы органдарға өңірлік үкіметтік емес ұйым үшін гранттық қаржыландыру құқығын бөліп беру ұсынылуда. Қазақстанда соңғы жылдары халыққа арнайы қызмет көрсету үшін мемлекет тартқан үкіметтік емес ұйымдардың саны ұлғайған. Бұл жөнінде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова айтты. «Қазақстанда арнайы әлеуметтік қызметтер 2009 жылдан бастап енгізілді. Осы сектордағы үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекет ынтымақтастығына 7 жылдам астам уақыт болды және ол өмірінде қиын жағ­дай­ға тап болған азаматтарға тең жағдай жасауға бағытталған», деді министр.  

Ұсыныстар ескеріледі

Ал Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өз кезегінде елімізде азаматтардың мемлекеттік органдар жұмысы туралы ақпарат алудағы қолжетімділігін арттыру үшін жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын баяндады. Д.Абаев азаматтық қоғамның мемлекеттік шешімдер қабылдау үрдісіне сындарлы қатысуының маңызды шарттарының бірі олар­дың мемлекеттік органдардың қызметі туралы ақпараттылығы болып табылатынын атап өтті. Осыған байланысты өткен жылы қабылданған «Ақпараттың қолже­тімділігі туралы» Заңның толық­қанды жүзеге асуын қамта­масыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жиында сонымен қатар отандық үкіметтік емес сектор өкілдері  –  «Қазақстанның азамат­тық альянсы» қауымдастығы президенті Н.Ерімбетов, «Ка­ме­да» қорының атқарушы директоры М.Еспенова және АРГО «Азаматтық қо­ғамды дамыту» қауымдастығының атқа­рушы директоры Д.Асанова сөз сөйледі. Тақырыпты талқылау қоры­тын­дысында Премьер-Министр Дін істері және азаматтық қоғам министріне үкіметтік емес ұйым өкілдерінің бірлескен жұмысты әрі қарай жүргізуге байланысты ұсыныстарын ескеру туралы тапсырма берді.  

Көмір өндіру көлемі  неге қысқарды?

Үкімет отырысында қаралған екінші мәселе – Қазақстанның көмір химиясы саласының жай-күйі. Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2016 жылы 98 млн тонна көмір өндірілген, бұл жоспардың 96 пайызы. Өткен жылы ішкі нарыққа 71,8 млн тонна жеткізілсе, экспортқа 26,2 млн тонна шығарылды.  Ал, 2017 жылға 100 млн тонна  көмір өндіру көзделуде. Көмір өндіру көлемінің қысқару себептерін Энергетика министрі Қанат Бозымбаев түсіндірді.  «Біріншісі, Ресей Федерациясы үкіметінің 2014 жылғы 21 маусымдағы бұйрығына қатысты, яғни Ресей 2030 жылға дейін көмір өнеркәсібін дамыту бағдарламасын қабылдады. Онда Ресейдің электр стансаларында Екібастұз көмірінің орнына Кузнецк көмірін тұтыну қарастырылған. Сонымен қатар, ресейлік жылу электр орталықтарының бір бөлігі табиғи газды жағуға ауыстырылды», деді министр. Мұнымен қоса, Қазақстандағы және Ресейдегі энергия өндіретін кәсіпорындардың көмірді тұтыну деңгейі төмендеген екен. Сондай-ақ өзендердегі су деңгейінің жоғары болуы да ықпал етуде. Осы орайда, су электр стансаларында энергия 25 пайызға артты. Атап айтқанда, Қазақстандағы секілді көмір өндіру көлемінің қысқару үрдісі өзге елдерде де байқалуда. Бұған «жасыл» экономикаға көшу бойынша әлемдік үдеріс әсер етуде.  

Ресей болмаса,  Қытай бар...

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин өз кезегінде Ресей Федерациясының қазақстандық көмірді сатып алу көлемін азайтатындығын, дегенмен, Екібастұз көмірін көрші Қытай еліне сатуға бола­тын­дығын жеткізді. «Әрине, бізге осы салада болып жатқан өзге­рістерді ескеріп отыру қажет. Мәселен, көрші Ресей 2030 жылға дейін көмір өндірісін 400 млн тоннадан 500 млн-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Оған қоса, Екібастұз көмірін өз көмірімен алмастыра­мыз деп жатыр. Осының бәрі қазақ­стандық шикізаттың экспор­тын қысқартуы әбден мүмкін. Сондықтан бізге жаңа нарық­тарды іздеу керек. Көліктік-ло­гистика жағын да алдын ала ойластырып қойған жөн. Осы орайда, Қытайдың көмір импортын 200 млн тоннаға дейін арттырып отырғанын атап өту керек. Осыны зерделеп, шекараға жақын аймақтардан көмір жеткізу мәселесін қарастыруға болады», деді А.Мамин. Көмір мәселесі жөнінде сондай-ақ, Павлодар облысының әкімі Б.Бақауов, Қарағанды облысының әкімі Н.Әбдібеков, Республикалық тау-кен өндіру және тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығының директоры Н.Радос­товец, «ҚазТрансГаз» АҚ бас директоры Р.Сүлейменов, Көмір химиясы және технологиялары институтының директоры Б.Ермағамбетов қосымша баяндады. Премьер-Министр А.Ма­мин­ге аталған мәселелерді шешу бойынша ұсыныстар әзір­леп, бұл жұмысты жалпы үйлес­тіруді жүзеге асыруды тапсырды. Сондай-ақ, Б.Сағынтаев кө­мір өндірілетін орындарда эко­логиялық қауіпсіздікті қамта­ма­сыз ету мәселесіне  баса назар аудару қажеттігін атап өтті. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»