• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
25 Қаңтар, 2017

Тараптардың кикілжіңді тоқтатуға ұмтылысы бар

404 рет
көрсетілді

Елімізде Сирия мәселесіне арналған Астана процесі болып өтті. Әлем назарын өзіне аударған бұл келіссөздер тұрғысында мамандардың пікірлері өзіндік мәнге ие. Осы орайда, біз конфликтолог, саясаттану мамандығы бойынша философия докторы (PhD) Мұхтар СЕҢГІРБАЙДЫ әңгімеге тартқан едік.  – Астана процесі халық­ара­лық ұйымдар мен әлем­дік саясат сахнасында қан­ша­лықты маңызға ие немесе бейбітшілікті барынша насихаттайтын Қазақстанның мұндай қадамын әлем қалай қабылдап, қалай бағалайды деп ойлайсыз? – Біріншіден, Қазақстан Сирия мәселесінде мүдделі тарапқа жатпайтындықтан, Астананың келіссөздерге қатысушы топтардың басын қосатын ыңғайлы орын болғаны анық. Осы кикілжіңді басуға атсалысып жүрген елдердің көбі өз ішкі мүдделері үшін Сириядағы бір тарапты ғана қолдап, бейтараптығын жоғалтып алған. Екіншіден, Қазақстанның бұл кикілжіңге араласып жатқан тараптардың барлығымен достық қарым-қатынаста екенін ескеру керек. Ресей және Түркиямен арадағы жақындығын былай қойғанда, Қазақстан іргелес Иранмен де экономикалық ынтымақтастықты арттырып келе жатқаны белгілі. Сондықтан, геосаяси баланс тұрғысынан Астананың ең ыңғайлы орын екені рас. Оның үстіне, Сирия жанжалы 2011 жылдан бері ішкі де, аймақтық та емес, халықаралық жанжалға айналған. Оны әлем державаларының мүдделері қайшыласқан ел деп атауға да болады. Осындай жағдайда кикілжіңнің шешілуі сол державалардың арасындағы ымыраға байланысты болмақ. – Астанада аяқталған Сирия мә­се­­лесіне қатысты келіс­сөз­дердің нәти­жесін қалай бағалайсыз? – Мұндай созылып кеткен жанжал­дардың ең басты жетістігі – тараптарды бір үстел басына отырғызу. Мәселен, Қарабақ жанжалына байланысты тараптарды бір жерге жинау мен келіссөздің пішімін анықтаудың өзіне өте көп уақыт кеткен. Сонымен салыстырғанда, тараптардың көпшілігі қатысуға келісім берсе, демек, олардың арасында кикілжіңді тоқтатуға деген ұмтылыс бар. Сондықтан, Түркия мен Ресей арасындағы жылымықты пайдаланып, тараптардың соғыстан шаршағанын ескеріп, келіссөздің дәл осы уақытта өткізілуін – өте сәтті қадам, деп бағалаған жөн. Бірақ, бұл келіссөз соғысты тоқтатады деу аңғалдық болар еді. Мұны бейбітшілікке жасалған алғашқы қадам десек дұрыс. Алдыңғы келіссөзбен салыстырғанда, бұл жолы шетте жүрген оппозиция өкілдері емес, ұрысушы топтардың басшылары қатысты. Демек, ілгерілеу бар. Дегенмен, Сириядағы жағдайды тұрақсыздандырып тұрған ең басты күштер – ИЛИМ-мен (ДАИШ), «Әл-Кайдамен» қатысы бар топтардың, күрдтердің «Сирия демократиялық кеңесі» ұйымының, аса ықпалды «Ахрар әл-Шам» тобының бұл келіссөзден тыс қалғанын да ескеруіміз керек. Яғни, біраз жылдан бері өз білгенімен емін-еркін өмір сүріп, заңсыздыққа үйреніп қалған топтар бұл статус-квоны өзгертуге онша асыға қоймайды. Оның үстіне, елдегі әлеуметтік ахуал мен саяси жүйе мәселесі бір-екі жылда реттеле қоймайтыны анық. Бұл да тұрақ­сыздандырушы фактор болып қалмақ және заңсыз жасақтардың көбеюі­не жол аша бермек. Мәселенің көбі көп­жақ­­ты келіссөздер біткеннен кейін бас­тала­ты­нын кезінде Ауғанстан мен Ирак мысалы дәлелдеді емес пе? – Ұсынған келіссөз алаңы­мыз еліміз үшін қаншалықты тиімді? – Нәтижесі болса да, болмаса да, Астананың, Қазақстанның аты әлемнің бұқаралық ақпарат құралдарында жақсы жағынан аталып, елдің танымалдығын, бейбітшілікке ұмтылған саясатын насихаттап жатыр. Көп бұқаралық ақпа­рат құралдарының басты жаңалығы – Ас­танадағы бейбіт келіссөздер болды. Бұған Қазақ­стан­ның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі міндетін атқарып жатқанын қоссақ, енді елі­мізді халықаралық қоғамдастық өрке­ниетті, бітімгер мемлекет ретінде тани түседі. Бұл тек имидж үшін ғана емес, жалпы халықаралық аренадағы ықпалымызды арттырып, инвестиция тартуға, туристерді көбейтуге оң әсер етеді. Әңгімелескен Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»