• RUB:
    5.52
  • USD:
    475.62
  • EUR:
    519.23
Басты сайтқа өту
01 Сәуір, 2011

Саяси жаңару жолында

448 рет
көрсетілді

Астанадағы Журналистер үйінде президенттіктен үміткер Жамбыл Ахметбековтің сайлауалды науқанының алдын-ала қорытындылары шығарылды. Журналистермен басқосуға Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясы атынан сайланған кандидат Ж.Ахметбеков, президенттіктен үміткер­дің сенім білдірілген адамдары Владислав Косарев, Борис Сорокин, Гауһар Нұғманова және басқалар қатысты. Басқосу аясында кандидат өзінің сай­лау­шы­лармен кездесулері қоры­тындысы жөнінде мә­лім­деп, бүгінгі таңдағы еліміздегі саяси ахуал жө­ніндегі ой-пай­ымымен бөлісті. Сайлауалды нау­қаны аяқталып келеді. Оны өткізу кезінде өзім­нің сенімді өкілдеріммен бірге Қазақ­стан­ның өңір­лерінің түкпір-түк­пір­леріне барып, еліміздің облыс­та­ры мен қалаларын, аудандарын, елді мекендерін мүмкін­дігінше аралап шықтық. Мыңдаған ша­қы­рым жолдар жүріліп, жүз­де­­ген адаммен кездесулер өт­кізілді. Ал бізге бұл кездесулерден айқын болған басты нәрсе – қарапайым халықтың мүддесі үшін шегінбей, әрдайым ал­дың­ғы шептен көрініңдер деген сай­лаушылардың өтініштері болды. Дағдарыс толқыны халықты кедейлікке әкеліп, оларды бола­шақ­қа деген сенімінен айырды. Қарттар күнін санауда, жастар бағыт-бағдарсыз қалып, адамдар жоқшылықтың тауқыметін көру­де. Мен барған жерлердің барлы­ғынан «бұдан былай осылай өмір сүруге болмайды» деген бір ғана нәрсені естідім. Мемлекеттің өзінің әлеуметтік міндеттерінен қашқақтауы ұзаққа созылмауы керек. Сайлау науқанында өзі­міз­ге белгілі болған басты қоры­тынды: қазақстандық сая­саттың күрт өзге­ріс­тен тыс қала ал­мауы. Адамдар өз­де­рінің тағ­ды­рын жасауға мем­ле­кет­тің ара­лас­қанын талап етуде. Олар әлеу­меттік жауап­ты мемлекетке және әлеуметтік эко­номи­каға ба­ғыттал­ған ашық қоғамға ша­қы­рады», – деді кандидат. Бұдан кейінгі кезекте президенттіктен үміткер сайлаудың электорал­ды нәтижесі қандай болса да ол ең алдымен, жоғал­ған қоғамдық мұрат­тар­ды қайта жаңғыртуға бағытталуы қажет деген ойын жеткізді. «Реформалар бағыттарының басымдық­тарын қайта қарастыратын кез жетті. Эконо­микалық бағыт­тар­дың 20 жылғы абсолюттенуі көр­сетіп отырғандай, терең эко­номикалық жаңғырулар да өзді­гінен жеке-дара жаңа саяси инс­ти­туттарды қалыптастыра ал­май­ды. Бізге жаңарған мемлекеттік идеология қажет. Және саяси реформалардың үйлесім­ді­лігі керек», – деді бұл турасында үміткер. Оның пікірінше, халықшыл коммунистердің бағдарламасы адамдар көңіліне «тағдыры­мыз­ды өзгерте аламыз» деген сенімдерін оятқан. «Ең бастысы – осы. Біздің халқымыздың үмітін ал­дауымызға құқымыз жоқ», – деді Ж.Ахметбеков. Басқосу кезінде ол сондай-ақ әлі де белсенді жұмыс істеп, ҚКХП алдағы парламенттік сайлауға күшті, жұ­мыл­ған, шын мәніндегі халық­тық партия ретінде келуі қажет деген ойымен бөлісті. Бұл күнгі кездесуде сөз алған Қазақстан Коммунистік халық­тық партиясы Орталық коми­те­тінің хат­шы­сы Владислав Косарев БАҚ өкіл­дерін көктемгі партия  шақырылымы мен сайлау нау­қа­ны­на және сайлауалды үгіт-на­си­хат шараларының соң­ғы кү­ніне орай­ластырылған жал­пы­ұлттық сен­білік акциясы жөнінде айтып өтті. «Біздің өзіміздің атқарған жұ­­мыстарымызға көңіліміз то­лады. Сондай-ақ, біз ел тұр­ғын­дары Коммунистік халықтық партия ұсынған тұжырымдама­лар­ға сене ме деген ойымызды тексеріп көрдік. Бұл жерде айт­пағымыз: иә, сенеді екен. Себебі, біздің көтерген бастамаларымыз бен ұсынған бағдарламаларымыз көп жерде қолдау тауып келеді», – деді партия хатшысы. Сондай-ақ, ол өз сөзінде сая­си мо­дер­низацияның арнайы пішіні әзір­ленуі қажет деген ойын жеткізді. Бұл пішінде саяси билік инс­ти­туты көрініс тауып, сол негізде халық пікірі ескерілуі керек екен. В.Косарев елдегі сайлау жүйе­сіне мемлекеттік басқару құрылымы ретінде қарамау керек, ол барлық заң нормаларына сай келетін қоғамдық күш ретінде қалыптасуы қажет. Сол үшін ел ішінде саяси жаңару үдерісі жүруі керек деген пікірін де жеткізді. «Бұл бүгінгі билікке қойылар басты талап», – деді ол. Бұл күнгі кездесуде оған қаты­сушыларға «Қазақстан Президентіне жолдау» тақырыбы аясын­да екі бейнефильм көрсетілді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ. Астана.